Ел кубогы кімге бұйырады?

07.11.2011, 22:25
Ел кубогы кімге бұйырады?
"Тобыл", "Тараз", "Ордабасы" немесе "Ертіс"

 Ел біріншілігіндегі тартыс біраз бұрынырақта аяқталғанымен, төрт команда үшін бәсеке жалғасуда. Қазақстан кубогынан дәмелі «Ордабасы», «Тобыл», «Ертіс» және «Тараз» клубтары осы жарыстың жартылай финалдық кездесулерін өткізді. Әзірге қай командалардың финалға жолдама алатынын болжау қиын. Ақтық сында өнер көрсететін қос ұжым жауап ойындардан кейін ғана анықталады.
Жеребе бойынша жартылай финалда Кереку өңірінің «Ертісі» Қостанайдың «Тобылына», Шымкенттің «Ордабасы» клубы «Таразға» қарсылас атанды. Өздеріңіз байқағандай, төрт ұжымның екеуі ел чемпионатының екінші бөлігінде жүлдеге таласқандар қатарында болса, екеуі төменгі топқа түсіп қалмаудың қамын күйттеген-ді. Дегенмен жүлдеден қағылған төрттік енді бағалы кубокты олжалап қалудың жолын іздеп, сәті түссе, жанкүйерлерін қуантпақшы. «Ертіс» жартылай финалдың алғашқы кездесуін өз алаңында өткізіп, «Тобылмен» тең түсті. Бұл ойында қос команда бір-бір голдан соғып, тарасты. Талғат Байсуфиновтан тәлім алатын алаң иелері кездесудің 13-минутында есеп ашты. Нәтижелі соққыны «Ертістің» сербиялық легионері Предраг Говедарица тіркеді. Дегенмен қонақтар бірінші кезең аяқталар тұста таразы басын теңестіріп кетті. Қостанайлықтардың қатарынан Сергей Гридин мергендігімен көзге түсті. Ойыншылар екінші таймды өте сылбыр бастады. Көрерменді жалықтырған көрініс шыны керек, кездесудің соңына дейін жалғасты. Ақыры екі команда да ойынның қалған бөлігінде гол соға алмай, тең нәтижеге тоқтасты. Әрине, жауап ойында сырт алаңда енгізген голының арқасында «Тобылдың» мүмкіндігі басымырақ болуға тиіс. Бірақ бәрін де алаңдағы жағдай көрсетеді. «Тараз» командасы да финалға қатысудың алғышартын жасады деуге болады. Тараздық футболшылар Шымкенттің «Ордабасы» ұжымын 3:1 есебімен ұтты. Бұл кездесудің бірінші бөлігінде екі жақ та дәл соққы тіркей алмады. Есесіне үзілістен кейінгі тартыс қызықты өрбіді. Ойынның 56-минутында алаң иелері сапындағы Милош Адамович пенальтиден есеп ашты. Арада төрт минуттай өткенде «Ордабасы» футболшылары нәтижені теңестіріп, жергілікті жанкүйерді жабырқатты. Бұл жолы Фархадбек Ырысметовтің соққысы дәл шықты. Кездесудің 70-минутында шымкенттіктер тағы да ойын ережесін бұзып, төреші пенальти белгіледі. Он бір метрлік нүктеге осы жолы да Милош Адамович беттеп, «Ордабасы» қақпашысын екінші рет сан соқтырды. Бәсекенің соңына таман алаң иелерінің кезекті шабуылы нәтиже әкелді. Гол соғу кезегі Неманья Йовановичке тиді. Сөйтіп, 3:1 есебімен жартылай финалдың алғашқы кездесуінде жеңіске жеткен тараздықтар 8 қарашада өтетін жауап ойынға көтеріңкі көңілмен аттанбақ. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×