Ағылшын Премьер лигасының 12-турында өткен "Манчестер Юнайтед" – "Эвертон" матчында күтпеген оқиға орын алды, деп хабарлайды Aladop.kz.
"Эвертонның" жартылай қорғаушысы Идрисса Гана өз командаласы Майкл Кинді алаң үстінде шапалақпен шартып жібергеннен кейін, тікелей қызыл қағаз алды.
Матчтың небәрі 13-минутында қорғаныстағы түсінбеушіліктен туған дау жанжалға ұласты. Кин әріптесіне ескерту жасаған сәтте Гана ашуға булығып жақындайды, ал Кин оны қолымен алыстатқанда Сенегалдық ойыншы бірден шапалақпен салып қалған. Оқиға төрешінің дәл көз алдында өрбігендіктен, ол еш ойланбастан тікелей қызыл қағаз көрсеткен.
Бұл – Гананың Англиядағы мансабындағы алғашқы алаңнан қуылу оқиғасы.
Джордан Пикфорд пен Илиман Ндияе ашуға булыққан ойыншыны тыныштандырып, алаңнан алып шықты. Осылайша жағдайдың ушығуына жол берілмеді.
Алаңда бір ойыншысы кем қалғанына қарамастан, "Эвертон” сырт алаңда жеңіске жетті. Кездесу 0:1 есебімен аяқталды. Жалғыз голды 29-минутта Ағылшын жартылай қорғаушысы Киран Дьюсбери-Холл соғып, өзінің командасына "Олд Траффордта” аса маңызды үш ұпай әкелді.