Мәскеулік ЦСКА клубында бас бапкердің міндетін атқарушы Алексей Березуцкийдің көмекшісі болып тағайындалған "Тобылдың" бас бапкері Григорий Бабаян Sports.kz сайтына берген сұхбатында қостанайлық клубтан кету себебін түсіндірді.
- Григорий Константинұлы, жаңа қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймын. Сіз мәскеулік командадан мұндай ұсынысты күтпеген шығарсыз.
- Үлкен рахмет! Ұсыныс біраз уақыт бұрын түскен болатын, бірақ "Тобылдың", қостанайлық жанкүйерлердің және облыс әкімінің алдындағы жауапкершілік мәскеулік команданың ұсынысын қабылдамай тұруыма себеп болды. Мен Архимед Бекежанұлына шын жүректен алғысымды білдіргім келеді, ол менің кәсіби мансабымда өсуге деген ұмтылысымды түсініп, менің келісуім керек деген ойымды қабылдады, өйткені болашақта өзімді осы деңгейде сынап көру үшін мұндай ұсыныс болмауы мүмкін. Бұл мен үшін жаңа сынақ. Сондықтан, бәрін саралап, клуб басшылығымен бұл ұсынысты талқылай келе, ЦСКА-ға ауысуға бел будым.
- ЦСКА шынымен, сіздің ойыңызша, мүлдем басқа деңгей ме? Клуб еуропалық жарыстарда ойнамайды, буын алмасу процесін керемет өткізген жоқ, трансфер нарығында да көп ақша бөлінбейді...
- Сізге клубты өткен маусымның қорытындысы бойынша бағалаудың қажеті жоқ. Ия, командада қиындықтар бар, бірақ ЦСКА Ресейдің ең жақсы клубтарының бірі және Шығыс Еуропадағы футболдың басты командасы болып табылады деп айтуға болады. Жуырда команданың УЕФА кубогін жеңіп алғанын және клуб ойыншылары Ресей құрамасының негізін құрағаны жанкүйерлердің есінде деп үміттенемін. Біздің жаттықтырушылар құрамы алға қойылған тапсырманы орындауы керек - команданы бұрынғы позициясына қайтару. Мен үшін ЦСКА-ны жаттықтыру - үлкен мәртебе.
- Сіздің кетуіңіз "Тобылға" қалай әсер етеді? Маусым қызып жатыр, қостанайлық клуб чемпиондыққа басты үміткер болып табылады.
- "Тобыл" менсіз де чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі болып қала береді. Біз күресуге дайын команданы құрдық, ал команда сенімді адамның қолында, себебі Архимед Бекежанұлы Мұхамбетов облыс әкімі болып жұмыс істейді. Қазіргі "Тобылдың" жаттықтырушылар құрамының қала мен облыстың намысын лайықты түрде қорғай алатынына сенімдімін, ал қостанайлық клуб маусымды сәтті аяқтайды. Мен кез-келген жағдайда қазақстандық бапкер болып қала беремін және барлық жаңа білімдерімді, дағдыларымды және тәжірибелерімді міндетті түрде қайта оралатын туған елімнің игілігі үшін қолданамын. Қазақстан - менің отаным, мен ЦСКА-да да өз елімнің атынан шығатынымды білемін және бұл үлкен жауапкершілік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен Архимед Мұхамбетовке алғысымды білдіргім келеді, ол Қазақстанда және оның ішінде Қостанай облысында футболдың дамуы үшін көп жұмыс істейді. Біздің әкімге қолдау көрсеткені және түсіністік танытқаны үшін үлкен рахмет. Мен "Тобыл" ойыншыларына, жаттықтырушылар құрамына және клуб қызметкерлеріне, барлық қостанайлық жанкүйерлерге сенім артып, шыдамдылық танытқандары үшін алғыс айтамын.
Біздің серіктес: FONBET