ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

13.05.2014, 05:14
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз (20-орын – Камерун-1990, 19-орын – СССР-1986, 18-орын – Голландия-1998).   17-орын. ТҮРКИЯ-2002 Негізгі құрам: Рүшту – Фатих, Алпай, Бүлент Қорқмаз, Хакан Үнсал – Үміт Дауала, Емре Белозоғлы, Тоғай, Бастүрік – Хасан Шаш (Илхан Мансыз), Хакан Шүкір. Бас бапкер – Шенол Гүнеш. senol-gunes 2002 жылы алғаш рет ислам елінің командасы жүлдеге ие болды және тұңғыш рет түркі тілдес мемлекет командаласы осындай ірі табысқа қол жеткізді. Бұл екі сипаттамаға да лайық – Түркия құрамасы еді. Түріктер аса бір қиын топқа түскен жоқ. Дегенмен, олардың бірінші қарсыласы – Бразилияның нақ өзі еді. Күтпеген жерден төрт дүркін әлем чемпиондарымен терезесі тең ойын көрсеткен Түркия 45-минутта алға шықты (Хасан Шаш). Екінші таймның басында Роналдо есепті теңестіргенімен, бразилиялықтарға жеңіс жеткізбейтіндей көрінген. Бірақ соңғы минуттарда олар өте белсенді ойнады. 86-минутта корей төрешісі «Алпай ойын тәртібін бұзды» деп есептеп, оны алаңнан қуды және пенальти белгіледі. Шын мәнінде, қорғаушы ойын тәртібін бұза қойғанның өзінде, ол қақтығыс айып алаңының сыртында болған-ды. Яғни, төреші 11 метрлік емес, жәй айып добын белгілесе, әділірек болар еді. TURKEY'S SAS SCORES AGAINST BRAZIL DURING WORLD CUP MATCH IN  ULSAN Хасан Шаш Бразилия қақпасына гол соқты. Жеңіс добын соққан Ривалдо 90-минутта бұрыштама бермек болды. Ызалы Хакан Үнсал оған допты қатты лақтырды. Доп бөксесіне тиген азамат... бетін ұстап жата кеткен бразилиялықтың «әртістік шеберлігін» «жоғары бағалаған» төреші түрік ойыншысына қызыл карточка көрсетті. Кездесуден кейін әлемнің 1999 жылғы үздік футболшысы өз «қылмысын» мойындап, «Мен Хаканды төреші алаңнан қуып жіберсін деп әдейі істедім» деген еді. Чемпионат алдында «мұндай әртістік әрекеттерге қарсы аяусыз күрес ашамыз» деп күшенген футбол шенеуніктері Ривалдоның атақ-даңқын сыйлады ма екен, оған тек айыппұл (10 мың швейцар франкі) ғана төлетумен шектелді... Бұл жеңіліс түрік бауырлардың жарысты жалғастыруына кері әсерін тигізе алған жоқ: Коста-Рикамен тең ойнап (1:1), Қытайды ұтқан (3:0) олар 1/8 финалда Жапониядан басым түсті (жалғыз голды Үміт Дауала 12-минутта-ақ соқты). Ширек финалда әлемді аузына қаратып, жұрттың бәрінің сүйкімді «еркесіне» айналған Сенегалдан да олар әлдеқайда басым қимылдады (шешуші голды қосымша уақытта Илхан енгізді). Әсіресе жартылай қорғаушылардың таланттылығы тәнті етті. Олардың допты бір-біріне тоқтатпастан тез ғана емес, сонымен қатар дәл бере және тамаша қабылдай алуына сүйсіне отырып, алаңда бразилиялықтар ойнап жатқандай әсерде қалғанымыз жасырын емес. «Бразилия» демекші, түріктер жартылай финалда тағы да Сколаридің жігіттерімен кездесіп, 0:1 есебімен тізе бүгуге мәжбүр болды. Әйтсе де, Рүшту бастаған жігіттердің аты жер жарды. Оливер Канның финалда қалай қателескенін білеміз, сондықтан оның емес, Рүштудің чемпионаттың үздік қақпашысы атануы керек еді.У-Д Өз командасын ширек финалға алып шыққан Үміт Дауала.   Үшінші орын үшін болған матчта чемпионаттың екі ақжолтайы кездесті (Түркия – Корея). Түріктер «үшінші орын не, төртінші не, бәрібір емес пе?» демей, бұл ойынға да аса қатты маңыз берген екен. Төрешінің ойынды бастауға белгі берген ысқырығы естіле сала алға лап қойған олар небәрі 11-секундта-ақ есеп ашты! Бұл – әлем чемпионаттарындағы ең тез соғылған гол еді. Бұған дейінгі жылдам голдың авторы чех Вацлав Машек болатын. 1962 жылы Мексикамен ойында ол қақпаны матчтың 15-секундында дәл көздеген еді. Өз командасын іріктеу сынынан алып шыққанымен, Корея мен Жапония алаңдарында осы матчқа дейін бірде-бір гол соқпай, өзге әріптестерінің көлеңкесінде қалып келген Хакан Шүкір бәрібір тарихқа енді. Тур-КорТүркия-Корея ойынында түріктер ғана емес, достық та жеңді.   Өкінішке қарай, содан бері Түркия әлем чемпионатының финалдық турниріне шыға алмай келеді. Рас, Еуро-2008-дің қоласына қол жеткізді, бірақ әлемнің аты – әлем ғой... Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×