«Ертіс» қарызға батты, «Ақтөбе» өтпей тұр» –әкімдіктен миллиардтаған қаржы алатын футбол клубтары

11.06.2020, 12:13
Соңғы уақытта отандық футбол клубтарындағы қордаланған проблемалар «су бетіне шыға бастады». Ерінбегеннің бәрі сынаған саладағы кемшіліктер, әсіресе, пандемия кезінде қатты білініп жатыр.
«Ертіс» қарызға батты, «Ақтөбе» өтпей тұр» –әкімдіктен миллиардтаған қаржы алатын футбол клубтары

Еліміздің 5 дүркін чемпионы «Ертіс» клубы қарызға батқанының кесірінен биылғы ойындарға қатыспайтынын мәлімдеді. «Ақтөбе» ФК әкімдік балансынан шығарылып, жекеменшікке сатуға қойылмақ. Бірақ сарапшылар қазақстандық футбол бизнес ретінде кәсіпкерлерге пайда әкелмейтінін, клубтар еш бизнесменге керек емесін алға тартады.

Azattyq Rýhy бүгінгі материалда Қазақстан футболының қазіргі күйі мен келешегі туралы тарқатып айтуға тырысады.

«ЕРТІС» ERG-ге СЕНІП ҚАЛҒАН  

«Ертістің» ел чемпионатына қатыспайтыны туралы мамыр айының аяғында белгілі болды. Себебі, клубтың соңғы төрт жыл бойы жиналған салықтық қарызы 950 млн теңгеге жеткен. Ал, биыл тағы 200 млн теңге қосылып, органдар клубтың есепшотын бұғаттап тастаған. Яғни, клуб шотына жіберілген ақшаның бәрі қарыздың есебіне жатқызылып отырады. 

Павлодар облыстық Спорт және туризм басқармасы басшысы Марат Айдашевтің хабарлауынша, клубқа биыл облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. Ал бас демеуші – ERG компаниялар тобы уәде еткен 1,6 млрд теңгенің орнына 200-ақ млн теңге берген. Ол 200 млн теңге тек футболшылардың қаңтардағы жалақысының бір бөлігін ғана жабуға жетіпті.

Оның үстіне, клубтың бұрынғы жаттықтырушысы Димитар Димитровтың алдында да өтелмеген қарыз бар.

«Біз қазір бұрынғы жаттықтырушылармен халықаралық арбитраждық сотта соттасып жатырмыз. Димитар Димитров пен Георги Чиликовке және Петар Колевқа шамамен, 500-700 млн теңге қарызбыз. Іс халықаралық арбитраждық сотта. Сонымен, қаңтар есебімен барлығы 1,8 млрд теңгедей қарызымыз бар еді. Одан кейін де біраз уақыт өтті, екі тур ойнап шықтық. Бәрін қосқанда 3,6 млрд болып тұр. Сондықтан чемпионаттан шықтық, тіпті іссапарға ешкімді жібере алмаймыз», - деп айтты М.Айдашев 3 маусым күні жанкүйерлермен кездесуде.

 


Суретте: Димитар Димитров

Ал бюджеттен алынған 1,8 млрд теңгені балалар футболын дамытуға, жастар құрамасының жалақысын көтеруге жұмсамақ. Сонымен қатар, Екібастұз, Ақсу клубтары базасында жергілікті жастар ойнау үшін футбол орталықтары ашылады. Егер осы ақшаны легионерлер жалақысының салығын төлеуге, жаттықтырушы қарызын жабуға жіберсе бюджет қаражатын «мақсатсыз пайдалану» болып шығады.

Осы күнге дейін «Ертіс» ай сайын 303,2 млн теңге шығындап келген. Inbusiness.kz сайтының жазуынша, 2020 жылы клуб чемпионатқа 24 футболшы қосқанын ескерсек, әр ойыншының жалақысы шамамен 5 млн теңгенің үстінде деген сөз. 

Енді «Ертіс» ойынды келер жылы екінші лигадан бастауға үміттеніп отыр. Дегенмен, клуб директоры Әсет Төлеубаевтың сөзінше, жалпы клубты сақтап қалу қазір қиын.

«Шанс өте аз. Әрине, клубты сақтау үшін бар күшімізді саламыз. Брендті, команданы қалдыруға тырысып көреміз. Әзірге ешқандай болжам айта алмаймын... Екінші лиганы жеңсе бірінші лигаға өтеді. Одан жолы болса, қайтадан премьер-лигада ойнауға үміт бар. Ал, Еурокубокқа қатысуға кемінде 5 жыл керек», - деді ол.

Спорт комментаторы Ербол Қайыровтың пікірінше, «Ертістің» бұрынғы басшылары дұрыс жұмыс істемеуі клубты осы халге түсірген. Оның болжамынша, клуб толығымен жабылады.

«Клубты алдында Жанайдар Дүйсенбаев, Игорь Елащук, Ардақ Тұрсықпаевтар, Серік Омархановтар басқарған . Олардың кейбірінің үстінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Бейресми ақпарат бойынша, клуб жабылады. Себебі, олар Димитаровқа, легионерлерге және басқа да адамдарға қарызды төлеуі тиіс. Оны төлеуден бас тарту үшін клубты жабу керек», - дейді Е.Қайыров.


Суретте: Ербол Қайыров

Сарапшының сөзінше, егер «Ертіс» толық алаңнан кетсе Павлодар намысын ел чемпионатында «Екібастұз» қорғайды.

«Павлодардың екі клубы бар: «Екібастұз» және «Ақсу». Мен қателеспесем, «Екібастұз» аймақтың басты командасына айналады. Олар қазір 1-лигада. Стадионына да реконструкция жасалды. Оның үстіне, «Ертістен» үнемдеген ақшаның бір бөлігін «Екібастұзға» берді», - деген болжам келтірді ол.

Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен болса, «Ертіс» атын өзгертіп, басқа брендпен алаңға шығуы мүмкін деп отыр.

«Ертісті» жапқанмен, ертең атын өзгертіп қайтып шығара салады. Футболдың иісі мұрнына бармайтын адамдар қызмет еткен клуб қой. Экс-әкім Бақауов қайта-қайта басшылықты ауыстырды. Бәрі де бірінің артынан бірі жемқорлықпен айналысқан болу керек, клуб үсті-үстіне қарызға бата берді. Ең соңында Павлодар қаласының құрметті азаматы болған бас бапкер Демитар Димитровтың да бұлай жұмыстан кеткені дұрыс болмады. Банкрот жариялап, клубты қайтадан ашады. Мұндай оқиға қазақ футболында жиі болып тұрады», - дейді Е. Мәулен.


Суретте: Ермұхамед Мәулен

«АҚТӨБЕНІ» КІМ АЛАДЫ?

Қазақстанда алматылық «Қайрат» пен елордалық «Астанадан» басқа ірі футбол клубтарының бәрі әкімдіктердің балансында. Олардың біразы мемлекеттің жекешелендіру жөніндегі тізіміне кіріп, жақында атақты «Ақтөбе» клубының сатылымға шығатыны туралы мәлім болды. Ақтөбе облысының мемлекеттік қаржы басқармасы бізге клубтың нақты құны қазан айында анықталатынын хабарлады.

«Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен «Ақтөбе облыстық футбол клубы» АҚ-ның 100% акцияларын жекешелендіру, жекешелендіру жоспарын құру және жекешелендіру комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Жекешелендіру жұмыстары 2020 жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды. Қазір объектіні бағалау жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті сатылу құны бағалаудан соң белгілі болады. Қазанда Қоғам акцияларын жекешелендіру түрін, бастапқы құнын және сату шарттарын анықтайтын комиссия отырысы өтеді», - делінген хатта.

Клубтың БАҚ және жанкүйерлермен жұмыс бөлімінің бастығы Әсет Жомартұлының айтуынша, «Ақтөбе» қараша айында сенімгерлік басқаруға өтеді немесе толық жекеменшікке беріледі.

Сенімгерлік демекші, белгілі футболшы Самат Смақов осы «Ақтөбені» 2018 жылы күзде 7 жылға сенімгерлік басқаруға алған болатын. Бірақ 2019 жылдың желтоқсанында көп ұзамай клуб қайтадан мемлекет меншігіне өтті. Смақовтың кетуін клуб өкілдері «шартты орындамағанымен» байланыстырады. 

«Самат Смақов клубты сенімді басқаруға 108 млн теңгеге 7 жылға алды. Бірақ 15 млн теңге төледі де, келісім кезіндегі шарттарды орындамағандықтан, жыл аяғында мемлекеттің еншілігіне қайтарылды. Мысалы, шарт бойынша команда премьер-лигада қалуы керек еді. Егер соны орындағанда клуб өзінде қалар еді», - дейді «Ақтөбенің» БАҚ және жанкүйерлермен жұмыс бөлімінің бастығы Әсет Жомартұлы.

Қазір клуб бюджеті 2 млрд теңгені құрайды. Әсет Жомартұлының сөзінше, қаңтар айында Ақтөбенің де 700 млн теңге сыртқы қарызы болған, бірақ қазір біразы жабылыпты. Карантин кезінде клуб футболшыларының жалақысын да 50%-ға қысқартқан.

Ендігі сұрақ – «Ақтөбені» кім сатып алады? Белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен ол «ешкімге керек емес» деп отыр.

«Футбол клубын сатып алған кез келген кәсіпкер ең болмағанда 10-15 жылдан кейін пайда табуы керек. Қазір клуб жұмысымен қайырымдылық ретінде айналысқанның өзінде түбінде ақша көргісі келеді. Бірақ қазақ футболында бизнес жасау мүмкін емес. Себебі, инфрақұрылым өте нашар. Стадиондар пайда әкелмейді, футбол клубтарының менеджменті қаржы түсірмейді, ойыншылардың футболкасына жарнама орналастыруға ешкім қызықпайды, трибунаға аудиторияға тарту өте қиын, телевизиялық транслияцияны сату да қиын. Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік спорттық арна - «Қазспорттың» өзі алмайды. Өйткені, рейтинг әкелмейді. Мүмкін, «Астана» мен «Қайрат» ойнаса рейтинг берер, қалғаны қызық емес. Сондықтан Қазақстан – футболы бизнес тұрғысынан тиімсіз. Кезінде «Тараздың» да, «Шахтердың» да акцияларын 120 теңгеден шығарғанда ешкім керек қылмаған», - дейді Ермұхамед Мәулен.

Оның айтуынша, «Ақтөбенің» ағымдағы қарыздары жабылғанымен, ертең басқа да борыштары шыға келуі ғажап емес.

«Бірнеше жылдан кейін бір легионер шығып, «Менің бәлен жыл бұрынғы ақшам бар еді» дей салады. Футбол клубын түбі қорықпай шетелдік компанияларға сату керек. Олар стадионды, футболшыларды бір жаққа көшіріп алып кетпейді. «Ақтөбені» кезінде Қытайдың бір компаниясы сатып алмақ болғанын да білеміз. Бірақ жергілікті адамдар қарсы шықты», - дейді комментатор.

Комментатор Ербол Қайыров футбол клубтарына кәсіпкерлер қызығушылық танытуы үшін мемлекет қолайлы жағдай жасау қажет екенін айтады.

«Мысалы, спорт туралы заң қабылдап, меценаттарды салықтан босатсақ, бизнесмендер де футбол жағына қарай бастайды. Олардың арасында бәсекелестік те пайда болады, ал ол біздің жанкүйерлеріміз үшін өте тиімді», - дейді ол.

ФУТБОЛ КЛУБЫ АРҚЫЛЫ АҚША ТАБУ МҮМКІН БЕ?

Әлем елдерінде футбол – нағыз бизнестің көзі. Ойыншылардың жейдесіндегі логотиптен бастап, алаңның экрандары мен жиектеріне дейін жарнама. Оның үстіне қазір спорттан қаржы жасаудың баламалы жолдары да қарастырылуда.

«Шетелдік клубтар ақшаны табудың жаңа жолдарын әрқашан іздестіріп келеді. Мысалы, Оңтүстік Америкаға барып, талантты ойыншыны жас кезінен Еуропаға алып келіп, оны бірнеше жылдан кейін сатып жібере алады. Бірақ, ол үшін мықты селекциялық бөлім керек. Немесе әлеуметтік желілер арқылы да клуб пайдасын таба алады. Әдістері көп. Біз тек олардан үлгі алуымыз жөн», - дейді Ербол Қайыров.

Қазақстанның да мүмкіндігі жоқ емес. Ол үшін стадиондарды бөлек ұстамай, клубтардың балансына беру керек.

«Егер стадиондар клубтардың қоластында болса, онда басшылары сол ареналардан пайда таба алады. Қазір көптеген стадионға кіру – тегін. Менің ойымша, ол дұрыс емес. Жақсы әрі сапалы футболға ақша төлеу қажет. Жеке компаниялар стадионның маңайында дүкендер мен спорт барлар ашып, клуб жақсы қаражат таба алады. Бірақ ол үшін бізге жоғары дәрежелі мамандар керек. Мысалы, шет елдерден де шақырсақ, еш жамандығы болмайды», - деп отыр комментатор.

Ал, «Қайрат» клубының иесі кәсіпкер Қайрат Боранбаев футболды ақша табу үшін өзінің McDonalds секілді басқа да өнімдерін жарнамалауға, беделін көтеруге пайдаланады. Бірақ отандық бизнесмендердің бәрі оған еріп, ақшасын «қайырымдылыққа» бөліп отыруға, әрине, құлықты емес. Мұндай ойды Ермұхамед Мәулен жоғарыда айтып еді. Ербол Қайыровтың да пікірі осыған саяды.

«Мысалы, «Ертістің» бас демеушісі ERG биыл ақша бермей қойды. Ірі компания деп есептелетін ERG бермесе, кім береді басқа? «Ертісті» алатын адам пайда үшін емес, абырой үшін алады. Қайрат Боранбаев та «Қайратты» алғаннан кейін оны адамдар жақсы көретін болды. Сондықтан Боранбаев бедел үшін, достарына мақтану үшін «Қайратты» ұстап отыр», - дейді сарапшы.

КЛУБТАР ҚАРЫЗЫН ЖАСЫРАДЫ

Қаржы тапшылығы, қарыз мәселесі біз айтқан «Ертісте» ғана емес, әр облыс клубтарының көбінде бар. Бірақ олар бюджеттен қаржыны тікелей алып отырғанымен, өздерін жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе Акционерлік қоғам ретінде тіркейді де, ойыншылар жалақысы, қарыз, тағы басқа қаржыға қатысты мәселенің бәрін «коммерциялық құпия» деп құтылады.

Azattyq Rýhy сыртқы қарыздарын білмек болып клубтардың біразына хат жазды. Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы» ЖШС жекеменшік заңды тұлға. Ол «Клубтың қызметі туралы ашық ақпарат көздерінен табуға болады» деп құтылды. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, «Тобылдың» 50% акциясы «Сервис центр «Абат» ЖШС-ға, 50% пайыз капиталы Қостанай облыстық қаржы басқармасына тиесілі.

Алматы облысының «Жетісу» клубы заңды тұлға ретінде әкімдікке қарайтынын, сондықтан сұрақты құрылтайшыдан сұрау керек екенін айтты. Ал облыстық әкімдік клубтың қаржылық мәліметін клубтың өзі ғана айта алатынын хабарлап, кері сілтеді. 

«Ақтөбе» клубы да қазіргі қарыздарын жасырды.

«АҚ жарғысында көрсетілгендей, бюджет және қарыз бойынша мәліметтер Қоғамның атқару органына берілген. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңының 18-бабы 2-тармағына сәйкес, ақпаратқа қол жеткізу құқығының заңсыз шектелуіне жоғары тұрған мемлекеттік органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін», - делінген Ақтөбе облысының қаржы басқармасының хатында.

Дегенмен, Жамбыл облысы «Тараз» футбол клубының баспасөз қызметі 2019 жылы клубтың 200 млн теңге қарызы болғанын бірден айтты. Бірақ қазір бәрінен құтылыпты.

Қызылорда облысы Спорт және туризм басқармасының басшысы Жақсылық Оспан өңірдің «Қайсар» командасында да қарыз жоқ деп сендірді. Айта кетсек, «Қайсар» жергілікті бюджеттен ірі көлемде қаржы алатын клубтардың бірі. Төмендегі кестеде Қазақстан премьер-лигасындағы мемлекеттен ақша алатын командалардың 2020 жылға бекітілген бюджеттері беріліп отыр.


Облыстық спорт және туризм басқармаларының және kursiv.kz мәліметі бойынша

Сарапшылар сөзінше, жыл сайын футбол клубтарына мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, ол ақталмай жатса да, премьер-лига, жалпы футболға бюджеттен ақша аудару тоқтамайды.

«Облыстар футболға ақшаны жыл сайын беріп тұруды қоймайды, себебі футбол – әлеуметтік бағыт немесе жоба. Тек бөлінетін қаржыны және ойыншылар мен бапкерлердің жалақыларын азайту қажет. Олардың келісімшарттарына бонустық пункт енгізіп, егер команда ел чемпионатында және еурокубоктарда нәтиже көрсетсе, онда қосымша қаржы беруге болады. Футболдан Қазақстан чемпионаты ешқайда да жоғалмайды. Осы спорттан жарыстар жыл сайын өткізіледі, себебі, футбол – еліміздегі ең танымал спорт түрі. Бес, он, тіпті он бес, жиырма мың жанкүйер тек футбол стадиондарына ғана барады», - дейді комментатор Ербол Қайыров.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×