Еуропадағы мансабы басталмай жатып аяқталмақ ба? – Ислам Чесноковға Ресейлік клуб құрық сала бастады

Бүгін, 14:17

Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ислам Чесноков мансабын Ресейде жалғастыруы мүмкін, деп хабарлайды Aladop.kz.

Еуропадағы мансабы басталмай жатып аяқталмақ ба? – Ислам Чесноковға Ресейлік клуб құрық сала бастады

Шотландиялық Hearts Standard басылымының мәліметіне сүйенсек, Ресей Премьер лигасының өкілі — Самарлық “Крылья Советов” клубы 26 жастағы футболшыны өз қатарына қосу үшін Шотландиялық “Хартс” ұжымына қомақты, алты таңбалы еуромен өлшенетін ресми ұсыныс дайындап жатыр.

Ислам Чесноков Эдинбург қаласының “Хартс” клубына осы жылдың қаңтар айында ғана алдын ала жасалған келісімшарт негізінде үлкен үмітпен қосылған болатын. Алайда, арада небәрі жарты жыл өткенде оның Еуропадағы өмірі тығырыққа тірелген сыңайлы.

Дереккөздердің мәліметінше, отандасымыз Шотландиядағы тұрмыс-тіршілікке, бөтен мәдениет пен климатқа мүлдем бейімделе алмаған.

Сәтсіз адаптациядан қажыған Илам Чесноков өзінің туған жеріне немесе географиялық тұрғыдан Қазақстанға әлдеқайда жақын аймаққа ауысуды өзі қатты қалап отыр. Ресейлік Самара клубының бұл ретте белсенді шығуы футболшының жоспарына толықтай сай келеді.

Артта қалған маусымда Ислам Шотландиялық ұжым сапында барлық турнирлерді қосқанда 11 ресми матчта бақ сынап үлгерді. (1 гол, 1 нәтижелі пас)

Ол өзінің “Хартс” жейдесіндегі жалғыз голын ақпан айында Шотландия чемпионаты аясында өткен “Фалкирк” клубына қарсы кездесуде соғып, командасына маңызды жеңіс (1:0) сыйлаған болатын.

Ислам Чесноковтың Еуропадан кететіні туралы сыбыс шыға салысымен, Қазақстан Премьер лигасының алпауыттары да шұғыл іске кіріскені белгілі. Футболшының бұрынғы ұжымы қостанайлық “Тобыл” мен Шымкенттік “Ордабасы” клубтары бұл жағдайды жіті бақылап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×