Отандық футбол ардагері биылғы біріншіліктің өте тартысты әрі болжап болмайтын сипатта өтетініне сенімді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы Евгений Аверченко Sports.kz порталына берген сұхбатында жаңа маусымнан не күтетінін бөлісті. Маман "Қайраттың” чемпиондық амбициясы мен биылғы маусымда Премьер лигаға қосылған жаңа ұжымдардың мүмкіндігіне тоқталды.
Аверченко Алматылық клубтың тағы да чемпион атану мүмкіндігіне жоғары баға берді, алайда қарсыластардың да қарап қалмайтынын ескертті.
"Неге болмасқа? Кезінде "Астана” алты жыл қатарынан үздік шыққан болатын. Бірақ бәсекелестердің де деңгейін ескеру керек. Меніңше, биылғы чемпионат күтпеген нәтижелерге толы болады. Кімнің неге қауқарлы екенін алғашқы бес-алты турдан кейін түсінеміз. Қазірше біз тек "Қайрат” пен "Тобылдың” ойынын ғана көріп үлгердік.” — деді маман.
Биылғы маусымда элиталық дивизионға қосылған "Каспий", "Ертіс" және "Алтай” ұжымдарына қатысты Аверченконың пікірі нақты. Оның ойынша, бұл командалар үшін басты міндет — Премьер лигада тұрақтап қалу.
Маман өткен маусымдағы "Оқжетпестің” жетістігін мысалға келтіре отырып, жаңадан келгендердің ішінен де біреуі оқ бойы озып шығуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Премьер лига мен Бірінші лиганың қарқыны мен сапасы екі бөлек. Дегенмен, кез келген жаңа команда үшін алғашқы мақсат — турнирлік кестеде мүмкіндігінше жоғары орыннан көріну және төменгі лигаға түсіп қалмау.” – деп қорытындылады Аверченко.