Гвардиоланың бір ғана амалы қалды - Мессиді шақыру

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
16.08.2020, 23:10
Соңғы 5 жылда Мессидің де, Гвардиоланың да бұл турнирде жолы болған жоқ.
Гвардиоланың бір ғана амалы қалды - Мессиді шақыру

"Челсидің" басшысы Абрамовичтің Шейх Мансұрдан айырмашылығы, ол небәрі 9 жылдың ішінде өзінің арманын орындай алды - Чемпиондар Лигасын жеңіп алды. Ал "Манчестер Ситидің" қожайыны Шейх Мансұр бұл қиындықпен 12 жыл күресіп келеді, әлі де нәтиже берген жоқ. Ойыншылар мен бапкерлердің ауысуына 1,5 миллиард фунттан астам қаражат жұмсалды (осы көрсеткіш бойынша, Шейх Мансұр Премьер-лиганың рекордын орнатты), бірақ клуб барлық олжаларын (13 кубок) толығымен өз елінде жеңіп алған.

"Қалалықтар" Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойындарын 2011/2012 маусымда бастады. Алғашқы матчын 2011 жылдың 14 қыркүйегінде («Наполимен» үйдегі ойында - 1:1) өткізді, «Сити» келесі құрамда шықты: Харт - Коларов, Компани, Лескотт, Сабалета - Барри, Туре - Насри, Сильва - Джеко, Агуэро.

Давид Силва осы 9 жыл ішінде клубта қалған және кеше «Лионға» қарсы ойнаған жалғыз адам екені белгілі. Бірақ ол осы жазда "Лациоға" жеңісті тойламай кетеді. Сонда жарақатына байланысты соңғы матчтарды жіберіп алған Кун Агуэро ғана қалады.

Чемпиондар лигасын жеңу Манчини үшін де, Пеллегрини үшін де алынбас қамал болып көрінді. Пеллегринидің болғанына қарамастан, "Ситидің" шыңға жеткен кезі - жартылай финал - 2016 жыл. Фернандоның өз қақпасына соғып алған голының арқасында ол болашақ жеңімпаз - "Реал Мадридтен" ұтылды. Зинедин Зидан бапкерлік мансабындағы алғашқы үлкен жеңісіне жетті.

Бұл турнир Гвардиола үшін сәтті болып көрінді. Бірақ "Барселонадан" кейінгі Пеп үшін Чемпиондар Лигасы - бұл орындалмайтын арман секілді. «Бавария» да, «Сити» де финалға шыға алмады.

Англиядағы төрт маусым - төрт рет Чемпиондар лигасындағы сәтсіздік. Қарсыластар керемет немесе тым мықты болды деп айтуға болмайды.

2017 жыл. «Монако» 18 жасар Мбаппен бірге, екі матчтың қорытындысы бойынша Гвардиола шәкірттерімен тең түсті (6:6), бірақ сырт алаңда жақсы ойын көрсеткені үшін Франциялық клуб ширек финалға өтті - 3:5 және 3:1.

2018 жыл. Гвардиола баптаған "Ситидің" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі сөзсіз жеңілісі. Клопп бастаған «Ливерпуль» жартылай финалдағы екі матчта да "қала тұрғындарына" ешқандай мүмкіндік қалдырмады - "Энфилдте" 3:0 және "Этихадта" 2:1.

2019 жыл. "Монако" клубымен болған оқиға - ширек финалда «Тоттенхэм» қарсыластарынан сырт алаңдағы голдың арқасында басым түсті - 1:0 және 3:4.

Ал қазір "Лион". Франция біріршілігінде 7-ші орын алған команда.

Кеше матч соңында Гвардиолаға қарау өте аянышты болды. Ол тек жыламады. Тізерлеп құлады, шөптерді жұлып лақтырды, бір жерді айнала берді, төрешілерге қайта-қайта шағымданды. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады дегендей, Стерлинг 86-минутта допты бос қақпаға соға алмады: «Қалай?!»

Оның өзі бұл турнирде жеңіске жету үшін тағы не істеу керек екенін білмейтін сияқты. Кеше Пеп негізгі үш ойыншысын шығарды, дәлірек айтсақ, тек қорғаныста ойнайтын ойыншылар - Ляпорт, Гарсия, Фернандиньо ("Реал Мадридпен" болған ойында Гарсия қосалқы құрамда қалды), бірақ бұл көмектеспеді.

Пептің осы шешімі туралы Крис Уоддл былай деді: "Гвардиола қолдарын жоғары көтеріп: "Мен кінәлімін", - деп айту керек. Ол қандай да бір себептермен әдеттегіден басқаша ойнауды шешті"

Жыл сайын осы әңгімелер мен шағымдарға төтеп беру үшін оған қандай күш керек екенін білуге ​​болады: "Ол "Барселона" және тики-така болмаса ештеңе істей алмайды".

Бұл жаттықтырушы - «Бавариямен» 7 және «Ситимен» 8 кубок жеңіп алды. Ұлы бапкер деп айтуға келеді ме? Меніңше, ия. Бірақ Чемпиондар лигасында 10 жыл бойы топ жарған жоқ.

Британдық газеттер жазып жатыр - осы жазда Гвардиола трансфер үшін тағы 300 миллион еуро алады. Ол өзіне не қажет екенін нақты біледі - «Реал Мадридпен» матч алдында да: «Егер Ман Сити Чемпиондар лигасын жеңіп алғысы келсе, біз қорғанысты жақсартуымыз керек», - деді. Аке қазірдің өзінде сатып алынған, Кулибалиді алу үшін қолынан келгенін жасауға дайын, және бір қапталда ойнайтын қорғаушы іздейді...

Бірақ бұл көмектесе ме? Бұл жерде тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар. Мессиге қоңырау шалу керек. Қазір Мессиді командаға шақыртудың сәті келіп тұр ("Бавариядан" жеңілгеннен кейін).

Айтпақшы, Гвардиоланың "Манчестер Ситимен" келісім-шарты келесі жазда аяқталады. Демек, оның тағы бір мүмкіндігі бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×