Эквадор – табиғат берген сый. Дау-дамаймен келген құрама

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
10.11.2022, 03:59
Әлем чемпионатына жолдама алған ерекше командалардың бірі Эквадор жайлы не білесіз?
Эквадор – табиғат берген сый. Дау-дамаймен келген құрама

Эквадор құрамасы өзінің тарихында үшінші мәрте Әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл мемлекет ішінде кең көлемді аталып өтіп, зор тойланған мереке болды. Теңіз деңгейінен 2600 метр биіктікте орналасқан стадионда олар тек бір ғана қарсыластан жеңіліп қалды. Әйтпесе, өз алаңында Аргентина мен Уругвайды жеңіп, Бразилияның өзімен тең түсті. Міне, сол тау бөктеріндегі стадионда өзге команданың ойыншыларына ауа жетпей қалады. Өкпелері қысылып, бүйірі тартылады. Тыныстана алмай, жайсыз күй кешеді. Осы табиғи жағдайдың арқасында Эквадор құрамасы Оңтүстік Американың күллі командаларының ішінде 4 орын алып, мундиальға жолдама жеңді.

Алайда, қызықтың көкесі содан кейін пайда болды. Эквадор құрамасы жеребеге қатысып, Әлем чемпионатындағы қарсыластарын біліп болған соң ФИФАға арыз түсті. Чили және Перу футбол федерациялары Эквадор құрамасында 8 ойын өткізген қорғаушы Байрон Дэвиде Кастильо Сегура деген азамат Эквадор азаматы емес, Колумбия азаматы болып келетінін дәлелдеп шағым жазды. Оның негізгі құжаттағы аты-жөні Байрон Хавьер Сегура екен. Ол ұлттық құрамаға шақырту алып жүрген шақта оның төлқұжаты болмаған. Бірақ, ФИФА Эквадор құрамасын мундиальдан шеттетпеді. Себебі, күнтізбе жасалып қойған. Оның орнына өзге құраманы қосса барлығының шырқы бұзылуы ғажап емес. Иран елінде өтіп жатқан азаматтық соғыстың салдары да футболға әсер етуі ықтимал еді. Бастапқыда Эквадор мен Иран құрамасы 2022 жылғы жаһандық жарыстан тыс қалады делінген. Ал қазір доп додасының басталуына 1 ай қалғанда бұл екі команда сайыстан сырт қалады деу қиынның қиыны.

«Вильярреал» сапында еурокубок ойындарында көзге түскен Первис Эступениян еуропалық жанкүйерлерді өнерімен тәнті етіп жүргеніне біршама жыл. Ол Еуропа лигасының чемпионы. Осы жақында ғана Эквадор құрамасының қапталдағы қорғаушысын Англияда ойнайтын «Брайтон» клубы қомақты қаржыға сатып алды. Айтпақшы, осы «Брайтон» сапында Джереми Сармиенто деген жас ойыншы бар. Ол да Эквадор құрамасы сапында жарқылдап көзге түсуі мүмкін. «Байер» Леверкузен қорғаушысы Пьеро Хинкапи ұлттық құраманың қорғанысын бекітіп тұрған футболшы. Кезінде «Рубин» сапында ойнаған Кристиан Нобоа қазір «Сочи» клубының негізгі ойыншыларының бірі. Ол Эквадор құрамасында 77 ойын өткізген, тәжірибиелі футболшы. 22 жастағы Гонсало Плато деген жартылай қорғаушы «Спортинг» сапында ойқастап жүр. Португал клубы бұл ойыншыны жуырда қыруар қаржыға сатуға дайындап отыр. Шабуылшылардан 2000 жылы дүниеге келген Леонардо Кампана «Фамиликан» командасы сапында ойнап, Португалия біріншілігінде сәтті ойнап жүр. Ал белді шабуылшы Микель Эстрада қазір Мексика чемпионатаның мықты клубы «Крус Асулда» доп тебеді. Эквадор құрамасы деген кезде көзіқарақты жанкүйердің есіне бірден Эннер Валенсия түседі. Ол Эквадор құрамасы сапында ең көп (35) гол соққан футболшы. Қазір Түркия біріншілігінде, «Фенербахче» сапында ойнайды. 32 жастағы шабуылшы кезінде 2014 жылғы Әлем чемпионатына да барған. Онда ол топтық кезеңде Швейцария және Гондурас құрамаларының қақпасына 3 гол салды. Жалпы Эквадор құрамасы Бразилиядағы біріншілікте небәрі 3 гол ғана соққан еді.

Құраманың бас бапкері Густаво Альфаро Аргентина футболына еңбегі сіңген маман. Ол өз елінде көптеген мықты командаларды баптады. 2020 жылы Эквадор құрамасының тізгінін ұстап, жаңа командасымен мундиальға жолдама жеңді. Қорғанысты мығым ұстап, қарымта жылдам шабуылдарға иек артқанды ұнататын бапкер. Густаво Альфаро осы дүбірлі дода алдында 5 жолдастық кездесу өткізіп, бесеуінде де гол жіберген жоқ. Өздері де тек 2 мачта гол салды. Міне, осыған қарап Эквадор құрамасы жабық футболды насихаттайтынын анық аңғаруға болады.

Эквадор құрамасының басты мақсаты – топтан екінші орын болса да плэй-офф кезеңіне өту. Алғашқы матчта олар алаң иелері Қатар құрамасымен кездеседі. Екінші турда Эквадор құрамасы 25 қараша күні Нидерланд құрамасына қарсы ойнайды. Үшінші матчты Халифа қаласында Сенегал құрамасына қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×