Тұманды Альбион клубтары 22 жастағы Қазақстандық футболшыны жіті бақылап отыр, деп хабарлайды Aladop.kz.
Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі таңда Ғалымжанның трансферлік құны 500 мың фунт стерлингке бағаланып отыр.
Шотландиялық футболды сараптайтын танымал Hit The Byline X-аккаунтының жазуынша оның Семейлік "Елімай” клубымен келісімшарты 2025 жылдың желтоқсанында аяқталатындықтан, бұл Еуропалық клубтар үшін тиімді мәміле жасауға зор мүмкіндік.
Еуропалық алпауыттардың назарында
"Бұған дейін Ғалымжан Кенжебекке Шотландияның беткеұстар клубтары — "Селтик", "Рейнджерс", "Хартс” және "Данди Юнайтед” қызығушылық танытқаны белгілі. Біршама уақыт басылған бұл қызығушылық қайта жандана бастағандай. Әсіресе, "Данди Юнайтед” үшін қазіргі контракттық жағдай ойыншыны өз сапына қосып алуға ең қолайлы сәт ретінде қарастырылуда.” – деп жазды Шотланд дереккөзі.
Нәтижелі ойын – басты көрсеткіш
"Ғалымжанның шетелдік скауттарды тәнті етуі тегін емес. Оның биылғы маусымдағы статистикасы таңдай қақтырарлық:
• Клубтық деңгейде: 11 матчта 4 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді.
• Ұлттық құрамада: Қазақстан сапында 10 кездесуге қатысып, 3 мәрте мергендігімен көзге түсті.” – деп түйіндеді Hit The Byline жазбасын.
Бұл ауысу не береді?
Шотландия чемпионаты физикалық дайындық пен жылдамдыққа негізделген. Ғалымжанның техникалық шеберлігі мен гол соғу түйсігі бұл біріншілікке тез бейімделуіне септігін тигізуі мүмкін. Егер трансфер жүзеге асса, бұл Қазақ футболы үшін тағы бір үлкен жетістік болмақ.