Еуропа Лигасы: жартылай финалдық матчтарға арналған сараптама

06.05.2021, 22:04
Еуропа Лигасының финалына жолдама алатын қос команда бүгін анықталады.
Еуропа Лигасы: жартылай финалдық матчтарға арналған сараптама

Чемпиондар Лигасының финалына шыққан командаларды анықтадық. Келесі кезек Еуропа Лигасында. Бүгін "Рома" "Манчестер Юнайтедті" қабылдады. Ойын Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де басталады.

Бұл матчта Феликс Брих бастаған германиялық төрешілер қазылық етеді

Алғашқы матч қалай аяқталды?

"Олд Траффордтағы" ойын екі түрлі таймнан тұрды. "Рома" ойынның алғашқы бөлігінде жарақат алған үш ойыншысынан айырылды, дегенмен 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда екінші таймда "қызыл сойқандар" жауапсыз бес гол соқты, оның екеуін тәжірибелі шабуылшы Эдинсон Кавани соқты. Қалған үш голды Фернандеш, Погба, Гринвуд өз еншілеріне жазды. 6:2 есебімен жеңіске жеткен "Манчестер Юнайтед" Еуропа Лигасының финалына бір табан жақын тұр

Қарсыластардың формасы:

"Рома" соңғы алты матч бойы жеңістің не екенін білмей келеді. Екі матчта тең нәтижеге қол жеткізген, қалғанында жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды. Соңғы кездесуінде "Сампдориядан" 2:0 есебімен жеңілді (2 мамыр)

Қазіргі позициясы: А сериясында 7-орын

Ал "Манчестер Юнайтед" керісінше, соңғы алты матч бойы жеңілмеді. Бесеуінде жеңіс тойын тойлады, бір ойында тең түсті. Сульшер шәкірттері 2 мамыр күні "Ливерпульмен" кездесуі керек еді. Бірақ бұл ойын жанкүйерлердің жасаған шеруіне байланысты кейінге шегерілді.

Қазіргі позициясы: АПЛ-да 2-орын

Бүгінгі матчқа шығуы мүмкін құрам:

"Рома": Миранте; Манчини, Смоллинг, Ибаньес; Карсдорп, Вильяр, Кристанте, Бруно Перес; Пеллегрини, Мхитарян; Майораль

"Манчестер Юнайтед": де Хеа; Уан-Биссака, Бейи, Магуайр, Шоу; Матич, Фред; Рэшфорд, Бруно Фернандеш, Погба; Гринвуд

Кімдер қатыспайды?

"Рома": Верету, Дзаньоло, Калафьори, Кумбулья, Пау Лопес, Педро, Спинацциола, Эль-Шаарави (барлығы жарақат алған)

"Манчестер Юнайтед": Даниэль Джеймс, Филл Джонс, Марсьяль (үшеуі де жарақат алған)

Қос команданың бас бапкері не дейді?

"Рома" клубының бас бапкері Паулу Фонсека: "Біз шыншыл болуымыз керек. Әрине, 4:0 есебімен жеңіске жету өте қиын. Алайда мен футболда көп нәрсені көрдім. Мүмкін емес нәрсе жоқ. "Манчестер Юнайтед" қазір бізге қарағанда тың көрінеді. Бірінші матчтың нәтижесі де қарсыластың пайдасына жұмыс жасап тұр. Менің ойымша, осындай үлкен жеңістің арқасында олар өздерін қауіпсіз сезінеді. Бірақ біз жеңіске жету үшін ойнаймыз және соңғы секундқа дейін күресеміз".

"Манчестер Юнайтедтің" бас бапкері Оле Гуннар Сульшер: "Біз өз ойынымызды бірінші матчтың нәтижесіне қарап құрғалы отырған жоқпыз. Біз тек жеңіске жету үшін ойнағымыз келеді. Менің ойымша, бұл бүгінгі матчқа арналған ең оңтайлы нұсқа. Әрине, негізгі құрамда бірнеше өзгеріс болады, бірақ біз финалға жетуіміз керек. Барлығы бірауыздан бұл матчтың тағдыры шешіліп қойған деп айтуда. Бірақ мен футболда үлкен сенсацияларды көрдім. Мысалы, "Рома" "Барселонаны" 1:4 есебімен жеңген болатын.


Финалға арналған екінші жолдаманы "Арсенал" мен "Вильярреал" сарапқа салады. Бұл ойын да бүгін түнде өтеді.

Бұл кездесуде Славко Винчич бастаған словениялық төрешілер тобы қызмет етеді.

Алғашқы матч қалай аяқталды?

Бірінші таймда Ману Тригерос пен Рауль Альбиолдың голдары "Вильярреалды" алға шығарды, ал Дани Себальос екінші таймда қызыл қағаз алып, "Арсеналды" он адаммен қалдырды. Лондондық клуб барын салып есепті қысқартуға тырысты, нәтижесінде Николья Пепе пенальтиден гол соқты, ал матч соңында Этьен Капу алаңнан қуылды

Қарсыластардың формасы:

"Арсенал" соңғы алты матчтың үшеуінде жеңіске жетті, екеуінде тең түсті, бір ойында жеңіліске ұшырады. Соңғы кездесуінде "Ньюкаслдан" 0:2 есебімен басым түсті (2 мамыр)

Қазіргі позициясы: АПЛ-да 9-орын

"Вильярреал" соңғы алты матчтың төртеуінде жеңіс тойын тойлады, екеуінде жеңіліс тапты. Соңғы кездесуінде "Хетафеден" 1:0 есебімен айласын асырды.

Қазіргі позициясы: Ла Лигада 6-орын

Бүгінгі матчқа шығуы мүмкін құрам:

"Арсенал": Лено; Чемберс, Холдинг, Пабло Мари, Джака; Эльнени, Парти, Смит-Роу; Пепе, Обамеянг, Сака

"Вильярреал": Рульи; Марио, Альбиоль, Пау Торрес, Педраса; Чуквуэзе, Парехо, Коклен, Тригерос; Алькасер, Морено

Кімдер қатыспайды?

"Арсенал": Себальос (дисквалификация)

"Вильярреал": Иборра, Фойт (жарақат), Капу (дисквалификация)

Қос команданың бас бапкері не дейді?

"Арсеналдың" жаттықтырушысы Микель Артета: "Рас, бұл әр түрлі себептермен клубтағы кейбір ойыншылар үшін соңғы маусым болуы мүмкін. Мен Еуропа Лигасының олар үшін қаншалықты маңызды екенін және олардың осы трофейді жеңіп алғысы келетінін білемін. Пьер-Эмерик Обамеянг "Ньюкаслға" қарсы кездесуде жақсы ойнады. Ол өзін бұрынғыдан әлдеқайда жақсы сезінді. Обамеянг үшін гол соғу өте маңызды болды. Бұл тек "Арсеналдың" еурокубоктегі оныншы жартылай финалы, сондықтан біз үшін бұл маусымның өте маңызды бөлігі болып табылады".

"Вильярреалдың" жаттықтырушысы Унаи Эмери: "Біз екінші ойынды "Арсеналға" және Еуропа Лигасына деген үлкен құрметпен, сондай-ақ үлкен ынта-ықыласпен өткіземіз. Бүгін Пьер-Эмерик Обамеянг алаңға шығады, сондықтан біз ең мықты командаға тап болдық. Менің ойымша, бірінші матчтан кейін ештеңе өзгерген жоқ. "Арсенал" осы жұптың фавориті болды және сол күйінде қалады. Біз оларға лайықты қарсылық көрсету үшін бәрін жасаймыз"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×