Танымал маман Асқар Қожабергенов Еуропа Лигасының бірінші іріктеу кезеңінің «Ақтөбе» - «Легия» арасындағы қарымта кездесуіне байланысты болжамын айтты.
«Қазақстандық клубтарға түскен командалардың ішіндегі ең азулысы осы «Легия». Өте тәжірибелі клуб, неше мәрте Польшаның чемпионы атанды. Еурокубоктерде табысты, үнемі топтық кезеңдерден бой көрсетіп жүретінін білеміз. Сондықтан, «Ақтөбеге» қиын болады. Бірақ, меніңше қазақстандық клуб сырт алаңда барынша жақсы өнер көрсетіп қайтқан – 0:1 деген бір трагедия емес. Ақтөбеде жанкүйерлері қолдау білдірсе... Бапкерлік құрам бірінші ойындағы қателіктерді ескеріп, жинаған ақпараттан қортынды шығарса, бір жемісін беруі керек. Бүгін соның бәрін пайдаланып, басқа тактика қолданса бәрі дұрыс болады. Мүмкіндік бар, бірақ қиындау. Қорғаныс шебінде қателіксіз ойнаса, «Ақтөбе» әйтеуір кемінде бір гол салатын қауқары бар. Үлкен үміт артамыз. Алаң иелері лайықты қарсылық білдіреді деп сенеміз», - деді А. Қожабергенов «Аладоп.кз» сайтына берген сұқбатында.
Польшада болған матчта «Легия» 1:0 есебімен ұтып кеткен. Ақтөбедегі жауапты матч бүгін 21:00-де басталады.