Бүгін Еуропа лигасының бірінші айналымында «Ақтөбе» сырт алаңда Польша кубогының жеңімпазы – «Легиямен» күш сынасады. Осы орайда назарыңызға матч алдындағы анонсты ұсынамыз.
«Легия» атауы аталған сәтте, футбол жанкүйерлерінің басым бөлігі «Ақтөбеге» оңай қарсылас түспегенін бірден сезінді. Неге?
Қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс «Легия» былтыр Конференция лигасының ширек финалына дейін жетіп, тек болашақ жеңімпаз — «Челсиге» ғана жол берді. Бұл нәтиже-ақ, қай команданың фаворит екенін аңғартса керек. Сол кездегі құрамын сақтап қалған «Легия» бүгінде де сол үйлесімділігін жоғалтпаған. Команданың өзара түсінігі нәтижеге бастар басты факторлардың бірі. Ал «Ақтөбе» болса, жазғы трансфер терезесінде бірнеше ойыншымен күшейтілді.
2024 жылғы маусымда «Легия» айтарлықтай сәтті ойын көрсеткенімен, ішкі біріншілікті 5-орынмен аяқтады. Осы нәтижеден кейін бас бапкермен келісім-шарт үзілді. Команда Еуропа лигасына тек Польша кубогының финалында «Погоньды» 4:3 есебімен жеңуінің арқасында ғана жолдама алды.
«Ақтөбе» де еурокубок жолдамасына Қазақстан кубогының финалында соңғы минутта «Атырау» қақпасына соғылған голдың арқасында қол жеткізді.
Transfermarkt порталының мәліметінше, «Легияның» жалпы нарықтық құны — 36,55 млн еуро. Ал «Ақтөбенің» құны бұдан шамамен төрт есе төмен (9,78 млн еуро).
Поляк клубының ең қымбат ойыншылары:
«Манчестер Юнайтед» академиясының түлегі, тірек жартылай қорғаушы Максимилиан Ойеделе (4 млн еуро),
орталық қорғаушы Ян Зиолковски (4 млн еуро),
«Вулверхэмптон» түлегі, сол қапталдағы қорғаушы Рубен Винагре (3,5 млн еуро).
Қорғаныс шебінің нарықтық бағасы жоғары болса да, «Легия» шабуылда да өте нәтижелі. Өткен маусымда Польша чемпионатында 5-орын иеленіп, 60 голмен лигадағы екінші үздік көрсеткішке қол жеткізді.
2014 жыл. Еуропа лигасы. Плей-офф кезеңі:
«Легия» – «Ақтөбе» — 3:0 (2:0, 1:0)
2023 жыл. Конференция лигасы. 2-іріктеу кезеңі:
«Легия» – «Ордабасы» — 5:4 (3:2, 2:2)
Қазақстан чемпионатының әлі жалғасып жатқаны «Ақтөбеге» аз да болса артықшылық береді. Команда жазғы трансфер кезінде Георгий Жуков, Артур Шушеначев, Талғат Кусяпов, Вячеслав Швырев сынды отандық футболшылармен, сондай-ақ бірнеше шетелдік легионермен толықты. Қазір клуб Премьер-лигада 3-орынға табан тіреп тұр.
Ал «Легия» болса, маусым соңында чемпионаттан тыс қалып, маусым айының соңынан бері төрт жолдастық кездесу өткізді. Букмекерлік кеңселер поляк клубын айқын фаворит санап отыр.
Айта кетерлігі, 2023 жылы «Тобыл» іріктеу кезеңінде Конференция лигасының болашақ жартылай финалисі — «Базельді» сенсациялық түрде жарыс жолынан шығарған еді. Сондықтан «Ақтөбеден» де үміт үзілмейді.
Матч бүгін 23:50-де Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.