Ел футболы есеңгіреп тұр

15.10.2011, 21:37
Ел футболы есеңгіреп тұр
Футболдан 2012 жылы Польша мен Украинада өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу сынының топтық турнирі осы аптаның бел ортасында өз мәресіне жетті. Төрткүл дүние, жанкүйерлер қызыққа толы бәсекелерді айыздары қанғанша тамашалады. Жарыс қорытындысында өз топтарында бірінші орын алған командалар қарт құрлықтың басты додасына қатысу мүмкіндігіне бірден ие болса, екінші тұғырға табан тіреген сегіз ұлттық құрама өзара күш сынасып, солардың арасынан жеңіске жеткен төртеуі дәл сондай құрметке бөленеді.
Әңгімеміздің «әлқиссасын» «А» тобындағы бәсекелерден бастағанымыз жөн болар. Өйткені бұл топта Қазақстан құрамасы күш сынасты. Өкінішке қарай еліміздің аяқ доп шеберлері әдеттегідей сенім үдесінен шыға алмады. Жасыл алаңға 10 мәрте шыққан жерлестеріміз сегіз рет ұтылып, бір рет қана жеңіске жетті. Тағы бір ойын тең аяқталды. Біздің жігіттердің Әзірбайжан құрамасына ғана әлі жетті. Үстіміздегі жылдың 3 маусым күні Астанада өткен ойында 2:1 есебімен Қап тауы өкілдеріне сан соқтырдық. Ал 11 қазанда Австрия құрамасымен тең түстік - 0:0. Қалған кездесулердің барлығында жеңіліс тапты. Германия, Түркия және Бельгияға екі реттен есе жібердік. Австрия мен Әзірбайжанға бір мәрте ұтылдық. Осы іріктеу турниріндегі кейбір матчтарды еске алсақ, күні бүгін де көңіліміз нілдей бұзылады. Неміс «машинасының» таптап өткені, түріктердің тас-талқанымызды шығарғаны жанкүйерлер жігерін құм етті. Сөйтіп, айтулы жарыс барысында небары төрт ұпайды қанағат тұтқан қазақстандықтар өз тобында ең соңғы орында қалып қойды. Қарсыластар қақпасын небары алты мәрте дәл көздесек, оларды біздің қақпамызға 24 гол соққан екен. Егер мәліметтерге жүгінсек, Еуропаның небары төрт мемлекеті Қазақстаннан кем ұпай жиған екен. Олар - Андорра, Сан-Марино, Мальта және Кипр. Сондай-ақ Фарер аралдары, Люксембург, Исландия және Лихтенштейннің нәтижелері бізбен бірдей. Бұл қуанатын жағдай емес, әрине. Өйткені Қазақстан іргелі мемлекет, үлкен спорттық «держава». Ал жоғарыда аталғандардың барлығы да қарт құрлықтың «карликтері». Олардың жер аумағы да, халқының саны да біздерден әлдеқайда аз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін сандарды сөйлетейік. Мәселен, Кипрдің халқының саны - 800 мың. Люксембург пен Мальтада 500 мыңға жетер-жетпес адамдар тұрады. Исландияның тұрғындар саны - 317 мың. Андорраны 84 мың адам мекен етеді. Ал Фарер аралдары, Лихтенштейн және Сан-Марино халқы 32-48 мың аралығында. Яғни Қазақстандағы бір аудан орталығының тұрғындар санымен бірдей. Бұл жайт көп нәрсені аңғартады. Жоғарыдағы деректер Қазақстан футболы әлі де еңсе көтере алмай келе жатқанының дәлелі. Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде аяқ доп шеберлерінің өз өнерлерімен жергілікті көрермендерге қуаныш сыйлаған кездері тым сирек. Иә, осыдан бірер жыл бұрын Азия футбол конфедерациясының мүшесі болған жылдары Алматыда өткен ойындарда Жапония мен Оңтүстік Корея секілді сары құрлықтың алпауыттарымен терезесі тең өнер көрсеткеніміз бар. Біріккен арабтар әмірлігін ойсырата ұттық. УЕФА-ның құрамына өткен кезде Сербияға сан соқтырдық. Бельгиямен екі мәрте тең түстік. Украина және Грекия сынды азулы командаларға әжептеуір қарсылық көрсеттік. Бірақ ондай көңілге қуаныш ұялататындай сәттер өте аз болды. Сол олқылықтың орын толтыру үшін қыруар жұмыстар жасалып жатыр. Шетелден бір емес, бірнеше бапкерлер шақыртылды. Жөні түзу деген ойыншыларға төлқұжат таратып, Қазақстанның азаматтығы берілді. Республикамыздың ішкі біріншілігінің деңгейін көтеру үшін бірқатар игі істер жүзеге асырылды. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда бірде-бір спорт түрінің өкілдері дәл футболшылардай еңбекақы мен сыйақы алмайды. Мықтыларды айтпағанда, ортаң қол ойыншылардың өздерінің салыстырмалы түрде алсақ, әлеуметтік жағдайлары өте жақсы. Бірақ одан ел футболы өркендеп кеткен жоқ. «Баяғы жартас - сол жартас» күйінде. Ең өкініштісі, жерлестеріміз бірде-бір рет байрақты бәсекелердің жолдамасы үшін таласа алған жоқ. Өзге мемлекеттердің өрендері ара-тұра «тосын мінез» көрсетсе, Қазақстан құрамасы үнемі көш соңында қалып қойып жүр. Осы жағы көпшілікті күйіндіреді. «Еуро - 2012» жарысының іріктеу турниріне қайта оралсақ, төмендегідей қызықты деректерге қанық боламыз: «А» тобындағы жарыста Германия құрамасының қарқынына ешкім шыдас бере алмады. Неміс «машинасын» тоқтату ешбір мемлекет өкілдерінің қолынан келмеді. 10 кездесудің барлығында күмәнсіз жеңіске жеткен әйгілі команда 30 ұпайды қоржынға салды. Немістерге лайықты қарсылас болады деген Түркия футболшылары бұл жолы ерлей алған жоқ. Олар әзер дегенде екінші орынды иеленді. Бельгия мен Австрия құрамаларынан қара үзіп кету үшін түріктерге біраз тер төгулеріне тура келді. «В» тобында Ресей құрамасының асығы алшысынан түсті. Олай деуге негіз Ирландия командасы оларға әжептеуір қарсылық көрсетті. Қос елдің өкілдері де кейбір қатардағы кездесулер барысында ұпай жоғалтып, сау бастарына сақина тілеп алды. Ол аз десеңіз, Армения ойда-жоқта азу тісін көрсетті. Қап тауы қырандарының да жолдама алуына жақсы мүмкіндігі болды. Десек те шешуші тұста көршілеріміз намысқа қамшы басып, діттеген мақсаттарына қол жеткізсе, ирландиялықтар екінші сатыға жайғасты. «С» тобында Италия құрамасының үстемдігі еш күмән тудырған жоқ. Аппенин түбегінің түлектері 10 кездесудің сегізінде жеңіске жетіп, екеуін тең аяқтады. Нәтижесінде 26 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Екінші орын үшін талас Эстония, Сербия және Словения арасында өрбіді. Бұл тарыста Балтық жағалауы елі өкілдерінің бақ жұлдыздары жанды. «D» тобындағы жалғыз жолдаманың иегері ең соңғы турда Франция мен Босния арасындағы кездесуде шешілді. Басты қарсыласынан бір ұпай озып келе жатқан француздарға өз алаңында өткен кездесуде тең ойын да жеткілікті еді. Айтқандай-ақ, аталмыш матчта 1:1 есебі тіркелді. Осылайша, Франция Еуропа чемпионатына жолдама алды. «Е» тобында Голландия қарсылас шақ келтірмеді. Тоғыз ойынның барлығын өз пайдасына шешкен олар соңғы бәсекеде Швециядан ұтылды. Десек те алдағы турларда жиған ұпай қорының молдығы голландиялықтарға іріктеу сынынан іркілмей өтуі үшін жеткілікті болды. Ал Швеция үшін бұл жеңіс ауадай қажет еді. Себебі Скандинавия түбегінің теңбіл доп шеберлері жеңіске қол жеткізген жағдайда топтық турнирдегі екінші орын алған командалар арасында көп көп ұпайға иелік еткен команда ретінде бірден «Еуро-2012» додасының жолдамасын олжалайтын еді. Ол жоспарды швециялықтар ойдағыдай жүзеге асырды. «Ғ» тобындағы негізгі бәсекелестік Грекия мен Хорватия арасында өрбіді. Хорваттардан екі ұпай артық жиған гректер діттеген мақсаттарына қол жеткізді. «G» тобында Англияның асығы алшысынан түсетініне ешкім шүбә келтірген жоқ. Британдықтар сегіз ойында 18 ұпай жиып, бірден қарсыластарынан қара үзіп кетті. Екінші орын үшін Черногория мен Швейцария таласты. Бұл тартыста черногориялықтардың жолы болды. «Н» тобындағы командалар арасында кімнің жолы болатыны соңғы турда шешілді. Фавориттер өзара шеберлік байқасып, Копенгагенде өткен кезесуде алаң иелері Португалия құрамасынан басым түсті. Бұл жеңіс 19 ұпайды олжалаған Данияның Еуропа чемпионатына қатысуына жол ашты. Португалия екінші орында қалып қойды. «І» тобында Испания шашасына шаң жұқтырған жоқ. Сегіз кездесудің барлығында жеңіс тойын тойлаған әлем чемпиондары әлі де бабында екенін байқатты. Екінші орынды Чехия құрамасы иеленді. Сонымен Польша мен Украина (жарыс қожайындары ретінде), Германия, Ресей, Италия, Испания, Голландия, Англия, Грекия, Швеция (екінші орын алған командалар арасындағы ең үздігі), Дания және Франция құрамалары келесі жылы өтетін Еуропа чемпионатына жолдамаға бірден иелік етті. Яғни дүбірлі додаға қатысатын 12 команда белгілі. Бейсенбі күні Польшаның Краков қаласында екінші орын алған сегіз команда арасында жеребе тартылды. Соның нәтижесі бойынша Түркия мен Хорватия, Босния мен Португалия, Эстония мен Ирландия және Чехия мен Черногория күш сынасады. Бұл бәсекелерде жеңіске жеткен командалар «Еуро-2012» додасында бақ сынайтын болады. Алғашқы кездесулер 12-13 қарашада өтсе, қарымта ойындар араға үш күн салып ұйымдастырылады. Ал сары құрлықтың басты жарысының жеребесі 2 желтоқсанда Украина астанасы Киев қаласында тартылады. Ғалым СҮЛЕЙМЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×