«Футбол философиясын мен өзгертемін»

26.04.2011, 19:17
«Футбол философиясын мен өзгертемін»

Жозе Моуриньоны жақтырмайтындар көп. Қарапайым жанкүйерлер, бапкерлер, клуб президенттері… Стадионда оның атын әнге қосып, аспан астын жаңғыртатындар да миллиондап саналады. №1 спорт түріндегі №1 бапкер басқа емес – Жозе Моуриньо. «Портудың» бағын ашқан, «Челсиді» қайта тірілтіп, әлемдік футболдың азулы клубына айналдырған, былтыр «Интерге» Чемпиондар Лигасында, Италия чемпионаты мен ел кубогында жеңіс сыйлаған Моуриньоны UEFA «Жыл жаттықтырушысы» атағанына қарап айтып отырмыз. Жеті жылдан бері ЧЛ-дың ширек финалына шыға алмай діңкелеген «Реал» күні кеше Жозенің жетелеуімен жартылай финалға жолдама алды. Тоғыз жылда төрт клубтың тізгінін ұстаған, бірде-бір мәрте өз алаңында жеңіліп көрмеген бапкердің рекорды жуырда ғана үзілді. Тізгіні мығым, тілі ащы, мінезі қыршаңқы, әсіре мақтаншақ һәм елде жоқ қарапайым, қатал әрі көңілшек, аңғал әрі өте қу… Қылықтарына қарап отырып, осы қасиеттердің бәрін оған таңуға әбден болады. Төменде әлемдік футболдағы ең қайшылықты бапкерлердің бірі, Таңдаулы – Жозе Моуриньоның ел есінде қалған сөздерін ұсынып отырмыз.

Маған мінезі керемет адам керек емес, қақпаға доп соға алатын адам керек. Жақсы қасиеттерді қол астымдағы футболшыларға емес, балаларымның бойына сіңіргенім артық. * * * Иса пайғамбар да жұрттың бәріне ұнай бермеген. Оның қасында мен кім едім?! * * * Ақылды адамның сөзін естігім келгенде, амал жоқ өзім сөйлеймін. * * * Мені «Таңдаулы» деп атай берулеріңізге болады, мен екі клубпен екі мәрте Чемпион-дар Лигасын ұтқан адаммын. * * * «Реалға» ақша үшін ауысқан жоқпын. Шынымды айсам, дағдарыс кезінде осынша мол жалақы алып жүргенім үшін өзім ұяламын. Мен үшін ең бастысы жұмысымнан ләззат алу және жұмыс істеп жатқан елде құрметке бөлену. * * * «Интерде» жүргенде күн сайын бес сағат итальянша үйренетінмін. Сонда да итальян тілін сыйламайтынымды айтып сынағандар көп. Ал Англияда бес жыл қызмет істеген Раньери ағылшынша әзер амандасады. * * * Италияда мені жек көретіндердің айқай-шуы қатты ұнады. Чемпионат басталмай жатып сізді қаралау науқаны қызып сала береді, осыдан кейін жұмысқа екі есе жігермен кірісесің. Рахат! * * * Үш клубпен үш мәрте Чемпиондар Лигасын ұтып алған жалғыз бапкер атануды көздеймін. * * * Рахат өмір іздесем, «Портуда» қала берер едім: әдемі, жамбасқа жайлы көгілдір түсті креслода отырасың, жыл сайын Чемпиондар Лигасында ойнайсың… қысқасы, ол жақта өзіңді Құдайдан ғана төмен сезінесің. * * * «Челси» елу жылдан кейін ел чемпионы атанды. Кеше маған жетпіс жасар қария келіп, көзі жасқа толып тұрып алғысын айтты. Ол соңғы рет 50 жыл бұрын әкесімен бірге «Челсидің» премьер-лигадағы жеңісіне куә болыпты. * * * Мен футбол философиясын өзгерткім келеді. Дүние жүзінде мен сияқты бірде-бір бапкер жоқ. * * * Миланның мэріне менің мүгедек балаға ұсақ тиын-тебен бергенім ұнамай қалыпты. Шындығында, мен балаға тиын емес, әйелім сыйлаған, төрт жылдан бері мойнымнан тастамаған кресті берген едім. Шын ниетіммен жақсылық жасасам да, жұртқа жақпаймын. * * * Мені қаралау арқылы танылғандар көп, олар маған мол ақша қарыздар. * * * Иә, мен сіздердің бір әріптестеріңізге тіл тигізгенім рас. Ол үшін жұрт алдында кешірім сұрауымды күтпей-ақ қойыңыздар. Себебі, мен жұртқа емес, оның өзіне ғана тіл тигізгенмін. Айбын АҚПАТША
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×