ФИФА президенті Джанни Инфантино Қазақстандағы футболдың дамуына жоғары баға беріп, ҚФФ академиясына FIFA Talent Academy мәртебесінің берілуімен құттықтады.
“Сіздерді осы тарихи күнмен шын жүректен құттықтаймын. Бұл Қазақстан футбол федерациясы академиясының ФИФА таланттар академиясы мәртебесін иеленуі.
Соңғы рет 2023 жылдың мамырында Қазақстанға келгенімде, футболды дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмысты көзіммен көріп, қатты әсер алған едім. Бүгінде Қазақстанның футболға деген көзқарасы, жастарға беріп отырған мүмкіндіктері елді нағыз футбол державасына айналдырып отыр.
ФИФА үш жыл бұрын Talent Development бағдарламасын бастады. Басты мақсатымыз кез келген дарынды балаға, ол қай жерде тұрса да, әлеуметтік немесе қаржылық жағдайына қарамастан, өз әлеуетін ашуға мүмкіндік беру.
Бұл жоба біздің жаһандық футболды дамыту бөлімінің басшысы Арсен Венгердің бастамасы. Оның идеясы футболды шын мәнінде әлемдік спорт ету, барлық континентте стандарттарды көтеру және көбірек қыздар мен ұлдарға кәсіби деңгейде ойнауға жол ашу.
FIFA Talent Academy жас футболшылардың арманын жүзеге асыратын маңызды қадам. Мұнда балалардың техникасы ғана емес, тәртіп, көшбасшылық, командалық жұмыс секілді өмірлік құндылықтары да қалыптасады. Біз олардың тек алаңда ғана емес, қоғамда да пайдалы азамат болып өсуін қалаймыз.
Қазақстандағы бұл жобаны тәжірибелі маман Виталий Астафьев басқарады. Ол Латвия құрамасында 2004 жылғы Еуропа чемпионатында ойнаған. Оның тәжірибесі жас Шазақстандықтар үшін үлкен сабақ болары анық.
Мен Қазақстанның алдағы уақытта да биік жетістіктерге жететініне сенемін және сіздерді ФИФА-ның басқа да іс-шараларында қуана қарсы аламыз.” – деді Инфантино.
ҚФФ