Эдди Нкетианың соңғы минуттағы голы “Кристал Пэласты” жеңіске жеткізіп, “Ливерпульдің” жеңісті сериясын үзді

27.09.2025, 22:25

Ағылшын Премьер лигасында күтпеген сенсация орын алды. "Ливерпуль" маусымдағы мінсіз сериясы "Селхерст Паркта" аяқталды. "Кристал Пэлас" соңғы сәтте соққан голдың арқасында 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Эдди Нкетианың соңғы минуттағы голы “Кристал Пэласты” жеңіске жеткізіп, “Ливерпульдің” жеңісті сериясын үзді

Ойынның басы қонақтар үшін сәтсіз өтті. 10-минутта Тайрик Митчелл мен Йереми Пино бастаған сол қапталдағы жылдам шабуыл бұрыштамамен аяқталып, Дайти Камада көтерген доптан кейін Райан Гравенберх өз қақпасы маңында қателесіп, допты Исмайла Саррға сыйлап қойды. Сарр мүлт кетпей гол соғып, есеп ашылды.

"Ливерпуль” бірден жауап қайтаруға тырысты. Алайда алғашқы таймда Аллисон Бекер қақпаны бірнеше мәрте құтқарып, есепті ұстап тұрды. Матета, Муньос, Пино секілді ойыншылар қауіпті сәттер ұйымдастырып, “Қызылдардың" қорғанысын қыспаққа алды. Тіпті бірінші тайм соңында Матета бағанды қаққанына қарамастан, есеп өзгермеді.

Екінші таймда да "Пэлас” белсенді ойнады, бірақ Аллисон тағы да бірнеше мәрте қақпасын аман алып қалды. Қонақтар да мүмкіндіктерін жіберіп алды. 60-минутта Флориан Виртц гол соғуға тиіс еді, бірақ оның соққысын Дин Хендерсон қайтарды. Александр Исак та гол соға алмай, допты қақпадан мүлт жіберді.

Ойынның соңғы минуттарына қарай драма шегіне жетті. 87-минутта Федерико Кьеза есепті теңестіріп, "Ливерпульге” бір ұпай алып бергендей болды. VAR бұл голды растады. Алайда соңғы нүктені Эдди Нкетиа қойды. Қосымша уақытта ол алыс шетте бос қалған допты қақпаға тоғытып, жеңіс голын соқты. Тағы да VAR қаралғанымен, гол күшінде қалды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×