Футбол әлемі мен Қазақ комментаторын тоғыстырған күн

17.10.2025, 15:15

Бүгін, 17 қазан — әлем футболы мен Қазақстан спорт медиасында елеулі тұлғалардың туған күні. Бұл күні төрткүл дүниеге танылған футболшылар Алексей және Антон Миранчук, Черногория құрамасының капитаны Адам Марушич, Уругвай аңызы Себастьян Абрэу және Қазақстанның белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен дүниеге келген.

 

Футбол әлемі мен Қазақ комментаторын тоғыстырған күн

1995 жылдың 17 қазанында Ресейдің Славянск-на-Кубани қаласында егіздер Алексей және Антон Миранчук дүниеге келді.

Бала күнінен бірге доп теуіп, бірге өскен қос талант бүгінде Ресей футболының басты тұлғаларына айналған. Алексей АҚШ-тың "Атланта Юнайтед” клубында өнер көрсетсе, Антон Мәскеудің “Динамосында” біздің Батекамен бірге доп тебуде.

1992 жылы дәл осы күні Черногория астанасы Подгорицада туған Адам Марушич бүгінде Римнің "Лацио” клубының негізгі қорғаушысы әрі капитандарының бірі.

Ол тұрақтылықтың, еңбекқорлықтың үлгісі саналады. "Лацио" сапында Италия Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алған Марушич елінің ұлттық құрамасында да жетекші рөл атқарып келеді.

Футбол мамандары оны "үнсіз жауынгер" деп атайды — назарға іліге бермесе де әр ойында өз жұмысын мінсіз орындайды.

Уругвайлық шабуылшы Себастьян Абрэу 1976 жылы 17 қазанда дүниеге келген. Ол тарихқа кәсіби мансабында 32 түрлі клубтың жейдесін киген футболшы ретінде енген, бұл әлемдік рекорд.

Абрэу тек тәжірибелі шабуылшы ғана емес, Уругвай құрамасымен бірге 2010 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына жеткен. Оның Гана қақпасына салған әйгілі "паненка” пенальтиі футбол тарихындағы ең есте қаларлық сәттердің бірі болып қалды. Бүгінде ол бапкер ретінде де өз жолын жалғастырып келеді.

Осы күні туған тағы бір тұлға — Қазақстандық спорт комментаторы, журналист, Aladop.kz сайтының құрылтайшысы және футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен.

Ол — Қазақстан футболының медиа кеңістігінде танымал тұлға, UEFA мен FIFA аясындағы жарыстарды жоғары деңгейде талдап, өз стилін қалыптастырған маман.

37 жасқа толған Ермұхамед Мәуленнің ерекше тембрі, аналитикалық ойы мен ұлттық футболға деген сүйіспеншілігі оны жас буын үшін үлгіге айналдырды.

Туған күніңіз құтты болсын!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×