Бүгін футзалдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі басталды.
Испанияның Пальма-де-Мальорка қаласында ұйымдастырылып жатқан В тобының бірінші ойынында «Семей» клубы Чехияның мықтысы «Хрудиммен» кездесті. Абай облысының ұжымы матчта айқын фаворит болғанымен, кездесу оңайға соқпады. Номинальды қонақтар бастапқы 7-минутта 2 доп басымдығымен алға шықты. Семейліктер таразы басын теңестіргенімен, «Хрудим» үзіліске дейін 4:3 есебімен алда тұрды. Тек екінші таймда ғана фавориттер өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп, 6 гол соқты. Қорытынды есеп: 9:5.
Айта кетерлігі, бұл топта басты фаворит ретінде Чемпиондар лигасының 3 мәрте қатарынан чемпионы болып келе жатқан «Пальма» (Испания) да бар.
Турнир ережесіне сәйкес, «Семей» командасы 1/8 финалға жолдама алу үшін, 2-топтың үздік үштігіне кіруі тиіс.
Келесі матчты семейлік команда ертең сағат 20:30-да француздық «Этуаль» клубына қарсы өткізеді.