FIFA ұйымы 2030 жылы өтетін әлем чемпионатына 64 ел қатысуы мүмкін деген қауесетке нүктесін қойды.
ФИФА 2030 жылы өтетін футболдан ерлер арасындағы әлем чемпионатында қатысушылардың санын 64 құрамға дейін кеңейтуді жоспарлап отырған жоқ. The Guardian мәліметінше, бұл шешім ФИФА президенті Джанни Инфантиноның Уругвай, Парагвай және Аргентина футбол қауымдастықтарының басшыларымен өткізген талқылауларынан кейін қабылданған.
64 құрамадан тұратын турнирді құру идеясы алғаш рет өткен жылдың сәуір айында ФИФА кеңесіне ұсынылған еді. Алайда бірден теріс пікір туғызды. УЕФА президенті Александр Чеферин бұл ұсынысты «жаман идея» деп атап, ол турнирдің сапасын төмендетіп, іріктеу кезеңін әлсірететінін айтты.
64 құрамадан тұратын әлем чемпионаты өтсе, 128 матчты қамтиды. Бұл үш жыл бұрын Қатарда өткен жаһандық додадан екі есе көп және келесі жылы өтетін турнирден 24 матчқа артық. Айта кетейік, соңғы онжылдықтарда әлем чемпионатының қатысушылары айтарлықтай кеңейді. 1982 жылы құрамалар саны 16-дан 24-ке өсті. 1998 жылы 32-ге жетті. Ал келесі жазда турнирге 48 құрама қатысады.
Әлем чемпионатын кеңейту жөніндегі кез келген шешімді ФИФА кеңесі қабылдайды. Кеңес келесі айда Цюрихте жиналады. Бірақ бұл мәселе күн тәртібіне енгізілмейді деп күтілуде.