Футболдан ел кубогының бас жүлдесін сарапқа салатын қос команда белгілі болды. 13 қарашада Алматының Орталық стадионында Қостанайдың «Тобылы» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубы кездеседі.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Тараз» – 3:0
Голдар: Әшірбеков, 2. Тәжімбетов, 70. Қожабаев, 74.
«Тобыл» (Қостанай) – «Ертіс» (Кереку) – 3:2
Голдар: Волков, 22. Гридин, 31. Бекрич, 33 – Мальцев, 76. Зебелян, 82-өз қақпасына
Кеше жартылай финалдың жауапты кездесулері өтті. Шымкентте оңтүстіктің дербиі өтіп, жергілікті «Ордабасы» «Таразды» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Естеріңізге сала кетейік, жартылай финалдың бірінші ойынында «Тараз» өз алаңында шымкенттіктерді 3:1 есебімен жеңген болатын. Сондықтан болса керек, өз жерінде тізгінді бірден қолдарына алған «Ордабасы» ойыншылары екінші минутта-ақ есеп ашты. Екінші голды екінші таймның 70-минутына дейін күтуге тура келді. Негізі, 2:0 есебі де «Ордабасыны» финалға жетелейтін. Бірақ бұл есепті де місе тұтпаған алаң қожайындарының қорғаушысы Әуезхан Қожабаев «Тараз» қақпасына үшінші голды соқты.
Бұл кездесуге қарағанда Қостанайдағы матч тартысты өтті. Керекуде 1:1 есебімен тарқасқан командалар жеңімпазды «Затоболец» стадионында анықтады. Негізі, жарты сағаттың ішінде-ақ алаң қожайындары қонақтар қақпасына үш гол соғып үлгерген. Екінші таймда «Ертіс» ойыншылары қатарынан екі гол соғып, есепті қысқартты. Бірақ бұдан арыға шамалары жеткен жоқ.
Автор: Асфендияр Жанаділ