ЭЛЬ КАПИТАН

21.12.2011, 05:40
ЭЛЬ КАПИТАН

Редакциядан: Қазақ спорт журналистикасына жаңадан есім келді. Ол –Жәнібек Әбішев. Алдағы уақыттарда «Аладоптан» көрініп, қазақ спортының дамуына ат салыспақ. Осы орайда жас таланттың атақты испан шабуылшысы Рауль туралы тырнақалды туындысын назарларыңызға ұсынамыз.

Жанкүйер жүрегінен керемет ойынымен өз орнын алып үлгерген бұл испандық шабуылшы көп жылдан бері футбол сүйер көрермендердің көзайымы болып келеді.

Рауль Гонсалес Бланко (ел есімінде Рауль атымен танылған) 1977жылы Мадрид қаласының маңында дүниеге келген. Жастайынан  футбол ойынын өзіне серік еткен, Рауль бала кезінен Мадридтің  атақты клубтарының біреуінде доп тебуді армандаса керек. Оның әкесі Дон Педро “Атлетико” клубының  шын берілген жанкүйері болған. Рауль де футболшы ретіндегі алғашқы қадамдарын осы клубтың   қатарында бастаған. Атлетико сапынан кетуге  клуб президенті  Хесус Хильдің сол кезде жүзеге асырған реформалары себеп болған. Содан бері 16жыл бойында мадридтің “Реалында” доп тепкен ол осы клубтың тірі аңыздарының бірі болып үлгерді. Жанкүйерлер оны өзіндік ойын өрнегі үшін қашанда ерекше жақсы көрді.Өз клубының ғана емес қарсыластарының  да мойындауына ие болған ол еуропадағы үздік шабуылшылардың бірі болды. Мадридтік клубпен өз өміріндегі жарқын сәттерді бірге өткізді. Галактикос қатарында клуб дәрежесіндегі барлық жетістіктерге жетті.Үш мәрте Еуропа чемпиондар лигасының жеңімпазы, алты мәрте Испания чемпионы, Испания суперкубогінің, Еуропа суперкубогінің әр жылдардағы жеңімпазы.1999жылы Рауль әлемнің үздік “сұрмергені” атағын жеңіп алды. Испания құрама командасы сапында да Рауль он жылға жуық доп тепті. Осы он жыл ішінде 102 матч өткізіп, 44 голдың авторы атанған. 2010жылға дейін Испания құрамасының үздік шабуылшы болып келді. Сол жылы бұл көрсеткішті Давид Вилья жаңартты. Испания сапында ең соңғы ойынын 2006жылы өткізгендіктен ол Еуропа және әлем чемпиондары атанған атақты құрама қатарында болмады, бірақ ол құрама командамен үш әлем чемпионатына қатысты және барлығында да гол соғып көзге түсті. Көп жылдар бойы Испанияның  және Реалдың капитаны болды. Осыған байланысты жанкүйерлер тарапынан “Эль капитан” атағына ие болды. Рауль ойын кезінде керемет тәртібімен ерекшеленетін және 2007жылы Fair Play тарапынан екі жарым жыл уақыт ішінде барлық ойындарда бірде сары қағаз алмағандығы үшін арнайы "джентльмен” атағымен марапатталды.

Алаңдағы негізгі қызметі таза шабуылшылық емес, инсайд(шегіне ойнайтын шабуылшы) болса да ,оның гол соғу нәтижелілігі тамаша болатын. Реал Мадрид қатарында 323 голмен клуб  тарихындағы үздік шабуылшы атанды.2000 жылдар басында Еуропада Рауль-Морьентес жұбы үздік саналатын. Морьентес клубта да, құрамада да Раульдің сенімді серігі болды. 2001жылы Рауль Еуропаның үшінші ойыншысы болды.

“Эль капитан” еуропа чемпиондар лигасында 11 жыл қатарынан гол соққан бірегей футболшы және осы турнирдің ең үздік бомбардирі болып саналады.

Рауль футболда команданы соңынан ерте алатын капитан болса, өмірде сүйікті жар және үлгілі әке.Ол жұбайы Мамен Санс екеуі бес баланы тәрбиелеп отыр. Бос уақытында кітап оқығанды, өз елінің музыкасын тыңдағанды ұнататын футболшы аң аулағанды,  сондай-ақ елінде ұлттық ойын боп саналатын корриданы тамашалағанды жаны сүйеді екен.Реал сапында жарқын жылдарын өткізген Рауль 2009 жылы аталмыш клубтан кетуге мәжбүр болды. Қазірде футболшылық ғұмырын Германияның “Шальке 04” клубында жалғастыруда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×