Қазақстандық бірқатар клубтардың бұрынғы ойыншысы, қазіргі таңда Шымкенттегі футбол академиясының жетекшісі Ельмар Нәбиев ҚПЛ-дың алғашқы турындағы "Астана" мен "Жетісу" (4:1) арасындағы матчқа баға берді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Маманның пікірінше, елордалық ұжымның басымдығы алдын ала болжанған нәтиже.
Нәбиевтің айтуынша, "Астана" клубындағы соңғы кездері айтылып жүрген қаржылық мәселелер команданың алаңдағы деңгейіне айтарлықтай әсер етпеген. Клубтың қазіргі құрамы ел чемпионатындағы кез келген қарсыласқа қарсы тұруға қауқарлы.
"Астананың" "Жетісуды" ойсырата жеңгені мені мүлдем таңғалдырған жоқ. Елордалық клубтың ішкі қаржылық қиындықтарына қарамастан, олардың құрамы Қазақстан чемпионатының өлшемімен алғанда өте мықты. Сондықтан Талдықорғандықтармен болған матчтың нәтижесі әбден заңды." — деді маман Sports.kz сайтына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Ельмар Нәбиев матч өткен стадионның да маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Оның пайымдауынша, елорданың бас стадионында қонақ командаларға бейімделу әрдайым қиынға соғады.