“Қызылжарда” жүріп, қыруар ақша тұратын зәулім ғимараттарды өз атына тіркеген Григорий Лория сот алдында қалайша жауаптан жалтарды?
Қазірде “Қызылжар” ФК экс-қызметкерлеріне байланысты сот отырысы өтуде. Клубты қарызға кіргізді деген айыппен есепші Ольга Замелацкая тергелуде. Ақшаның ортасында отырған азаматша футболшыларға мөлшерден тыс жалақы мен сыйақы үлестірді деген күдікке ілінді.
Алайда фемида өкілдері бұл істің басты себепкерін назардан тыс қалдырды. Клубтың экс-президенті Григорий Лория басшылық кезінде қол жеткізген зәулім ғимараттарына қарамастан, сот алдына күдікті ретінде әлі күнге дейін шақыртыла қоймапты.
Футбол менеджерінің бір басында елорда жерінде 6 нысаны бар екен. Оның бірі Сарыарқа ауданында орналасқан аумағы 589 шаршы метрді құрайтын үлкен кеңсе. Одан тағысы, 175 шаршы метрді құрайтын бірнеше нысан Григорий атына жазылыпты. Олардың ортақ бағасы 260,5 млн теңгені құрап отыр.