Ес жиып, еңсе түзеу керек

25.01.2012, 04:52
Ес жиып, еңсе түзеу керек
Биылғы маусымда сүреңсіз өнер көрсеткен клубтардың бірі  «Тобыл». Жылды «Чемпион» деген атпен бастаған қостанайлықтар ол атаққа лайық өнер көрсете алмады. Тіпті, алғашқы алтылыққа ене алмай,  салы суға кетті клубтың. Тым болмаса Кубокты қанжығалап, Еуродода өнер көрсетсе екен,- деген жанкүйер үміті де желге ұшқан (премьер-лига мен кубок бәсекесінде олардың жолын «Ордабасы» кескен).   Дегенмен, болары болды, бояауы сіңді. «Енді ес жиып, еңсе түзеу керек».  Соңғысы «Тобыл» футбол клубының директоры Николай Паниннің айтқаны еді. Қазір, премьер-лига клубтары жапатармағай келер жылдың қамына кіріскен кез. Бюджеттерін бекітіп, шама-шарқына қарай құрамын күшейтуге күш салуда. Қостанайға жол түсіп,  Орталық стадионға соға кеттік. Іздегенге - сұраған, дегендей «Тобылдың» директоры Николай Панинмен ұшырасып,  аз-кем әңгімелесудің орайы келген. Николай Борисұлы, сәтсіз аяқталған маусымнан қандай қортынды жасадыңыздар. Клубта нендей өзгерістер орын алып жатыр? Ия, 2011 жыл біз үшін қырсық шалған маусым болды. Өз мүмкіндігімізді толық пайдалана алмадық. Кінәні өзгеден емес өзімізден іздеген жөн. Кеткен қателіктерден алдағы уақытта сабақ аламыз. Сондықтан қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Футбол маусымы аяқтала салысымен келер жылдың дайындығына білек түріп кірістік. Алдымен, бапкер мәселесін шешіп алуды жөн көріп, облыс әкімі Сергей Кулагиннің бастамасымен Украинадан Вячеслав Грозныйды алдырдық. Белгілі маманмен облыс басшысы өзі сөйлесіп, өзі келісті. Әзірге бір жылға келісім-шартқа отырдық. Тәжірибелі бапкердің біліктігіне алдағы маусымда баға берерсіздер. «Ат айналып қазығын табады». Бір жыл «Астана» сапында өнер көрсеткен Нұрбол Жұмасқалиевтің командаға қайта оралуын қалай түсіндіресіз? Оралда туып-өсті демесеңіз Нұрбол Қостанайдың төл тумасындай боп кеткен. Табаны күректей 11 жыл өнер көрсетті «Тобылда». Клубтың ыстығына күйіп, суығына бір кісідей төзген осы Нұрбол болатын.  Сын сағатта да командадан сырт берген жоқ. Былтыр чемпион ғып бір-ақ кеткен. «Астанада» да ойыны жүрді. Енді міне,спорттық ғұмырының көбін арнаған клубына қайта келді. Маусымды көңілсіз аяқтаған соң Жұмасқалиевқа қолқа салдық. Ол да көп ойланбастан аңсары «Тобылға» ауатынын емеурінмен білдірген тұғын. Содан тез іске кірісіп, бір келісімге келдік. Нұрболдың көңіл-күйі қалай, енді қайта капитан болатын шығар? Көңіл-күйі керемет. Өз үйіне келгендей жүзінен қуаныш байқалады. Енді әбден еті үйренген қаласы гой. Оның үстіне жанкүйерлер де жақсы көреді. Ал, капитанды ұжым болып анықтаймыз. Бапкерлер, ойыншылар бірауыздан қолдаса, әрине капитандық міндетін жалғастыратын болады. Ойыншылар демекші, қазір құрамды қайта жасақтап жатқан боларсыздар. Тағы кімдер келіп, кімдер кетіп жатыр командадан? Әзірге, кеткен тек Сергей Юдин ғана. Биыл жарақатына байланысты негізгі құрамға іліне алмай, көп ойынды алаң жиегінде отырып тамашалады. Сондықтан, өзі командадан кетуге қамданған соң біз де ұстамадық. Қазір, «Ертіспен» келісімге келген сыңайлы. Былтыр он ойыншымен екі жылға шартқа отырғанбыз. Солар тағы бір жыл осында аялдайды.  Бүгінде командаға тың серпін әкеледі-ау деген ойыншыларды қарастырып жатырмыз. Әзірге, түсін түстеп, есімдерін атамай-ақ қойяын. Көбісі премьер-лигада піскен, тәжірибесі бар футболшылар. Сондай-ақ, жақын шетелдерден келген легионерлерді де жаңа бапкер өзі сұрыптап,  ұсынысын айтады. Қосалқы құрамнан да бірнеше жас ойыншының шама-шарқын байқап көреміз. Ресейден арнайы білікті дәрігер алдырдық. Футболшылардың барлығы қазір медициналық тексеруден өтіп жатыр. Жаңа маусымның басталуына әлі біраз уақыт бар. Оқу-жаттығу жұмыстарын қайда өткізуді жоспарлап отырсыздар? Басында дайындықты төрт кезеңге бөлгенбіз. Оның екеуі Түркияда, екуі Кипрде өтуі тиіс болатын. Бірақ, Вячеслав Грозныйдың кеңесімен әрқайсысы үш аптаға созылатын үш оқу-жаттығу жиынын өткізуге уағдаластық. Дайындықтың барі де Анталияда өтетін болды. Жаттығу барысында бірнеше жолдастық кездесу өткізу жоспарда бар. Келер жылы командаға қандай тапсырма жүктелмек. Барар бағыт белгіленіп, алға қойған мақсат айқындала бастаған болар. Былтыр чемпиондықтың дәмін таттыңыздар дегендей..? Әзірге, белгілі бір межені бағындыру турасында әңгіме қозғалған жоқ. Барынша табысты өнер көрсетуді көздейміз. Әрине, генерал болуды армандамайтын сарбаз болмайды. Біздің де былтырғы жетістігімізді қайталасақ деген, іштей арманымыз бар. Ендеше, іске сәт! Рахмет!

      

Ермек ТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×