Халықаралық футбол федерациясы Малайзия құрамасының жеті бірдей футболшысын және Футбол қауымдастығын тәртіп бұзғаны үшін жазалады.
ФИФА-ның Дисциплинарлық комитеті Габриэль Пальмеро, Факундо Гарсес, Родриго Ольгадо, Иманоль Мачука, Жоао Фигейредо, Хон Ирасабаль және Хектор Хевел есімді ойыншыларды 12 айға футболдан шеттетті.
Тергеу қорытындысына сәйкес, ФАМ ФИФА-ға ресми сұраныс жасаған кезде жалған құжаттар тапсырған. Сол арқылы бұл ойыншылар 10 маусым күні Азия кубогының 3-іріктеу кезеңінде Вьетнамға қарсы матчта Малайзия сапында алаңға шыққан.
ФИФА шешімі бойынша:
• Футбол қауымдастығы 350 000 Швейцар франкі көлемінде айыппұл төлейді
• Әр футболшы 2000 франктен айыппұл арқалайды
• Барлық жеті ойыншы бір жыл бойы кез келген футболдық қызметке (матчтарға қатысу, жаттығу, ресми шаралар) қатысу құқығынан айырылады
Бұл шешім ресми хабарламаның жарияланған күнінен бастап күшіне енеді. Малайзия тарапында және ойыншыларда ФИФА-ның Апелляциялық комитетіне шағым түсіруге мүмкіндік бар.