“Астана” ФК бас бапкері Григорий Бабаян матч соңынан кейінгі баспасөз-мәслихатына қатысты.
“Зимбруге” қарсы өз алаңындағы ойында 1:1 есебімен тең тарқасқан ұжым бапкері мынадай мәлімдеме жасады:
“Кеш жарық! Бірінші таймда барлығымыз қобалжыдық. Бұның себебін, Конференция Лигасының өз алаңымыздағы алғашқы кездесуі деп білемін. Кей ойын эпизодтарында мүмкіндіктерімізді қолдана алмадық. Кездесудің бірінші бөлігінің шолуын көріп шықтым. Команда футболшылары 4-5 сәтті өз пайдасына шеше алмаған екен.
Екінші таймда алаңға жеңіс үшін оқталып шықтық. Ойында кадрлық мәселелер бойынша тәуекелге барғанымыз бар. Тәжірибелі Макс Эбонгтың ойынды жіберуіне байланысты Иван Башичке мүмкіндік бердік. Маған Алекса Аманович пен шабуыл шебіндегі футболшылардың бүгінгі ойыны мүлдем ұнамады. Кәсіби аяқдопшылар бұлай ойнамауы қажет.
Алаңға екінші таймда қосылған Нұралы Жақсылықовтың осындай кездесулерге тәжірибесі аз екені білінді. Жас аяқдопшы ойын сәттердің көбінде артық қимылдар жасады. Мен оған сол эпиздоттарды көрсетіп, ескерту жасадым. Әрине, мен оның құрамда ойнағанын қалаймын. Бірақ ол үшін Нұралымен әлі де үлкен жұмыс атқару керек. Жалпы қарымта матчта мүмкіндіктерді анда-мұнда шашпай, барынша нәтиже үшін ойнайтын боламыз!”.
Еске салайық, “Зимбру” - “Астана” арасындағы қарымта ойында 31 шілде күні Кишинев қаласында өтпек.