«Ертістің» бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов команданың алдағы мақсат-міндеттерімен бөлісті.
Танымал жаттықтырушы павлодарлық клубты ҚПЛ-ге алып шығу үшін жұмыс істейміз деп отыр.
«Ең алдымен мен үшін «Ертістің» бас бапкері болу үлкен мәртебе! Өңір басшылығымен тілдескенімізде клубты биіктен көруді тапсырып, жоғары дивизионға қайтару тапсырмасын жүктеген. Біз осыған талпынып, тапсырманы орындауға тырысамыз.
Павлодарлық жанкүйерлердің футболды қалай жақсы көретінін білеміз. Бес дүркін чемпион атану оңайға түскен жоқ, біз мұны түсінеміз. Осы маусымда стадионымызда жанкүйер көп болса, бұл командаға рух береті еді. «Ертіс» үстемдік етіп, әрдайым бірінші нөмірмен ойнауы керек деп есептеймін. Барлық қарсыластарымыз күшті жасақталған, осал команда жоқ, қазір барлығы футбол ойнап үйренген. Оңай болмайын деп тұр», - деді қазақстандық маман.
«Ертіс» биыл Бірінші лигада бақ сынайды. Павлодарлық клуб ел біріншілігінде 5 рет топ жарған.