
Бұрынғы “Манчестер Юнайтед” академиясының түлегі Джо Томпсон 36 жасында қатерлі ісік салдарынан өмірден өтті.
Футболдан 2019 жылы зейнетке шыққан соң, 2023 жылдың сәуірінде оған үшінші рет қатерлі ісік диагнозы қойылған болатын. Бұл жолы ол 4-ші сатыдағы лимфомамен (қан ісігі түрі) ауырды, ісік өкпесіне дейін таралған еді.
Томпсон мансабында екі рет қатерлі ісікті жеңіп шыққан. Оның кәсіби жолы өзі түлеп ұшқан “Рочдейлде” басталып, сол жерде аяқталған. 9 жасында “Манчестер Юнайтед” академиясына қабылданып, кейін “Рочдейлге” ауысып, 13 жылдық мансабының көп бөлігін осы клубта өткізген.
Томпсон алғаш рет 2013 жылы Ходжкин лимфомасына шалдыққан. Ол ауруды жеңіп, 2014 жылы “Бери” клубына оралып, кейін “Рексхэм”, “Саутпорт”, “Карлайл Юнайтед” клубтарында ойнаған. 2016 жылы “Рочдейлге” қайта оралды, бірақ бірнеше айдан соң ісік қайта шықты. Ол бұл жолы да ауруды жеңіп, 9 айдан кейін алаңға қайта оралып, 2017/18 маусымының соңғы матчында шешуші гол соғып, “Рочдейлге” Лига 1-ге жолдама алып берді.
Ол 2019 жылы мансабын аяқтап, мотивациялық спикер ретінде жұмыс істей бастады. Соңғы сұхбатында:
“Мүмкіндік аз болса да, мен тағы да күресемін,” — деп айтқан еді.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET