Ермұхамед МӘУЛЕН: "Мені құтқарған – Қазақстан футболы"

03.06.2013, 18:50
Ермұхамед МӘУЛЕН: "Мені құтқарған – Қазақстан футболы"

Аладоп.кз сайтын өмірге әкелген, белгілі спорт журналисі және комментатор Ермұхамед МӘУЛЕНнің "Массагет.кз" сайтының тілшісімен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

Құрметті Массагет порталының қолданушылары! Бүгін біз сіздерге елімізге танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәуленмен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

- Спортсүйер қауым сізді комментатор ретінде таниды. Сонымен қатар осы тақырып төңірегінде ауқымды дүниелер жазып жүргеніңізді де білеміз. Алайда комментатор болу екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Жалпы осы мамандыққа қалай келдіңіз?

- Әрине, бірден келе салып, комментатор бола салғаным жоқ. Ұлттық арнада комментаторларға байқау жарияланғанын естісімен, бірден келіп қатысып, бағымды сынадым. Оған дейін кастинг, байқау деген дүниелерге сене бермеуші едім. Дегенмен, Ұлттық арна спортының тізгінін ұстаған азаматтар шын, нағыз осы салаға керекті адамды әділ байқаудың арқасында таңдады. 4 бірдей турдан сүрінбей өттім. Мені құтқарған - Қазақстан футболы. Сол кезде шет ел футболын менен кем білмейтін қатысушылар болды. Бірақ, олардың ақсаған тұсы осы Қазақстан премьер лигасы еді. Ал мен жастайымнан ел футболын қадағалап, статистика жүргізетінмін.

- Спорт тақырыбында алғаш қалам тербеп жүргеніңізде, сізге жол көрсеткен аға буын өкілдерінің ішінде кімдерді атап айтар едіңіз?

- Әрине жол сілтеп, бағыт көрсеткен журналистер болды. Олардың ішінде ең алдымен «Айқын» газетінің спорт журналисі Шалқар Естенді атап өткім келеді. Ал одан кейін қазақтың тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаевтың ақыл-кеңестері маған жақсы жағынан әсер етті.

- Жақында жаңа спорт арнасының ашылуын қалың жұртшылық асыға күтіп жүр десек те болады. "Спорт арнасы көрермен қауыммен қашан қауышады?" деген сұрақ көпшілік көңілінде жүр... Бұл туралы не айта аласыз? 

- "ҚазСпорт" арнасы жақын арада эфирге жол тартатыны белгілі. Жанкүйерлер көптен күткен қуаныш орындалуы әбден ықтимал. Телеарна орыс және қазақ тілдерінде жұмыс істейтіні рас. Бұл арна қазақстандық жанкүйерлерді бір қуантып салар деп ойлаймын. Барлығымыздың ортақ қуанышымызға тек қолдау көрсету керек деп есептеймін. Ал арнаның қандай толқында, қалай эфирге таралатыны хақындағы ақпаратты айта алмаймын. Аз уақыттың ішінде барлығына өздеріңіз куә боларсыздар.

- Қазақ спортының келешегі жайлы не айта аласыз? Жалпы қазіргі  таңда  елімізде қандай спорт түрлері кенже қалып отыр?

- Ел спорты дамып келе жатыр деп айта аламын. Болашақ зор. Ол түсінікті дүние. Кенже қалып келе жатқан спорттардың ішінде футболды айтар едім. Өзгелерге қарағанда бәсеңдеу қозғалып, толықтай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ.

- Жақында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Болгариямен жолдастық кездесу өткізеді. Осы матч туралы қандай болжам айтар едіңіз?

- Болжам айту ең жаман нәрсе дер едім. Оның үстіне жолдастық кездесуде. Болгарияның Қазақстан құрамасынан мықты екендігі айдан анық. Егер Алматыдағы сол кездесуде Қазақстан жеңіске жетсе де, бәрібір Болгария құрамасы бізден мықты деген ойымнан еш танбаймын. Ол ойыннан тек болгариялық жұлдыздарға баға беруге болатын шығар. Тек Димитар Бербатовтың Алматыға келмейтіні болмаса, қалған мықтылар тегіс құрамаға алынып отыр.

- Ал биыл Бразилияда өтетін Конфедерация Кубогында қай құрама топ жаруы мүмкін? 

- Конфедерация кубогы бұл коммерциялық, футболдан ақша жасау үшін ойластырылған көптеген турнирлердің бірі. Мен үшін бұл турнирдің аса қатты маңыздылығы жоқ. Тіпті, бұл бәсекенің қазіргі жеңімпазының кім екендігін де білмеймін. Сондықтан, жеңімпазды айта алмаймын.

- Cұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Болат Қосмағамбет

http://massaget.kz/sport/bl-yzy/11068

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×