Міне, жауабы қиындау, маңызды сауал осы. «Халық сөзінің» №15 санында (26.02.13) жарияланған футболдан ТМД елдері чемпионатын өткізудің пайдасы туралы мақалада айтылған мәселенің мәнісін терең ұғына түсуді қажет ететін сияқты. Себебі ТМД біріншілігін өткізуді Ресей, Украина және Беларусь мамандары жан-жақты қолдап, бастамшыл болып отырғанымен, ФИФА бұған қарсы. Неге? Енді соған келейік.
ФИФА президенті Йозеф Блаттер қаңтардың 20 күні Санкт-Петербург қаласында болған баспасөз мәслихатында былай деп кесіп айтты: «ФИФА үшін бұл жарыс мүлде қызықсыз. Біз футбол клубтары маңызды рөл атқаратын пирамидалық ұйымбыз. Клубтық бәсекелер ұлттық қауымдастықтардың бақылауы шеңберінде ғана жүзеге асады. Яғни тек әр ел мен қауымдастық шекарасы шегінде орындалады деген сөз. Бұл – негізгі принцип».
Осылай дей келіп, ол географиялық принцип бойынша құрылған УЕФА, КОНМЕБОЛ сияқты конфедерациялар барын еске салды. ФИФА конгресі бұларға өз аумағында ғана жарыстар ұйымдастыру құқын берді. Мысалы, Либертадорес және Чемпиондар лигасы деген сияқты. Блаттер мырза: «Мұның бәрі ФИФА-ның, конфедерациялар мен ұлттық қауымдастықтардың жарғысына сәйкес келеді. Алайда шекарадан шығуға ешқашан жол берілмейді. ТМД чемпионаты дұрыс шешім емес. Ол ФИФА пирамидасын бұзып, біздің «отбасылық» ынтымақтастығымызға орасан зор нұқсан келтіреді» дейді.
Ал бұған қарсы айтар қандай уәж бар? Идеяны ортаға тастап, отқа май құйғандай лапылдатқандар ресейлік «Газпромның» басшысы Алексей Миллер, ЦСКА мен питерлік «Зениттің» президенттері Евгений Гиннер мен Александр Дюков, Махачкаланың «Анжи» клубы директорлар кеңесінің төрағасы Константин Ремчук және басқалар. Өткен жылдың соңына қарай Валерий Газзаев басқаратын біріккен чемпионат өткізу жөнінде ұйымдастыру комитеті де құрылған. «Анжи» жаттықтырушысының сөзіне қарағанда, ТМД чемпионатын ұйымдастыруға Украина мен Беларусь те, Қазақстан мен Армения да қызығушылық танытып отырған көрінеді. Ең алдымен, бұл – жанкүйерлер мүддесінің бір жерге тоғысқаны. Екіншіден, көптеген клубтардың қаржылық жағдайы нашар, соған байланысты өз біріншіліктерінен шығып қалады. Сондықтан жаңа чемпионатты, жаңа лиганы ұйымдастыру көп жағдайда клубтар тірлігін жақсартуға ықпал етеді.
Шындығында солай ма? ФИФА-мен қайшы келу ТМД елдері футбол өркениетіне қаншалықты пайда әкеледі? Бұл жағы әзірше белгісіз. Дегенмен, егер идея ФИФА құзырынан тыс, өзімбілемдікпен жүзеге асырылып жатса, ешкімге ешқандай тиімділік бермейтіні айқын нәрсе. Қайта әлемдік футбол қауымдастығының арасына сына қағылады. Әрі бұра тарту арқылы футбол ойынының мәртебесін көтеру қисынға келе қоймайды.
Негізі ресейлік футбол жанашырлары теңбіл доп додасын Құрлықтық хоккей лигасындағыдай етіп ұйымдастырғысы келеді. Бір жағынан, бұл бәсекелестікті бұрынғыдан да күшейте түсуге ықпал етер еді. Оған сөз жоқ. Баяғы кеңестік кезеңдегідей «Қайрат» үшін бәс тігіп, қиқуға қиқу қосып стадионға ағылар ма едік? Дәл қазір «Барыс» хоккейшілерінің әр қадамын қас қақпай қадағалап отырған миллиондаған қазақстандық жанкүйердің қатарын футбол десе ішкен асын жерге қоятын тағы миллиондаған жанкүйер толықтырар еді. Әрі футболдың көрігі қызып, футболшылардың бәсекелестік қабілеті мен жауапкершілігі арта түсетін шығар. Бірді-екілі командамыз ТМД чемпионатында атой салып жүрсе, Қазақстанның өзге клубтарының да тартылуына, белгілі бір мақсатқа ұмтылуына ықпалын тигізуі мүмкін. Бірақ бұл теория жүзінде ғана. Айтуға жеңіл, әйтпесе, Кеңес одағындай емес, өз мүддесі, өз саясаты бар елдердің бірігіп футбол біріншілігін өткізуінің өзіндік қиындықтары алдан шығатыны хақ.
Дәл сол сияқты Чемпиондар лигасы, Еуропа Кубок иелерінің кубогы сияқты ФИФА аясындағы ойындарға командаларымыз біраздан бері қатысып келеді. Ең құрығанда жартылай финалдың қарасын көре алмай қалатын өзіміз. «Ақтөбе», «Шахтер», «Тобыл», «Жетісу», «Ертіс», «Қайрат» сияқты клубтық командалар талай мәрте жанкүйерлердің үмітін жаға алмай, жолда қалды. Сондықтан ТМД чемпионаты ұшпаққа шығарады дегенге сену қиындау.
Қарапайым жанкүйердің футбол бәсекелерін неғұрлым жоғары деңгейде көргісі келетіні түсінікті. Бірақ ақиқаттың көзіне тура қарайық, Блаттердің батасын алмай ТМД чемпионаты туралы бас қатырудың реті қалай болар екен? Ниет жақсы, қолдайтындар көп болғанымен, халықаралық заңдылықтан аттап кетуге болмайтын шығар.
P.S. Әрине, Й.Блаттер – футбол әлеміндегі ең ірі тұлға. ФИФА-ны басқарып отырған соң оның пікірі шешуші рөл атқаруға тиіс. Бірақ осы саладағы екінші ірі ұйым УЕФА-ның басшысы М.Платинидің пікірі де көп мәселені шешіп кетуі әбден мүмкін. Яғни Еуропа футболының көсегесін көгертіп жүрген бұл ұйым ФИФА-ға жан-жақты ықпал ете алады. Ал Мишель Платини әзірге өз сөзін айта қойған жоқ. Сондай-ақ Балқан төңірегіндегі өзгерістерге түсіністікпен қарауға бейім отыр ол. Егер ТМД футбол шаруашылығының басшылары бірегей келісімге келіп жатса, ФИФА-ның шешімі де (нақтысы, Й.Блаттердің) қатып қалған догма деуге келе қоймас. Ең бастысы, сең қозғалды. Осы төңіректе үлкен ойын жүріп жатыр. Әйтеуір футбол жеңіске жететін шешімге бір келерміз. Пікірталас жалғасуда. Хат күтеміз.
А.ЕСЕМБАЕВА
МАРИЯНЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙЫН ДЕП ТҰР
Бір-екі жыл көлеміне жұлдызы аспан көгінде жарқырайын деп тұрған бір спортшының аты жиі айтыла бастады. Ол – Қостанай қаласының тумасы Мария Шишкина. Он төрт жасқа жаңа толған Марияны бүгінде бүкіл АҚШ спорт білгірлері жоғары бағалайды. Оны екінші Марина Шарапова деп те атап жүр теннис мамандары.
Болашақта М.Шишкинаның жұлдызы теннисші апалы-сіңлілі Уильямстер, миллионер гольфші Тайгер Вудс секілді тым биікте жарқырайтын болады деген болжам бар.
Әлгінде айтқандай, Мария Қазақстанда туылған. Шешесі кезінде қызын Андре Агасси, Моника Сейлс, Мария Шарапова және Николь Вайдишева секілді атақты спортшылар қанаттанып шыққан Ник Боллетьери академиясына оқыту үшін Флорида штатына көшіп барған көрінеді. Қазірдің өзінде ол Э.Херри атындағы жасөспірімдер турнирінің жеңімпазы, таяуда өзінен он жас үлкен К.Хорискиді аттан аударса керек.
– Бұл қыздың болашағы зор, – дейді Н.Боллетерьеридің өзі. – Оның есімін естеріңізде сақтаңыздар, күндердің күнінде спорт әлемін өзіне қарататын қыз осы. Оның қимыл-қозғалысы керемет. Оң қолы мен сол қолының соққылары бірдей, жылдам, шалт әрі өте күшті. Т.Остиннен кейін мұндай адамды бірінші рет көріп тұрмын.
М.Шишкина туралы таяуда бір америкалық компания киноролик түсіріп үлгеріпті. Мұндай роликтер бұрын апалы-сіңлілі Уильямстер, У.Болт, Т.Будс туралы ғана түсірілген екен. Ол кезде олар да ешкімге белгісіз болған. Марина үшін де олардың тағдырын қайталау мүмкіндігі бар. Алда ол қыз қай елдің намысын жыртар екен? Мария – АҚШ азаматы. ITF турнирлерінде Қазақстан туы астында өнер көрсеткен екен. Біздің спорт шенеуніктеріміз осы бастан М.Шишкинаны бауырларына тарта білсе, әлемдік аренада қазақтың Әнұраны талай шырқалатын сыңайлы.
ТӨРЕШІЛІКТЕН ҚУЫЛСА ДА ФУТБОЛДАН КЕТЕ ҚОЙМАПТЫ
Өткен жылғы «Тобыл» мен «Тараз» командалары арасындағы жағымсыз оқиғадан кейін футболда төрешілік етуден өмірбойы қуылған Сергей Пасько футболдан кете қоймапты. Неге?
Бұл мәселе туралы ҚФФ жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент бастығы И.Бзаров былай дейді:
– Пасько – Алматы қаласының футбол федерациясы төрешілік және инспекторлар комитетінің төрағасы. Бұл ҚФФ-ның бақылауындағы ұйым емес. Біз тек әріптес қанамыз, кейде кепілдіктер беруіміз мүмкін, сондықтан бұл төрешінің қоғамдық негізде жұмыс істеуіне тыйым сала алмаймыз. Ал Алматы федерациясы оны ҚФФ өткізетін турнирлерге төрешілік етуге ұсынса, сөз басқа. Онда Паськоның жолы жабық, біздің жұмыс аясында өтетін жарыстарға ол қатыса алмайды.
Оқырманның есінде болса, өткен жылы жоғарыда аталған командалар арасында күмәнді сәттерде қателікке жол бергені үшін С.Пасько мәңгілікке төрешілік етуден аластатылған еді.