Екі команда 2006 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында кездесіп, сол жолы да Италия жеңген еді – 2:1. БАЛОТТЕЛИДІҢ ДУБЛІ
20 минутта Балоттели өзінің алғашқы голын соқты. Сол қанаттан Кассано айып алаңына пас берді. Допқа бірінші жеткен «Супер Марио» 7 метр жерден баспен гол соқты.
Араға 16 минут салып, Балоттели екінші голын енгізді. Монталиво айып алаңына алыстан пас тастаған. Шабуыл шебінде жалғыз тұрған Марио допты 12 метр жерден қатты теуіп, есепті еселеп кетті. Германия құрамасының қақпашысы Нойер доптың қалай қақпаға өтіп кеткенін байқамай да қалды.
Гол соққан Баллотели мақтанып тұр. Польша, Варшава, 28 маусым 2012 жыл.
Матчтың 70 минутында Германия бапкері Йоахим Лев тәуекелге барып, қорғаушыларды азайтып, ойынға тыңнан үш бірдей шабуылшы қосты. Немістерде екі қорғаушы ғана қалды. Германия шабуылы тау құлатар қарқынмен үдеп сала берді. Алайда Италияның тас қамал қорғанысын бұза алмады.
Ойынның 90 минутында айып алаңындағы талас кезінде Андреа Бардзальидың қолы допқа тиіп кетіп, төреші пенальти белгіледі. Месут Озил мүлт кеткен жоқ. Есеп қысқарды – 2:1.
Немістер бұдан соң, есепті теңестіруге барын салды. Тіпті соңғы сәттерде Германия шабуылына қақпашы Нойер де қосылды. Бірақ нәтиже шықпады - 2008 жылғы Еуропа чемпионатының финалы қайталанбайтын болды.
Биылғы Еуро-турнирдің финалында Испания мен Италия ұлттық құрамалары кездеседі.
Италия мен Испания 2008 жылғы Еуропа чемпионатының ширек финалында кездесіп, екі команда бірін-бірі ала алмай, пенальтиге дейін барысқан. Пенальтиде Испания ұтып кеткен еді.
Биылғы Еуро-турнирдің топтық кезеңінде де қос команда өзара кездесіп, 0:0 есебімен тең түскені есімізде.
ГЕРМАНИЯ МАТЧ АЛДЫНДА ФАВОРИТ САНАЛҒАН
Ойын алдында «Азаттықтың» сарапшылары мен Қазақстан құрамасының ойыншылары Германия жеңеді деп нық сеніммен айтқан еді.
Баллотелидің (көк форма) голы. Нойердің (қызыл киімде) шарасыз тұрып қалған сәті. Польша, Варшава, 28 маусым 2012 жыл.
Мәселен, «Ақтөбе» командасының ойыншысы Самат Сымақов «Германия мықты. Олар чемпионаттың финалына шығып қана қоймай, биылғы жарыста жеңіске жетеді» деген еді.
Қазақстан құрамасының футболшысы Азат Нұрғалиев та немістердің жеңісіне сенген болатын.
- Италия - жеңіске лайық команда. Бірақ екі қарсыластың арасында Германия - фаворит. Себебі, немістердің биылғы чемпионаттағы ойыны сенімді және өте әдемі, - деген еді ол.
Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Саят Сариев та немістер финалға шығады деп болжаған еді.
«ИТАЛИЯ ЧЕМПИОНҒА ЛАЙЫҚ ОЙЫН КӨРСЕТТІ»
Жанкүйер Мейірбек Нүрекеев «Италиядан дәл осындай қарқынды ешкім күткен жоқ» дейді.
- Бүгінгі ойын осылай аяқталады деп ешкім ойлаған жоқ. Барлығы Германияның жеңісіне сенді. Бірақ Италия ойынға өте тыңғылықты дайындықпен шығыпты. Балоттели сенімді ақтады. Оның екі голы Германияның ойынын «байлап» тастады. Немістер ес жия алмай қалды. Левтың (Германиялық бапкер - ред.) өзі де дәл осындай қарсылық күтпеген. Балоттелиден бөлек, Пирло мен Буффон команданың жеңісіне үлкен үлес қосты. Италия финалда дәл осындай ойын көрсетсе, жеңіске жетуі ғажап емес, - дейді жанкүйер.
Немістер ес жия алмай қалды. Левтың өзі де дәл осындай қарсылық күтпеген. Балоттелиден бөлек, Пирло мен Буффон команданың жеңісіне үлкен үлес қосты.
Футбол шолушысы Ермұхамед Мәуленнің ойынша, «бұл ойын Германияға өте ауыр тиді».- Ойын финалдан кем түспеді. Өте тартысты өтті. Талай жанкүйердің жадында сақталар матч болды. Италия бапкері Пранделли өте дұрыс тактика қолданды. Ал Болаттелли биылғы чемпионаттың бас қаһармандарының біріне айналды. Марио чемпионатта үш гол салды. Финалда тағы бір рет көзге түссе, бас мерген атануы мүмкін. Тіпті бұл ойыншы бүгінгі матчтан кейін «чемпионаттағы ең үздік футболшы» атағына басты кандидаттардың біріне айналды, - дейді футбол шолушысы.
Сарапшымыздың пікірінше, немістер бүгін қорғаныста әлсіз ойнады.
- Германия ойынға жеңеміз деп, сенімді шықты. Оларға осы сенім зиян болды. Қорғаныстары өте әлсіз ойнады. Шабуылдары да шашыраңқы. Бұл ойында Италияның 4-5 гол соғуы мүмкін еді. Ал осы ойыннан кейін финалда Италия фаворит саналады, - дейді Ермұхамед Мәулен.
азаттық.орг