Еркебұлан Сейдахмет «Қайрат» клубынан не себепті кеткенін айтты

08.10.2025, 16:32

«Ақтөбе» клубының футболшысы, жанкүйерлер арасында «қазақ Мессиі» лақап атымен танымал ойыншы алматылық клубта неге қала бермегенін жеткізді, деп хабарлайды Aladop.kz сайты «Футбол жолы» YouTube арнасына сілтеме жасап.

Еркебұлан Сейдахмет «Қайрат» клубынан не себепті кеткенін айтты

«2019 жылдың жазынан бері «Қайрат» клубында доп теуіп келдім. 5 жылдың ішінде 2 дүркін Қазақстан чемпионы атандым. Жайлы ортадан да шығу керек деп ойладым. Сол себепті өзге клубқа ауысуға шешім қабылдадым. Польша және Біріккен Араб Әмірліктерінен ұсыныс келді. Жеке өзім деңгейі жоғары Польша чемпионатында өнер көрсетсем бе дегенмін. Алайда соңғы сәтте клубтың басшысы ауысып кетті. Одан бөлек, «Қайрат» келісім-шартты ұзартуды ұсынды. Бірақ қаржылық жағынан келісе алмадық», - деді Еркебұлан Сейдахмет.

Футболшы сұхбат барысында неге «Ақтөбені» таңдағанын да айтты.

«Қазақстандық кез келген футболшы «Ақтөбе» клубының намысын қорғасысы келетін шығар. Себебі, «Қобыланды батыр» атындағы стадион үнемі лық тола болады. Қаланың өзі футболмен өмір сүреді. Бейне бір шетелде ойнағандай әсер аласың. Шетелдік клубтармен келісе алмаған соң, көп ойланбастан «Ақтөбеге» өз келісімді бердім. Басты мақсатым – өзімді жақсы қырынан көрсетіп, чемпиондық атаққа қол жеткізу», - деп футболшы ойын түйіндеді.

Айта кетейік, Еркебұлан Сейдахмет «Ақтөбе» сапында 20 матчқа қатысып, 1 гол және 2 нәтижелі пасымен көзге түсті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×