Келер жылдан бастап Қазақстанның футбол клубтары да легионерлерге мемлекет қаражатынан жалақы төлей алмайды. Бүгінде облыстық спорт басқармаларынан ҚПЛ командаларына осы мәселеге қатысты тиісті хат жолданып, тыйым салынғанғаны жөнінде хабарлама түскен.
Яғни, ел чемпионатындағы «Қайраттан» басқа клубтардың барлығы облыс бюджетінен қаржыландырылатынын ескерсек, бұл шектеуден үлкен мәселе туындайтыны анық. Тек демеушілер тарапынан легионерлерге жалақы беруге көп команданың мүмкіндігі жетпейді.Сонда не істемек керек? Келер маусымда ҚПЛ Бірінші лигаға айналмай ма деген қауіп те бар!? Ел чемпионатының деңгейін көтеретін Жоау Паулу, Марин Томасов, Джефри Чиннеду, Ахмед Эль-Мессауди секілді шет елдің аяқдопшылары! Оны мойындауымыз керек. Жалпы легионер деген бүкіл әлемде бар тәжірибе. Тіпті, ала доп шеберлерінің отаны Бразилия клубтарының өзінде легионер бар. Олардан түбегейлі бас тарту асығыс шешім секілді. Бұл қазақ футболының проблемасын шешпейді. Жоқ, ел чемпионатында сырт елдің футболшылары ойнауы керек деген ұғымнан да аулақпыз. Дегенмен, мұндай өзгерістерге кезең-кезеңімен жету керек сияқты. Мәселен, алдымен әр клубқа тіркелетін легионерлердің санын шектеп, белгіленген мөлшерде жалақы тағайындау секілді талап енгізу керек. Сонда қазіргідей кім көрінген келімсек Қазақстанға келмес еді. Барлық команда тек мықты футболшыларды қатарына қосуға ұмтылады. Қалай болғанда да легионерсіз ішкі біріншіліктегі бәсекелестік төмендеп, чемпионаттың деңгейі құлдырайды. Париж Олимпиадасындағы сәтсіздікке қазақ футболының не жазығы бар? Сондықтан, футболға келгенде осы мәселені әлі де таразылап, жан-жақты талқылап, талапты басқа жағынан күшейту қажет. Сіз қалай ойлайсыз?
Біздің серіктес: FONBET