Ел спортының ертеңі...

26.08.2011, 20:36
Ел спортының ертеңі...
Әділ Балғабаев: «Жұмасқалиевті пір тұтамын» «Ел спортының ертеңі» айдарының бүгінгі қонағы еліміздегі болашағынан зор үміт күттіретін жас аяқдоп шебері  –  Әділ Балғабаев.  1995 жылғы жас футболшылардан құралған «Астана» командасының капитаны бүгінде Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына шақырту алып та үлгерді. Әділ Балғабаев Семей өңірінің тумасы. Бес жасынан бастап футбол өнеріне әуестенген ол «Астана» командасына 2007 жылы қосылды. Біз бүгін оқырмандар назарына Әділ Балғабаевпен болған әңгімені ұсынып отырмыз. –       Футболға мені ең алғаш әкем ертіп әкелді. –       Ауладағы балалармен доп теуіп жүріп, осы спорт түріне қызығушылығым оянды. Әкеме футболға апаршы деп өзім өтініш жасадым. Алғашқы бапкерім – Вячеслав Петрович. Футболдың қыр-сырын үйрткен де осы кісі. Кейіннен Валентин Петровичтің қоластында жаттықтым. –       Семей қаласында туып-өстің. Астанаға қашан келдің? –       2007 жылы отбасымызбен Астанаға көшіп келдік. «Астана» командасының бар екенін сол кезде ғана естідім. Содан не керек, осы командада бағымды сынауға бел будым. Бірінші жаттығуына қатыстым. Бапкерлерге ойыным бірден ұнаса керек, дереу командаға қабылдады. Содан бір апта өткеннен кейін Таразда жасөспірімдер арасындағы жарысқа бардық. Сол жарыста мені капитан етіп тағайындады.  «Астана» сапындағы алғашқы голымды да сол Таразда өткен турнирде соқтым. –       Биыл Астанада өткен ҚР Президенті кубогы жолындағы жарысқа қатысуға шақырту алыпсың. Алайда, команданың қатарынан көре алмадық... –       Астанадағы жарыс алдында жаттығу жиынына шақырылғаным рас. Алайда, турнирге қатыспадым. Неге екенін білмеймін. Бәлкім бапкерлердің көңілінен шықпағанмын-ау деймін. Бірақ, Қазақстаның жасөспірімдер құрамасында бірнеше ойын өткіздім. Жақында тағы да жасөспірімдер құрамасына шақырту алдым. Жасөспірімдер командасымен бірге тамыздың 22-сіне дейін Талғар қаласында оқу-жаттығу жиындарын жүргіземіз. Одан кейін Литвада халықаралық турнир өтеді. Соған қатысамыз. –       Бразилияда оқып жатқан қазақ балаларымен жолдастық кездесу өткіздіңдер. Олардың деңгей қалай екен? –       Бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Олармен терезесі тең ойын көрсеттік десем артық айтқаным емес. –       Футболда кімді пір тұтасың? –       Менің пірім – Лионель Месси... Одан кейін ағылшын футболшысы Стивен Джерард. Еліміздегі футболшыларға келсем, Нұрбол Жұмасқалиевті пір тұтамын. Нұрболдың ойыны маған қатты ұнайды. –       Қазақстан ұлттық құрамасы жақында Сириямен жолдастық кездесу өткізді. Ойынды көрдің бе? –       Ия көрдім. Біздің футболшылар сириялықтардан қанша жерден мықты бола тұра, жеңіске жете алмады. Бәлкім бармақтай бақ жетіспеген шығар. Әйтпесе, біздің футболшылар қарсыластарынан анағұрлым басым ойнады ғой... –       Өзің де болашақта кәсіпқой аяқдопшыға айналасың. Ағаларыңның ойынын тамашалап отырған сәтте «мен болсам осы жерде былай ойнар едім...» деген ой бола ма? –       Әрине, болады. Тіпті кез келген ойынды қарап отырсаң да осындай ойдың жетегінде кетесің. –       «Астана-95» командасының ойындарының нәтижесін қарасаң, гол соққандардың тізімінде міндетті түрде сен тұрасың. Гол соққаннан кейін қандай сезімде боласың? –       Қарсыластар қақпасына гол соғып, командаңды алға жетелеп жатсаң, футболшы үшін одан артық қуаныш бар ма?! Қандай ойын болмасын міндетті түрде гол соғуды мақсат етіп шығамын. –       Команда капитанының міндеті ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдыру. Әр ойын алдында командаластарыңның басын қосып сөйлесетін шығарсың? –       Бірінші кезекте бапкермен бірауыз тілдесемін. Ойынның алдында бапкеріміз екеуміз отырып ойын туралы талқылаймыз. Одан кейін барып командадағы ойыншылармен сөйлесемін. Бапкерімнің айтқанын мұқият тыңдап, футболшыларға жеткізем. Кейбіреулерінің қателіктер болса оны да жасырмай айтамын. –       Әке-шешең футбол ойнауға қарсы емес қой? –       Қарсы емес. Әкем әрқашан ойынымды тамашалап, қолдау көрсетіп жүреді. Менің болашағым футболмен байланысты болғаннан кейін әкем-шешем қарсы болады деп ойламаймын. –       Қазір қай сыныпта оқып жүрсің? –       9-сыныпты бітірдім. –       Тек орта біліммен ғана шектелмей жоғары білім алу да керек қой... –       Жоғары білім міндетті түрде керек. Бірақ, болашақ мамандығым жайлы әлі ойланбаппын. Маған шет тілдермен байланысты мамандықтар қатты ұнайды. Орта мектепті бітіргеннан соң халықаралық қатынастар немесе халықаралық құқықты таңдауым әбден мүмкін. –       Әңгімеңе рахмет! Әңгімелескен, Назерке Сұлтанбек "Sport" газеті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×