
"Манчестер Сити" мен "Астон Вилла" арасындағы матч нағыз қан қысымын көтеретін спектакльге айналды. Қарапайым футбол ойыны емес, бұл – футбол деген атты танымайтын адамды да экранға шегелеп тастайтын нағыз шоу болды.
Этихадтағы бұл түнді “Қалалықтар" ұзақ ұмытпайды. Матчтың 94-минутында Матеуш Нуньештің салған добы "Ситиге” ауадай қажет үш ұпайды сыйлап қана қоймай, стадионда отырған әр жанкүйердің жүрегін бір сәтке тоқтатып, қайта соқтырып жіберді. Ал Унаи Эмеридің жігіттері… олар енді бұны тек ұмытуға тырысады.
"Сити” матчты найзағайдай бастады. 7-минутта Омар Мармуш оң қапталды отшашудай өріп өтіп, допты артқа тастай салды. Футболдың өрнегін білетін Бернарду Силва келген допты қақпаға тоғытты. Мартинес тырбанды, бірақ допты тоқтата алмады. Бір нөл.
Одан кейін сәл саябырсымай жатып-ақ, ВАР оянып, төрешіні құлағынан сүйреп әкетті. Рубен Диаш Джейкоб Рэмзиді оң аяғымен "сүйіп” қалыпты. Нәтижесінде 18-минутта Маркус Рашфорд пенальтиден есепті теңестіріп кетті. Ортеганы бір жаққа, допты екінші жаққа жіберіп, қақпашыдан айласын оңай асырды.
"Сити” 14 соққы жасап, 61% допты өздерінде ұстады. Бірақ қақпада сол баяғы бір ғана гол. Де Брюйне өзінің симфониясын ойнап, Макатиге пас беріп тұр, анау болса, допты қиыс жіберіп, трибунада отырған бір кісіге кофе төгіп жіберді ме деп қаласың.
Көпшілік тең аяқталады деп ойлап жатқан. Бірақ Жереми Доку ойбайлап алға ұмтылып, допты алаңның тереңінен ала шапты. Қорғанысты бір уыста ұстап, айлакердің әдісімен пас шығарды. Артта қалмай келген Матеуш Нуньеш оң аяғымен допты қақпаға салып жіберді. Бұл жеңісті жұлып алған соңғы соққы!
Пеп Гвардиола қос жұдырығын түйіп, қуаныштан "боксшы” боп кетті. Эмери болса, тас мүсінге айналды – эмоциясыз. Бірақ ішінде қайнап жатқанын көріп тұрсың.
Бұл жеңіс "Ситиді” бірден екі саты жоғары көтеріп, турнир кестесінде 61 ұпаймен үшінші орынға шығарып жіберді. Бірақ Гвардиоланың шәкірттері өздерінен төмен тұрған үш қарсыластан бір матч артық ойнап қойған. Ал "Вилла” болса, қатарынан 15-рет "Этихадта" жеңіліп отыр. Кестеде 57 ұпаймен жетінші орында.
"Біз бұндай соңғы сәтте гол соғатын команда емеспіз негізі, сол себепті соңғы минутта салынған гол мені қатты қуантты. Бұл Чемпиондар лигасына өту жолындағы шешуші сәттердің бірі.” - деді Пеп Гвардиола Sky Sports-қа берген сұхбатында.
"Бұл ойын өте қиын болды, қарсылас та оңай емес. Біз міндетті түрде жеңу керекпіз деген оймен шықтық. Соңғы сәтте гол соғып, жеңісті жұлып алдық." – деді жеңіс голының авторы Нуньеш.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET