Евстафий Пехлеваниди: Қазақстанның жақсы мүмкіндігі бар

20.03.2024, 18:01

Грекия мен Қазақстан арасындағы матчқа тура бір күн қалды. Бәсі жоғары бәсеке алдында қазақ футболының аңызы, «Қайраттың» жұлдызы - Евстафий Пехлеванидимен сұқбаттасқан болатынбыз. Бүгінде Грекияда тұратын даңқты футболшы екі ел арасындағы тарихи байланыс турасында ойын ортаға салды. Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық құрамасы жайлы ой-пікірін білдіріп, жігіттерге ертеңгі матчта сәттілік тіледі.

Евстафий Пехлеваниди: Қазақстанның жақсы мүмкіндігі бар

Менің әкем де сол уақытта күштеп қоныс аударылған халықтардың бір өкілі. Қателесетін шығармын, бірақ, менің әкем 1949 жылы КСРО-да Қазақстаннан шыққан тұңғыш спорт шебері болуы мүмкін.

- Сұқбатымызды грек-қазақтың тарихи байланысынан бастасақ. Жамбыл облысының футболы туралы кітапта Қаратау, Жаңатас сияқты қалаларда грек ұлтының өкілдері көп тұрған дейтін ақпарат бар…

- Иә, Тараз жерінде өте көп болған. Жалғыз Қаратау емес, Кентау, Пахтарал… 1949 жылдары грек ұлтының азаматтарын Жамбыл жеріне күштеп көшірді.  Мүмкін одан бұрын шығар, кім білсін. Негізінен Орталық Азияға жер аударған ғой. Оның ішінде әсіресе осы қазақ жеріне гректерді, немістер, шешендерді, орыстар мен асетиндерді көптеп қоныс аударғандығы белгілі. Әкемнің естеліктерінен білемін. Марқұм ондай күштеп қоныс аударылған халықтарды «неблаганадежный» деп атайды деуші еді. Өзімнің де әкем доп тепті. «Динамо» Тбилисиде ойнаған. Менің әкем де сол уақытта күштеп қоныс аударылған халықтардың бір өкілі. Қателесетін шығармын, бірақ, менің әкем 1949 жылы КСРО-да Қазақстаннан шыққан тұңғыш спорт шебері болуы мүмкін. Ол кезде бізде кәсіби команда болған жоқ қой. Менің әкем мен оның әріптестері Таразда тек әуесқой деңгейде ойнаған.

Таразда балалар мен жасөспірімдерді жаттықтырғандар арасында грек ұлтының бапкерлері көп болды.

- Тараз футбол мектебінің бастауында грек халқының да үлесі бар деуге болатын шығар?

- Иә, әрине. Бұлай деуге толық негіз бар. Таразда балалар мен жасөспірімдерді жаттықтырғандар арасында грек ұлтының бапкерлері көп болды. Мысал үшін Георгий Хастенидің есімін жамбыл футболының тарихымен таныс азаматтар жақсы біледі. Сол өңірде алғаш футболдың қыр-сырын меңгеріп, түлеп ұшқан Хутиди, Мутиди дейтін грек азаматтарын да атап өтуге болады. Олардың арасында қазір спорт жанашыры болып, осы футбол спортын дамытуға атсалысып жүрген меценаттары да жетерлік.

Тарихи жетістікке бір-ақ қадам қалды. Қазақстанның жақсы мүмкіндігі бар.

- Ертеңгі ойынды күтіп жүрген шығарсыз? Қазақстан Ұлттық құрамасы жайлы не айтасыз?

- Бұл бүкіл Қазақ елі үшін үлкен оқиға. Тарихи жетістікке бір-ақ қадам қалды. Қазақстанның жақсы мүмкіндігі бар. Даниямен болған ойынды алып қарайықшы. Асхат Тағыбергеннің алыстан тепкен добын айтамын. Ертең осындай мүмкіндікті жібермеу керек. Қапы қалатын тұс емес. Қазақстандық футболшылар барын салуы тиіс. Жігіттерге тек қана сәттілік тілеймін.       

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 17
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×