Германиялық маман Феликс Магат "Ақтөбенің" тізгінін ұстамайтын болды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Vesti.kz порталының хабарлауынша, 72 жастағы бапкер мен Ақтөбелік клуб арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталған.
Магат “Қызыл-Ақтардың" оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан Түркияның Анталия қаласына арнайы ұшып келген болатын. Алайда, "Ақтөбе" басшылығымен бетпе-бет кездесу өткізген соң, Неміс маманы еліне қайтып кеткен екен.
Тараптар бірнеше маңызды мәселе бойынша ортақ мәмілеге келе алмаған. Оның басты себебі — Магаттың қойған талабы.
Мәліметтерге сүйенсек, Феликс Магат өзімен бірге кемінде 4-5 көмекшісін ала келуді жоспарлаған. Алайда клуб басшылығына бапкерлер штабының мұншалықты үлкен болғаны тиімсіз көрініп, бұл шарттан бас тартқан.
Феликс Магат — кәсіби футболшы және жаттықтырушы ретінде танымал, екі салада да айтарлықтай жетістіктерге жеткен тұлға.
Шабуылдаушы жартылай қорғаушы ретінде ол түрлі клубтар сапында 500-ге жуық ойын өткізген. Оның мансабындағы ең жарқын кезең 1976–1986 жылдар аралығындағы "Гамбург" клубымен байланысты.
Ол Бундес лигадағы 388 матчта 63 гол соғып, командасына үш рет ел чемпионы атануға (1978–79, 1981–82, 1982–83), 1976–77 жылғы УЕФА Кубок иелері кубогын және 1982–83 жылғы Еуропа чемпиондары кубогын жеңіп алуға көмектесті. Соңғы турнирдің финалында "Ювентусқа” қарсы ойында (1:0) жеңіс голын соққан дәл осы Магат болатын.
Халықаралық деңгейде ол 1977–1986 жылдар аралығында Батыс Германия құрамасы сапында 43 ойын өткізіп, 3 гол соқты. Құрамамен бірге 1980 жылғы Еуропа чемпионы атанды, сондай-ақ 1982 және 1986 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері болды.
1990-жылдардың соңында жаттықтырушылыққа ауысқан Магат қатал тәртіп орнататын тактик ретінде танылып, Еуропа мен Азияда барлығы 6 ірі трофей ұтып алды.
Оның ең басты табыстарына "Бавариямен” бірге екі маусым қатарынан (2004–05 және 2005–06) алтын дубль жасауы (Бундеслига мен Германия Кубогы), аутсайдер саналған "Вольфсбургты" 2008–09 жылғы маусымда алғаш рет Бундес лига чемпионы шыңын бағындыруы және 2011 жылы "Шальке” клубымен Германия Кубогын иеленуі жатады. Кейінірек ол шетелдік "Фулхэм" мен "Шаньдун Лунэн” клубтарында жұмыс істеді, ал Германияда "Штутгарт", "Айнтрахт Франкфурт”, "Вердер", "Кайзерслаутерн” клубтарын жаттықтырып, 2022 жылы "Герта” клубын төменгі лигаға кетуден аман алып қалды.
2022 жылдан бастап ол көбірек бизнес жобалармен айналысып жүр және Неміс футболындағы әкімшілік лауазымдарға үміткер ретінде қарастырылуда.
Дереккөздің мәліметінше "Ақтөбе" бапкеріне үміткерлер тізімінде отандық бапкерлер де бар, солардың ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Талғат Байсуфиновтың есіми жиі аталуда.