Fly Arystan әуекомпаниясы футболдан Бірінші лигадағы ең ірі жеңіліске әсер етті

23.08.2025, 13:01

Футболдан кеше Бірінші лигада «Каспий» мен SD Family арасындағы ойын көпшілік мүлдем күтпеген есеппен аяқталды. Бұған қатысты елордалық клуб әлеуметтік желіде арнайы мәлімдеме жасады.

Fly Arystan әуекомпаниясы футболдан Бірінші лигадағы ең ірі жеңіліске әсер етті

Айта кетейік, Ақтауда өткен матч 10:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген еді.

 

SD Family клубының мәлімдемесі:

 

«Басты себептердің бірі ұшуға байланысты жағдай болды. 22.08.25 күні 18 ойыншыға Астана–Ақтау бағытына билеттер алдын ала сатып алынған еді. Алайда белгісіз себептерге байланысты Fly Arystan әуекомпаниясы рейсті келесі күнге — 23.08-ге ауыстырды.

 

Осыған байланысты біз Қазақстан Футбол Федерациясынан көмек сұрадық. Онда бізге «Каспий» клубымен байланысып, ойын уақытын ауыстыруды ұсынуға кеңес берді. Біз ресми өтініш жасадық, алайда «Каспий» клубы келісім бермеді.

 

Тығырыққа тірелген соң біз Федерацияға қайта жүгіндік. Алайда бізге: егер команда ойынға келмесе, техникалық жеңіліс есептеліп, айыппұл салынатыны хабарланды. Бұдан бөлек, Бірінші лига лицензиясынан айырылу қаупі де болды. Сондықтан біз ойынды өткізбеу үшін кез келген жолдарды қарастыруға мәжбүр болдық.

Барлық күш-жігердің нәтижесінде тек 9 ойыншыға ғана билет алдық. Ақтауға басқа бос билеттер болмады. Қалған ойыншыларды автобуспен немесе таксимен жіберуді дұрыс шешім деп санамадық — қашықтық тым алыс, әрі қауіпсіздік тұрғысынан бұл орынсыз еді.

Соңғы сәтте Шымкент арқылы тағы үш билет табылды. Сөйтіп, Ақтауға небәрі 12 ойыншымен ғана команда аттанды. Қатаң уақыт шектеулері мен толыққанды ауыстыру мүмкіндігінің болмауына байланысты, өкінішке қарай, матч біз үшін ауыр жеңіліспен аяқталды.

Орын алған форс-мажорлық жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Мұндайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Біздің ойыншылар бар күшін салып, соңына дейін күресті. Бірақ маңызды бір жайтты түсіну қажет: ойын күні команда қалаға матч басталардан небәрі 5–6 сағат бұрын жетті және алаңға алмастырусыз шығуға мәжбүр болды», - делінген мәлімдемеде.

Осылайша, астаналықтар төртінші мәрте жеңіліп, турнир кестесінде 11-орынға тұрақтаса, «Каспий» 47 ұпаймен көш бастап тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 2
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×