Гректердің құрамындағы ең қауіпті футболшы кім?

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
14.03.2024, 16:57

Қазақстан мен Грекия арасындағы матчқа тура бір апта қалды. Күні кеше Густаво Пайет сенім артатын футболшыларының есімдерін жария еткен болатын. Осыған орай, финалға бергісіз бәсекеде қарсылас құрамынан қай футболшыға ерекше назар аударған жөн. Афиныдағы ойында гректердің қай футболшысынан көбірек қауіп төнуі мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Гректердің құрамындағы ең қауіпті футболшы кім?

Шабуыл

Қағаз жүзіндегі фаворит - Грекия құрамасы. Одан кейін өз алаңының факторы бар. Элиндердің бұл бәсекеде көп шабуылдайтыны түсінікті. Сондықтан, қарсыластың алдыңғы шебіндегі футболшылардан бастасақ.  Грекияның бас бапкері Густаво Пойет алдыңғы шепте кімге сенім артады? Эвангелос Павлидис - Гректердің Еуро-2024-ке іріктеудегі үздік шабуылшыларының бірі. Бұдан бұрын Павлидистің Эредивидегі көрсеткіштері керемет. Шабуылшы «АЗ Алкмарда» 2023-2024 жылғы маусымның 25 кездесуінде 22 рет мергендік танытты. Нәтижелілігін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Грекияның Еуроға іріктеудегі ең үздік сұрмергені (5 доп салған) Гиоргиос Масурас бар. «Олимпиакос» сапында өнер көрсететін футболшының да биылғы көрсеткіштері тәуір. Масурас Грекияның Суперлигасында 3 гол салып, 2 нәтижелі пас шығарған. Фотис Иоаннидистен де қауіп төнетіні анық. «Панатинайкос» шабуылшысы 20 матчта 12 доп салып, 5 дәл пас шығарған. Грекияның бас бапкері Қазақстанға қарсы бірінші минуттардан тап осы жас форвардты шығаруы да ықтимал.

Қорғаныс

Грекия құрамасы сонау даңқты 2004 жылғы Еуродан кейін өзінің қорғанысымен танымал. Әрине, Отто Рехагель мен Густаво Пойеттің командаларын салыстырған орынсыздау. Десе де, элиндердің құрамасы әлі де өзінің сол дәстүріне берік. Мәселен, Еуроның іріктеуіндегі 8 матчта гректер 8 гол жіберді. Назар аудартатыны – сол голдардың 7-ін Франция мен Нидерланды ғана сала алған. Соңғы статистикаларға көз жүгіртсек, топ командалар болмаса, ортаңқол құрамалар үшін элиндер қақпасының кілтін табу оңай еместігін байқаймыз. Жалпы, бүгінгі Грекияның ең танымал футболшылары да осы позицияда өнер көрсетеді. Ағылшын премьер-лигасындағы Костас Цимикас («Ливерпуль»), Константинос Мавропанос («Вест Хэм»), Джордж Болдок («Шеффилд Юнайтед), А сериясында ойнайтын Пантелис Хацедиакос («Кальяри») қарсыластың шабуылын тойтаруға жауапты болады.  

Жартылай қорғаныс     

Бұл позицияда да мықты футболшылар жетерлік. Грекия құрамасындағы ең тәжірибелі футболшылар дәл осы  жартылай қорғаныста. Атап айтсақ, Анастасиос Бакасетас («Панатинайкос»), Петрос Манталос («АЕК») Андреас Бухалакис ("Герта") пен Димитрис Курбелис ("Фатих Карагюмрюк") секілді жігіттер алаң иелерінің ортадағы ойынын реттемек. Гректердің жартылай қорғаныстағы футболшылары да нәтижелі өнер көрсетуде. Мысал үшін, Анастасиос Бакасетас еуроның іріктеуінде 3 доп соғып, әріптестеріне 2 голдық пас шығарған. Жалпы, сол компаниядағы 14 голдың біразын осы позициядағы футболшылар соқты. Сондай-ақ, Густаво Пойеттің «Фортуна» сапында доп тебетін Христос Цолиске де ерекше үміт артатыны анық. Грекияның бас бапкері 22 жасар жартылай қорғаушының өнерін тамашалау үшін арнайы Германияға бекер барған жоқ. (Бұл туралы Аладоп.кз жеке ақпарат берген). Христос Цолис осы маусымда «Фортуна» қатарында 21 ойында 13 гол салыпты. Жартылай қорғаныста ойнайтын футболшы үшін өте керемет көрсеткіш деуге болады.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×