Футбол тарихы

12.08.2011, 07:35
Футбол тарихы
Футбол — спорттық ойын түрі, аты ағылшын тіліндегі фоот – аяқ, балл – доп деген сөздерінен шыққан. Футбол — әлемге аса танымал ойындардың бірі.Ойын ұзындығы 100 — 110 м, ені 64 — 75 м алаңда өткізіледі. Биікт. 2 м 44 см, аралығы 7 м 32 см қақпасы бар. Қақпаның сыртына тор керіледі. Футбол добының салмағы 396 — 453 г,  шеңбері 68 — 71 см. Ойынға әрқайсысында 11 ойыншыдан екі команда қатысады. Олар қақпашы, қорғаушылар, жартылай қорғаушылар, шабуылшылар болып бөлінеді. Ойын 15 мин үзілісі бар, 45 мин-тан екі кезеңде өтеді. Өз айып алаңында қақпашыдан басқа ойыншы допты қолымен ұстауға болмайды. Футболдың алғаш 1863 жылы Англияда арнаулы ережесі бекітіліп, тұңғыш қауымдастық құрылды. Сондықтан Англия аталмыш спорт түрінің отаны болып есептеледі. Бірақ Футболға ұқсас аяқ доп ойнының түрлері ежелгі Мысыр, Қытай, Грекия, Римде, ал онан кейінірек Франция мен Италияда дамыған. Кейіннен бұл спорт түрі біраз өзгерістерге ұшырап, футбол деген атаумен бізге жетті. 19-ғасырдың  соңына қарай Футбол Еуропа мен Латын Америкасы елдеріне кеңіннен тарай бастады. 1904 жылы халықаралық футбол федерациясы (ФИФА), 1954 жылы Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) құрылды. 1900 жылдан олимпиялық ойындар бағдарламасына енген. 1930 жылдан төрт жылда бір рет әлем чемпионаты және 1958 жылдан Еуропа кубогы жарыстары өткізіліп тұрады. Қазақстанға Футбол 1909 — 1910 жылы келді. Әуелі Орал, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Семей, Петропавл қалалары жастарының ермегіне айналған өнер, бара-бара бұқаралық сипат алды. Қолда бар деректер бойынша алғаш команда құру 1911 жылы басталған. Семейде М.Сайдашев, А.Кәрімов, Ю.Нығматулин, т.б. жергілікті қазақ және татар жастарынан тұратын “Жарыс” командасын құрып, көптеген өнерпаздар мен спортшылардың елге танылуына себепкер болды. Сол команданың құрамында ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов жартылай қорғаушы болып ойнаған. 1914 жылы семейліктер алғаш рет Томск қаласының политехникалық институты студенттерімен жолдастық кездесу өткізді. Бұл Қазақстан футболының кіндігі кесілген жыл болып есептеледі. 20- ғасырдың 30-жылдарына дейін әр қала өздерінше күш сынасып, республикалық  деңгейде жарыс болмағандықтан, шеберлік баяу дамыды. 1937 жылы Алматының динамошылары “Шығыс қалалары” тобында 3-орынды иеленді. Сол жылдың қазан айында жолдастық кездесулер өткізу үшін Одессадан “Консервщик” командасы келді. Одессалықтар Алматы, Семей, Петропавл қ-ларында болып, республиканың ең таңдаулы командаларын ойсырата жеңді. Осы жеңілістен қорытынды шығару мақсатында, “Динамо” командасын күшейту жөнінде шешім қабылданды. Жергілікті командалардан ағайынды Вячеслав пен Павел Трофимовтар, А.Вяшняков, А.Громов, Ф.Ткаченко, Ақтөбеден Н.Писяуков, И.Шариков, П.Луценко шақырылды. Одессаның “Консервщик” командасының ойыншылары ағайынды Константин мен Георгий Бедрицкийлер, Н.Чернец, Г.Ананченко және П.Щербаков “Динамоның” (Алматы) құрамында ойнауға тілек білдірді. 1939 жылы динамошылар Қазақстан чемпионы әрі кубогының иегері атанды. Қазақстандықтар сол жылы КСРО кубогы жолындағы бәсекеде Киевтің динамошыларын тізе бүктірді. Келесі жылы 2004 команда қатысқан ұжымдар арасындағы кубок бәсекесінде топ жарды. Шешуші сында Таганрогтің “Торпедо” командасын 3:1 есебімен жеңіске жеткен алматылық динамошылар КСРО кубогын иемденді. Қазақстан футболының атын шығарған команданың құрамындағы 8 ойыншы 2-дүниежүзілік соғысқа қатысты. Трофимов, Громов, В.Шаповалов сынды футболшылар қан майданнан оралған жоқ. Команда 1947 жылдан бастап КСРО чемпионатында “Б” класында өнер көрсетті. Республикамыздың бас командасы әр жылдары “Динамо”, “Локомотив”, “Урожай”, ал 1956 жылдан бері ”Қайрат” деп аталды. “Қайрат” өзінің алғашқы халықаралық кездесуін 1957 жылғы 30 қазан күні Финляндияның “Варса” командасымен өткізді. Қайраттықтар 4:0 есебімен жеңіске жетті. “Қайрат” командасы КСРО чемпионатының “А” класына 1960 жылы көтерілді. Олар алғашқы матчын Ленинградтың “Адмиралтеец” командасымен өткізіп, 0:0 есебімен тең түсті. “Қайрат” командасының сапында алғаш өнер көрсеткен қазақ жастары Т.Сегізбаев, Қ.Ордабаев, С.Байшақов, т.б. футболшылар болды. 20 - ғасырдыңдың 50-жылдары “Б” класына Қазақстан командалары көптеп өте бастады. 1958 ж. Қарағандының “Шахтер”, ал келесі жылдары Шымкенттің “Еңбек”, Өскеменнің “Восток”, Жамбылдың “Металлист”, Павлодардың “Трактор”, Ақтөбенің “Актюбинец”, Целиноградтың “Целинник”, Жезқазғанның “Еңбек” командалары әуелі “Б” класында, кейіннен “А” класында өнер көрсетті. КСРО тарағаннан кейін, 1992 жылы Қазақстан дербес мемлекет ретінде Халықаралық футбол федерациясына (ФИФА) мүше болды. Сол жылдан бері ҚР-ның өз чемпионаты өтуде. 1992 ж. “Қайрат” (Алматы, 1993 ж. “Ансат” (Павлодар), 1994 — 1995 ж. “Елімай” (Семей), 1996 ж. “Тараз” (Тараз), 1997 ж. “Ертіс” (Павлодар), 1998 ж. “Елімай” (Семей), 1999 ж. “Ертіс” (Павлодар), 2000 — 01 ж. “Жеңіс” (Астана), 2002 — 03 ж. “Ертіс” (Павлодар), 2004 ж. “Қайрат” (Алматы), 2005 ж. “Ақтөбе” (Ақтөбе), 2006 ж. “Астана” (Астана), 2007 ж. "Ақтөбе"  (Ақтөбе), 2008 ж. "Ақтөбе"  (Ақтөбе), 2009 ж. "Ақтөбе"  (Ақтөбе), 2010 ж. "Тобыл" (Қостанай) командалары чемпион болды. Ел кубогы жолындағы бәсекеде 1992 ж. “Қайрат”, 1993 ж. “Достық” (Алматы), 1994 ж. “Восток” (Өскемен), 1995 ж. “Елімай”, 1996 — 97 ж. “Қайрат”, 1997 — 98 ж. “Ертіс”, 1998 — 99 ж. “Қайсар” (Қызылорда), 1999 — 2000 ж. “Қайрат”, 2000 — 01 ж. “Жеңіс”, 2001 ж. “Қайрат”, 2004 ж. “Тараз”, 2005 ж. “Жеңіс”, 2006 ж. “Алма-Ата” (Алматы), 2007 ж. "Тобыл" (Қостанай), 2008 ж. "Ақтөбе"  (Ақтөбе), 2009 ж. "АТЫРАУ" (АТЫРАУ), 2010 ж. "Локомотив" (Астана) командалары кубок иегері атанды. 2002 ж. Қазақстан футбол одағы (ҚФО) Азия футбол конфедерациясынан (АФК) шығып, Еуропа футбол одағына (УЕФА) мүшелікке өтті. КСРО құрама сапында Е.Яровенко 24-Олимпия ойындарының (1988, Сеул, Корея) чемпионы болды. Ж. Хисымов Тарихы Футбол тарихы ХЫЫ ғасырдан басталады. Алғаш рет Англияда дамыды. Саяхатшы Гастон де Фуа өз заманында футболды бар ынтасымен бақылап, «Ағылшындар футболды ойын деп есептесе, онда төбелесті не дейді?» деп жазып кеткен екен. Футболға қарсылық көрсеткендер болды. Мысалы, шіркеудегі діндарлар, феодалдар футболға тыйым салынуын талап еткен екен. Өйткені, бүгінгі күнге дейін футбол өте қауіпті ойын саналып келеді. 1313 жылы белгілі феодал Эдуард ЫЫ қала ішінде футбол ойнауға шектеу қойған. Тіпті, 1314 жылдың 13 ақпанында король Лондон қаласында футболға қарсы шаралар қолданған деседі. 1389 жылы Ричард патша сарайы маңында доп тепкендерді өлім жазасына кескен. Патшаға бірнеше мәрте рұқсат сұрап барған футбол жанкүйерлері әрдайым жағымсыз жауап алып отырған. Футболға тыйым салған патшалар тізімі төмендегідей: Генрих 1399-1401, Генрих 1413 - 1433 ж, Генрих 1449-1451 ж, Эдуард  1471 ж, Генрих 1491 ж, ал Генрих 17 ойыншыларға шектеу қойып қана қоймай, алаң иелеріне тыйым салып, салық салған. Бұдай қатаң қағидаларға мойымаған халық футбол ойнаудан бас тартқан жоқ. Тек 1908 жылы футбол олимпиадалық ойындар тізімінен орын алды. Ал, 1863 жылы Лондонда футболдың жаңа шарттары белгіленді. Жобаға енгізілген ережелерді арнайы комиссия жіті қараған. 1872 жылдан бастап футболдан халықаралық кездесулер өткізілді. Доданы Англия мен Шотландия футболшылар ашты. Ойынды бар ынтасымен тамашалаған жанкүйерлер үшін ойын сәтсіз аяқталды. Өйткені, алғашқы кездесуде есеп ашылған жоқ. 1884 жылы Ұлыбританияда алғашқы ресми кездесу өтті. Жарысқа Англия, Шотландия, Уэльс және Ирландия командалары қатысып, бақ сынасты. Ойын жеңімпазы -шотландықтар болды. 1920 жылы еуропалық футбол бәсекесінде Белгия мен Чехословакия кездесті. Онда чех футболшыларын ойсырата жеңген бельгиялықтар олимпиада чемпионы танылды. Ал, 1924 жылы Оңтүстік Америкада ашылған олимпиадада алтынды Уругуай құрамасы ұтты. Олар Югославия, американ, франсуз, голланд пен Швейцария ойыншыларын қапы қалдырды. Ағылшындардан футболды үйренген Уругуай футболшылары әлдеқайда ширақ еді. Италия мен Испания, Мажарстан, Аустрия, Чехословакия да футболдың қыр-сырларын тең меңгере білді. Бұны 1934-38 жылдары Италия құрамасының екі рет әлем чемпионаты атанғаны дәлелдейді. Ежелгі Шығыс елдерінде (антикалық дәуірде Мысыр, Қытай,) (Грекия, Рим), тіпті Франция, Италия, Англияда футболға ұқсас ойын болған. Ежелгі Мысырдағы футбол тектес ойын біздің эрамызға дейін 1900 жылы танылған. 19 ғасырдың аяғында футбол Еуропа мен Латын Америкада қарқынды дамыды. 1904 жылы Белгия, Дания, Нидерланд мен Швейцария елдері футбол қауымдастығынан халықаралық федерацияның (ФИФА) құрылуына мұрындық болды. 1923 жылы Ресей құрамасы Скандинавия турнирінде Швеция мен Норвегия командаларын қапы қалдырды. Одан кейін бірнеше мәрте Түркия ойыншыларын сан соқтырды. 1946-48 жылдары Оңтүстік Америка үш рет қатарынан аргентиналықтардан басым түсті. 1950-60 жылдары футболдан үздік мектептер саналғандар мыналар еді: Лев Яшин мен Игорь Нетто, Альфреде ди Стефано мен Франсиско Хенто, Раймон Копа мен Жюст Фонтэн, Полеи Диди, Гарринча және Жильмар, Драгослав Шекуларац пен Драган Джаич, Иозеф Масопуст пен Ян Поплухар, Бобби Мур мен Бобби Чарльстон, Герд Мюллер, Уве Зеелер мен Франц Беккенбауэр, Ференц Вене мен Флориан Альберт, Джачинто Факкеттии Джанни Ривера, Жаирзиньо және Карлос Альберте. 1956 жылы Кеңес Одағының футболшылары алғаш рет олимпиада чемпионы атанды. Төрт жылдан кейін олар Еуропа кубогының жеңімпазы танылды. Әлем чемпионатында жеңіске жеткендер Бразилия құрамасы - Бес рет: 1958, 1962, 1970, 1994 және 2002 жылдарындағы чемпионаттарды жеңді. Италия құрамасы - төрт рет: 1934, 1938, 1982 және 2006. Германия құрамасы - үш рет: 1954, 1974, және 1990. Аргентина құрамасы - екі рет: 1978 және 1986. Уругуай құрамасы - екі рет: 1930 және 1950. Англия құрамасы - бір рет: 1966. Испания құрамасы - бір рет: 2010. 1977 жылы Тунисте алғаш рет жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті. Жасы 19-ға дейінгі жас футболшылар 16 ұлттық құрамадан алынды. Жастар арасындағы чемпионат тізімінің тұсауын КСРО футболшылары кесті. уикипедия.орг
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 2
Серіктес жаңалықтары
×