"Атыраy" қорғаушысы Егор Хвалько командадағы соңғы өзгерістер, маусым алдындағы дайындық және бас бапкер Виталий Жуковскийдің күтпеген жерден қызметінен кетуі туралы ашық айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
На Мяжы телеграм арнасына берген сұхбатында Егордың айтуынша, оны клубқа Виталий Жуковскийдің өзі шақырған. Келіссөздер ұзаққа созылмаған: бапкер хабарласып, екі күн ойлануға уақыт берген. Осыдан кейін тараптар ортақ мәмілеге келген.
Биылғы оқу-жаттығу жиындары Түркияның сапалы алаңдарында өткен. Команда көптеген жолдастық кездесулер өткізіп, физикалық тұрғыдан жақсы дайындалған. Алайда, футболшы басқа клубтармен салыстырғанда "Атыраудың” маусымға дайындықты кеш бастағанын да жасырмады.
Егордың әңгіме барысындағы ең өзекті мәселе — бас бапкер мен бүкіл жаттықтырушылар штабының кетуі болды. Бұл оқиға маусым басталар алдында команда үшін үлкен соққы болған екен.
"Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені мен бұл командаға нақты бапкер (Жуковский) үшін келген едім. Бірақ біз кәсіпқоймыз, жұмысымызды жалғастыруымыз керек." — дейді Хвалько.
Қазіргі уақытта "Атырау” футболшылары Түркістанда жаттығу жасап жатыр. Қызығы сол, команданы жаттықтырушылар емес, дәрігер мен әкімші жаттықтырып жүрген көрінеді. Клуб басшылығымен әлі ресми кездесу өтпегендіктен, маусымға қойылған нақты мақсаттар да әзірге белгісіз.
Егор Хвалько үшін бұл Қазақстандағы екінші маусым. Ол еліміздегі өмір сүру деңгейіне де, футбол атмосферасына да көңілі толатынын жеткізді.
"Егер маған бұл жер ұнамаса, екінші мәрте оралмас едім.” — деп қысқа қайырды қорғаушы.
Беларусь құрамасының ойыншысы бұған дейін “Тобыл” сапында өнер көрсеткен болатын.