“Ордабасыға” қарсы ішкі чемпионат кездесуінде ойыны жүрмеген Егор Хаткевичті матч соңында сынаушы азаматтардың легі әлі бітер емес. Қақпашының “Атырау” үшін бұған дейін жасаған еңбегін еш қылғандар беларустың клубтан кетуін талап етуде.
Футболдағы қақпашылардың арқасына артылар жүк көп. Жақсы қақпашы команданың жартысы дегендей, бұл позицияда ойнаушы спортшылардың қателікке бой алдырып алуы көп жағдайда кешірімсіз қалып жатады. Жүрегіміз, 12 мүшеміз бар пенде ретінде барлығымыз сүрінеміз. Көпке топырақ шашпаймыз бірақ футболдағы кей фанаттар нәтижені қатаң талап ету жолында команданың аяқдопшыларының шекарасына шығып кететіндері бар. Мәселен, чемпионаттың 20-туры аясында өткен “Ордабасы” - “Атырау” кездесуінен кейін, қақпашы Егор Хаткевичтің терісін тірідей сыпырғандарды көріп, беларусты аярдай жағдайда болдым. Тас жаратын тілдеріне еге болмағандар, ашу-ызаның үстінде қақпашыны балағаттап, шал деп жекесіне өтіп жатты. Алайда көбісі оның команда үшін қандай игі іс жасағанын бір сәтте ұмыта кетті. Мәселен, 29 қыркүйек күні “Атырау” Алматыда “Ақтөбемен” ел Кубогыне таласады. Ал оған дейінгі жолда клубтың қақпасын қорғаған шал Хаткевич болды. “Қайратқа” қарсы ойында тіпті Жоао Паулоның пенальтиін қайтарды. Осыдан кейін артық сөйлеудің керегі бар ма? Бұл аз десеңіз, Егор ішкі чемпионатта құрғақ ойындар өткізу көрсеткіші бойынша лигадағы ең үздік. 15 матчтың 7 гол жібермеген Хаткевич Вадим Ульянов пен Бекхан Шайзададай жас қақпашыларға үлгі көрсеткендей. Осы беларус пен қорғаушылардың арқасында “Атырау” ішкі чемпионатта ең аз гол жіберген ұжымдар арасында өз атын ерекшеледі (12 гол жіберілді). Ал чемпионаттағы ең көп гол жіберген команда ретінде “Шахтер” есептеліп отыр. 18 ойында Егор Цуприков өнер көрсететін кеншілер бас-аяғы 30 рет қақпа торынан допты алып шыққан екен. Хаткевичтің ойынын күнделікті жаттығуларда саралап жүрген бапкер Виталий Жуковскийде оның тәжірибесіне иек артып отыр. Әйтпесе, Егордан бөлек командада жас Владислав Саенко мен Нұрасыл Тоқтаров бар. Бірақ клубтың қорғанысы жақсы болып тұрған сәтте “Атырау” Хаткевичті сатып құтылсың ба. Белорусты статистикамен қоса, антропометриялық мәліметтермен мақтауын асырсақта болады. Егордың бойы 196 см. Бұл қақпашы үшін кәдімгідей басымдылық. 36 жастағы ойыншы бұрыштамадан көтерілген доптарға жақсы таласа алады. Және ең бастысы пенальтиді сәтте қайтарады. Өз заманында Хаткевич Беларус футболының аңызы Артем Милевскидің 11 метрлік айып добын қайтарып біраз елді шулатқан. Осының бәрін саралай келе, Егордың жәй қақпашы болмағанына көзіміз жетеді.
Біздің серіктес: FONBET