"Манчестер Юнайтедтің" уругвайлық шабуылшысы Эдинсон Кавани Instagram-да жариялаған посты үшін жазалануы мүмкін, деп хабарлайды Daily Mail.
Англия Премьер-лигасының 10-туры матчында "Сент-Мэри" стадионында "Саутгемптон" мен "Манчестер Юнайтед" кездесті. Матч 3:2 есебімен "қызыл сойқандардың" пайдасына аяқталды.
"Саутгемптонға" қарсы матчта Кавани екі гол соғып, бір голдық пас берді. Бұл жеңістен кейін Кавани оқырмандарының бірінің құттықтауына жауап бере отырып, "Gracias negrito" ("Рахмет қара адам") деп жазды. Үш сағаттан кейін Кавани жазбаны өшірді. Алайда, Англия футбол қауымдастығы бұл жағдайдан хабардар және оқиғаның мән-жайын анықтауда. Ережеге сәйкес, әлеуметтік медиадағы кез-келген кемсітушілік мінез-құлық ойыншыны кем дегенде үш ойынға шеттетеді.
10 турдан кейін Оле Гуннар Сульшердің шәкірттері 16 ұпай жинап, Англия Премьер-лигасының турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. "Саутгемптон" (17 ұпай) - 5 орында қала берді.
Біздің серіктес: FONBET