«Ertis» клубының бас бапкері Ринат Алюетов: Қазақстан Премьер-лигасына үш команданың шығуын отандық футбол үшін жақсы деп қабылдаймын

03.10.2025, 15:06

«Ertis» футбол командасының бас бапкері Ринат Алюетов команданың қазіргі деңгейі, Бірінші лиганың ерекшеліктері жайлы Aladop.kz сайтына сұхбат берді.

«Ertis» клубының бас бапкері Ринат Алюетов: Қазақстан Премьер-лигасына үш команданың шығуын отандық футбол үшін жақсы деп қабылдаймын

Сіз бапкер болғалы бері 12 жеңіс, 2 жеңіліс тіркедіңіз.  Нәтижеге қаншалықты көңіліңіз толады?

  • Маусымның бел ортасында команданы қайта жасақтау өте қиын. Тіпті бір клубтың қайта құру үшін, бірнеше жылдар кетеді. Бірақ бізде мықты басшылық пен менеджменттің арқасында жеңіске ұмтылатын команданы қайта құрып, жақсы нәтиже көрсетіп келе жатырмыз.

Өткен маусымда Премьер-лигада ең жас бапкер болып едіңіз. Енді Бірінші лигаға қайта оралдыңыз. Бәсекелестік, турнирдің деңгейін қалай бағалайсыз?

  • Матчтардың насихатталу деңгейі, бәсекелестік деңгейі жоғары. Осы жылдағы басты ерекшелік ретінде Премьер-лигаға 4 бірдей команданың ұмтылғанын айтуға болады. Осының өзі турнирді одан әрі жандандыра түседі. Әлі күнге дейін Премьер-лиганың жолдамасы кімге бұйыратыны белгісіз. Бірақ Премьер-лигаға 3 клуб шығатыны жайлы ақпарат жария болғаннан кейін, қысым сәл азайды. Бірақ біз өзіміздің мақсатымыз бен ынтамызды жоғалтпадық.

Жазғы трансферлік кезеңде клубқа өте мықты футболшыларды жинақтадыңыз. Клубтың ішкі жағдайын толықтай түсіне алдыңыз ба?

  • Жазғы трансферлік терезеде біз өз қатарымызға Владислав Васильев (2 гол, 2 нәтижелі пас), Еркебұлан Тұңғышбаев (7 гол), Әбинұр Нұрымбет (2 гол, 2 нәтижелі пас),  Арман Кеңесов (5 гол, 4 нәтижелі пас), Асқар Сатышев (1 нәтижелі пас), Даниал Какенов (1 нәтижелі пас), Мохаммед Еңсебаев, Темірлан Төребек сынды жақсы ойыншылар қатарымызды толықтырды. Олардың аттарының өздері ешнәрсені дәлелдеуді қажет етпейді. Олардың бізге келуіне атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз.

Бұйырса Премьер-лигаға шығуға бір ғана қадам қалды. 2026 жылға қаншалықты дайынсыздар? Қандай жұмыстар жүргізгелі жатырсыздар?

  • 2025 жылдың 12 маусымында ресми түрде «Ertis» клубының бас бапкерлік қызметіне кірістім. Небәрі 4 айдың ішінде қаншама жұмыс атқарылды. 12 жеңіс, 2 жеңіліс көрсеткішін тіркедік. Енді алдағы турда Премьер-лиганың жолдамасын алуымыз әбден мүмкін. Қазір клубтың ойын деңгейі мен нәтижелерге сырт көзбен қарап, жоғары көтерілу заңдылық секілді көрінеді. Алайда дәл осы көрсеткішке жету үшін, ұйқысыз түндер, үлкен жұмыс тұрғанын көбісі біле бермейді. Келесі жылдың жоспары жайлы айтуға әлі ерте. Маусымның соңында клуб басшылығымен бірге ақылдасып, жоспар түзетін боламыз.

Бірінші лигада қандай өзге клубтардың ойыншылары сіздің көңіліңізден шықты?

  • «Каспий» клубының шабуылшысы Мирас Тұрлыбек 21 гол соғып, Бірінші лигада үздік сұрмерген екендігін танытып үлгерді. Болашағынан үміт күттіретін шабуылшы. «Алтай» командасынан Ибрагим Дадаев ең үздік маусымдарының бірін өткізуде. Сондай-ақ, Әділет Омарбек те «Алтайдың» маңызды ойыншысына айналып үлгерді. Ол басында қосалқы құрамның футболшысы еді. Алайда Әділет Омарбек өзіне берілген уақытта бірнеше гол соғып, командасына маңызды ұпайларды әперді. Қазіргі таңда «Алтайдың» негізгі құрамына ауысып, жақсы әсер қалдырып жүр.

Жақында ғана Премьер-лигаға 3 жолдама берілетіні жайлы ақпарат шықты. Осы жайтты қалай қабылдадыңыздар? Дәл  қазіргі сәтте 3-ші жолдамаға фаворит ретінде кімді санайсыз?

  • Қазақстан Премьер-лигасына үш команданың шығуын отандық футбол үшін жақсы деп қабылдаймын. Клубтардың саны көп болған сайын, футболды қамтитын өңірлердің де саны артады. Премьер-лиганың үшін жолдамасын кім иеленсе де, олар ниеттері мен бәсекелесуге лайық деп санаймын.

Айта кетейік, «Ertis» клубы бүгін Бірінші лиганың 24-турында өз алаңында «Хан-Тәңірін» қабылдайды. Ойын кешкі 18:00-де Павлодар қаласында өтеді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×