Федерико Вальверде. Алып дене, ауыр соққы

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
08.05.2020, 07:33
Әлем футболына жаңа жұлдыз келіп қосылды.
Федерико Вальверде. Алып дене, ауыр соққы

«Ноу Камп». 100 мың адам «Барселона» мен «Реал» арасындағы ойынды тамашалауға келді. Оның ішінде біз де бармыз. Ғаламат атмосфера, үлкен стадион, қиқулаған жанкүйер. Тактикаға құрылған ойын. Бір жақтан Зидан, бір жақтан Вальверде футболды басқарып тұр. Ал маған «Реал» сапындағы жүрген жартылай қорғаушының ойыны ұнап барады.

-        Нұрсұлтан, қарашы анау ортадағы «Реал» ойыншысы қалай қимылдайды? – деп таңырқап отырдым. Әріптесім Нұрсұлтан Құрман да «Иә жақсы ойнайды екен» деп мақұлдап қояды.

Тер Штеген қорғаған қақпаның үстіндегі трибунада отырғанбыз, кенеттен «Барса» ойыншылары ортада доптан айырылып, қателік жасағандарын ұқты. Екі-үш адымдап келіп 27 метрден соққы жасаған «Реал» ойыншысы Федерико Вальверде қақпа маңдайышасын қақыратып жібере жаздады.

Осы матчтан соң Вальверде жайлы көптеген ақпараттар оқи бастадық. Мамандар оны «Реалдың» жарық жұлдызына айналады дейді. Кейіннен «Реал» мен «Атлетико» Сауд Арабиясына барып Испан Кубогының финалын ойнағанда осы Вальверде тағы бір мәрте көзге түсті. Қақпашыға жалғыз шауып бара жатқан Альваро Моратаның арқасынан шыға келген Вальверде қарсыласынан допты тартып алды. Солайша алаңнан да қуылды. Бірақ, соның арқасында «Реал» Испан кубогын жеңді емес пе?

Федериконың футболға деген ынтасы ерте ашылыпты. 3 жасында ол доп тебуді сүйікті әдетіне айналдырады. Кейіннен 5 жасында футбол үйірмесіне барады. Бірақ бапкерлер оны ресми жарыстарда ойнатпайды екен. Себебі, жарысқа қатысу үшін кем дегенде 6 жаста болуы керек. Уругвай астанасы Монтевидео нағыз футбол қаласы. Көптеген футбол үйірмелерінің ішінен Федерико "Студенттер одағының клубына" жазылады. Кейіннен осы клуб Вальвердені тәрбиелегені үшін «Реал» клубынан 11 мың ақш доллар көлемінде сыйақы алды.

Алайда, 9 жасында бұл баланы «Пеньяроль» клубы өз қарамағына алады. 17 жасында алғаш рет негізгі команда сапында Уругвай біріншілігінде ойнайды. Бұл командада ойнаған Диего Форлан Федерикоға ұстаз болады. Футболдың көптеген қыр-сырын осы Форлан үйретеді. Уругвай примерасында небәрі 2 ойын өткізгеннен кейін-ақ әлемдік скауттар мен агенттер Вальверденің үйін торуылдайды. Алпауыт клубтың өкілдері оны өздеріне шақырады. Бірақ, ол 2015 жылы 17 жасында-ақ «Реал» Мадрид клубына ойнауға келісімін береді. Трансфер құны 5 миллион еуро.

Федерико Мадридке келісімен оны клуб бапкерлері екінші командаға жіберіп, Сегундада тәжірибие жинасын дейді. Сегундада ол 30 ойынға қатысып, 3 гол салады. 2017 жылы «Реал» басшылығы жас аяқдопшыны «Депортивоға» жалға береді. «Депортиво» мен «Барселона» кубок кездесуінде қызықты ойын көрсетеді. Сол матчта Уругвайдан келген жас ойыншының шеберлігін көрген Луис Суарес, матч аяқталған соң «Депортивоның» киім шешетін бөлмесіне барып, Федерикоға өзінің жейдесін сыйлап кетеді. Кейіннен «Реал» бапкері Хулиен Лопатеги оны АҚШта болатын турнеге апарады. Онда ол «Манчестер Юнайтедке» қарсы матчта алаңға шығады. Сол жазғы трансферде Матео Ковачич «Челсиге» жалға берілді. Сондықтан да, бапкерлер Федені командада алып қалуды жөн санайды.

Уругвайлық журналистер Вальвердені Марадонамен салыстырады. Себебі, екеуінің өмірінде бір мұңды сәт бар. 1978 жылы Сесар Менотти деген бапкер 16 жастағы талантты ойыншы Диего Арманданы Әлем чемпионатына апармай қояды. Бастапқыда ол 23 ойыншының тізімінде болған. Кейіннен бапкер шешімін өзгертіп жібереді. Марадона сол шақта көзі суалғанша егіл-тегіл жылаған. Негізгі құрамның футболшысы Вальверде іріктеу сынында жақсы ойнады. Алайда, Оскар Табарес Ресейдегі мундиальға бұл ойыншынаы апармады. Неге екені жұмбақ.

Феденің әкесі үнемі жұмыста жүреді екен. Футболға алып келген шешесі Донис Вальверде. Донис апай баласын "Студенттер одағының клубына" да, «Пеньярольға» да алып барған. Енді шешесі қазір Мадридте тұрады. Өйткені Федерико мамасы пісірген тамақтан ғана нәр алады-мыс. Ал шешесі болса «Сантьяго Бернабеуге» баруға қорқады. Баласының ойынын теледидардан тамашалағанды ұнатады екен.

21 жастағы ірі денелі жартылай қорғаушы алыптығына қарамастан өте жылдам. Үш-төрт аттаса ортадан айып алаңына жетеді. Доп тартып алып, пас шығаруды жақсы меңгерген. Алыстан бағыттайтын соққылары да жойқын. Зинедин Зидан оны әртүрлі позицияда ойнатып көрді. Чемпиондар лигасында ол тіпті қапталда ойнады. Зинедин команда қорғанған кезде Федені ортаға ойыстырып, шабуылдағанда қапталға баратындай қылып үйретсе керек. Дегенімен, жас таланттан ғаламат ойыншы шығатынға саяды. Бұл ойыншы тек «Реалдың» ғана емес Әлем футболының жұлдызына айналатын күн алыс емес. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Федун вирус жұқтырыпты
Серіктес жаңалықтары
×