Хавьер Эрнандес: «Мен кәдімгі көк бұршақпын»

30.05.2011, 16:49
Хавьер Эрнандес:   «Мен кәдімгі көк бұршақпын»
Айтылар әңгіме көп. Шертілер сырлар қаншама. Мамыр айының аяғына таман дүниежүзі футболы бір желпінеді. Турнир біткеннің серкесі саналатын чемпиондар лигасының кубогы өз иесін табады. Биылғы финал тіпті ерекше. Доп тепсе жұрт айызын қандыратын қос клуб шешуші сынға жолдама алды. Бірінен бірі өтеді дей ме, тап сондай ойыншылар сап түзейді, ертең ағылшын жерінде. Жиырма жылдан бері Манчестер жігіттерін баптап жүрген Алекс Фергюссон мен Каталония өңірінде де жібі түзу жаттықтырушы өсіп-өнгенін паш еткен Пеп Гвардьолла арасында текетірес өтеді. Алғырлық алға шыға ма, әлде тәжірибе ала ма? Сауал көп. Жауап жиырма төрт сағаттан кейін табылады. Олай болса ойын алдындағы дүрбелеңді сүзіп шығайық. Хавьер Эрнандес: «Мен кәдімгі көк бұршақпын» – Мен «көк бұршақпын». Қасықтап аузыңа салсаң, қарын тойдырамын. Дарын бар екенін білемін, қарымға да иек артамын. Ойын алдында ой ақтару керек екен. Ақтарылайық. Жалпы, әңгімені жақсы көремін. Сөйлесе берсем деймін. Кісі талғамаймын. Жас па, кәрі ме, тіл табысып кетемін. Табиғатым сондай. Тілшіден қашатын футболшылар болады. Мен керісінше, кездесіп, жағдай сұраушылардың өзі жалыққанша әңгіме айтамын. «Чичарито», – деп жүрсіздер. Ол – әкемнен қалған мұра. Көзі жасыл болыпты. Туыстары «чичаро» атаған. Кезінде керемет спортшы болды, біздің елдің айтулы футболшысы. Лақап атына сол кезде серпін берілді. Үлкен-кіші Чичаро деп кетті. Оның баласы – мен, Хавьер Эрнандес. Бірақ Хавьер дейтін кім болсын. Кішкентай көк бұршақ емеспін бе? Әрине, Чичарито. Яғни, көк бұршақтың «баласы». Өзіме ұнайды. Әкеден балаға қалған мұра. «Манчестер Юнайтед» сапында жүргенімді ойласам, бақыттан басым айналады. Ағылшын клубында өнер көрсететінім емес, жалпы футболдан сырт қалмай, өзімше доп тебетініме қуанамын. Әйтпесе, анау бір жылдары ауыр жарақат алып, енді алаңға шықпайтындай сезіндім өзімді. «Спорттан қол үзуге тура келеді», – дегендер табылды. Үй-ішім уайымдады. Скауттар көзіне түскен кез. Тіпті Манчестерден де келіпті. Көрді, тексерді. Аздап күмәнданды да, әйтеуір келісім берді. Енді еңбек алға шығаратынын түсіндім. Жаттығу аяқталған соң да алаңда қалып жүрдім, шелектеп төгілген тердің қайтарымы бар ғой. Міне, сол күнге жеттік. Қазір жақсы команданың шабуылшысымын. Чемпиондар лигасының финалына жолдама алдық. Елдегі біріншіліктің бас жүлдесін де қоржынға салдық. Сэр Алекс Фергюссонды да мәңгі есте сақтаймын. Қиын-қыстау сәтте қолдады. Адамгершілігі мықты. Сөзіңді тыңдай біледі, сырыңды ақтарсаң да ұғады. Өзі өмірдің шындығы ғой, жұмысқа бейіліңмен жегілсең, нәтиже көп күттірмейді. Құдай бізге бой берген жоқ. Ой берді. Саналыға сыбаға мол. Енді «Уэмбли» төріндегі бәсеке. Сөз жоқ, бүгінгі таңдағы шын мықтылар жарысқа түседі. «Барселона» да бізге лайық қарсылас. Несі бар, жеңіске жетіп жатсақ, жарадық. Эрик Абидаль: «Қатерлі ісіктен кейін қайтып оралу оңайға соқпады» «Барселона» қорғаушысы Эрик Абидальдың «Ноу Кампқа» қайта шығуы адам сенбес оқиға іспетті. Екі-үш ай бұрын ауыр науқасқа шалдығып, өмір кешуінің өзі неғайбылдау болып, футбол әлемі тасқамал қорғаушыдан көз жазып қалу каупіне душар болған. Бауырынан қатерлі ісік табылған Эрикті қолдауға ұмтылғандар Абидаль әулетімен біте қайнасты. Ем-дом қонып, ол чемпиондар лигасының жартылай финалында өнер көрсетті. «Реалға» қарсы ойнаған Абидаль «Уэмблидегі» кездесу қарсаңында ағынан жарылды: – Алаңда небары екі минут жүрдім. Сол жүз жиырма секундтың маған қанша қымбат болғанын білсеңіздер ғой. Матч аяқталған соң командалас достарым мені құшақтап: – «Барселона» бүгін екі бәйгені қатар байлады. Бірі – Реалды ұтып, финалға жолдама алғанымыз, екіншісі – Эриктің оралуы», – десіп шаттанды. Менің де бақыттан басым айналды. Мазасыз күндер мен ұйқысыз түндер артта қалды. Қатерлік ісіктің бар екендігі анықталған соң зәрем ұшты. Тағдырымды бір құдайға тапсырдым. Жазуы сондай. Шара не? Әрине, дүниенің төрт бұрышынан хаттар ағылды. Достар көп екен, бәріне алғыс айтамын. Абидальсыз да аяқдоп шарықтай береді ғой. Әлгі бір еңбегімізді елеп, қолдау көрсеткендердің игі істері жүрегімде сақталды. Жерар Пике құшақтап жатыр, Хавьер Эрнандес арқадан қағады. Бәрі, бәрі қаумалап алыпты, «Реалды» сен ұттың деседі. Басымды изей бердім. Енді «Уэмблиге» дайындалу керек. Жігітке жігер керек. Бас бапкер ойынға жұмсаса, дайын жүрейін. Қазір күні-түні жаттығамын, күшім толып келеді. Баяғы бір бабыма енсем, шіркін. Құпиямды ашайын, Франция сапында «Уэмблиде» ойнадық. Сонда киім ауыстыратын бөлмеге: «Дәм тартқан күні қайта ораламын», – деп жазып кеттім. Неге екенін өзім де білмеймін. «Барселонамен» чемпиондар лигасының бас жүлдесін ұтып алуға келеміз деп ойладым. Мүмкін, дәл сол бөлмеде киім ауыстыруға тура келетін шығар. Жігіттерге көрсетемін. Қуанып қалсын. Бала кезімнен армандап едім, «Барселона» сапында ойнасам деп. Арманыма жеттім, кубок алдым. Елге танылдым. Сырқаттанып қалдым. Айықтым. Оған да шүкір. Анадай науқастан кейін алаңға оралу оңай шаруа емес. Бірақ сенім алып шығады. Бұл да шындық. Жерард Пике: «Манчестерде тұрақтай алмағаным... о баста «Барса» болды таңдағаным» – Кезінде «Манчестер Юнайтед» сапында жүрдік. Он жеті жасымда барыппын. Оң-солды тани бермейтін шақ. Білікті маман сэр Алекс Фергюсонның тәрбиесінде болдық. Жиырма бір жасқа дейін шыңдалдық. Тәжірибені де молынан жинадық. Әлемнің айтулы футболшыларымен бірге жаттығып, футболдың қыр-сырын әбден меңгердік. Криштиану Роналдо, Уэйн Руни, Рууд ван Нистелрой секілді саңлақтармен бірге дайындалдық. Ағылшын ойыншылары жайында қаңқу сөз көп. «Тойлатып жібереді, ұрттап қояды», – дейтіндер бар ғой. Онысын қайдам, ойынға келгенде олар ерекше белсенеді. Шаршауды білмейді. Өйткені көп жаттығады. Қара күшті келістіріп жинаған. Премьер-лиганың кез келген матчы тартысқа толы. Соны зерттегендер бар ма? Сауатты дайындықтың жемісі ол. Ағылшын футболын мақтап отырмыз. Демек, Манчестерге өкпе жоқ. – Онда неге жүре бермедіңіз? – Ол біздің жарым көңіл кезіміз екен. Ауылдан алысқа ұзап шықпаған шақ. Бала болдық. Мұртымыз енді тебіндеген. Туыс жоқ. Туған жоқ. Жалғыз өзің. Дос-жаранға да кедей екенбіз. Оның үстіне, ойын уақыты аз бұйырады. Рио Фердинанл пен Неманья Видич тұрғанда біз секілді орталық қорғаушыға орын табыла ма. Рио-Видич жұбы жақын арада ешкімге дес бермейтіні анық еді. Сэр Алекс жайлы пікірім айтылды. Адамгершілігі мол, кісінің жайын айтқызбай біледі. Қазір қарап отырсам, ол менің нағыз қамқоршым болыпты. «Барселона» ұсыныс жасағанда бас бапкерге жолықтым. Ұзақ тыңдады. «Өкініп қалма», – деді. Әркім үйіне оралуды ойлайды, менің де туған қала, өсіп-өнген командама қайтқым келді. Өз үйің, өзгенің керегі не. Каталониядағы футболдың да өрісі кең, талантыңды ашуға толық мүмкіндік бар. Оның үстіне, Пеп бапкер болды. Өзіміздің Гвардьолла. – Тіл табысу оңай ма екен? – Әрине, сырымызға қанық. Қос бапкердің ұқсас тұстары басым екен, оны да байқап жүрмін. Екеуі де шәкірттерін керемет қайрайды. Тек қана футбол. Жеңіске ұмтыласың. Футболды бапкердің бәрі түсінеді, бәрі де біледі. Бірақ сэр Алекс пен Пеп Гвардьолла секілді қайрақ-жаттықтырушылар тым аз. – Әсіресе, Гвардьолла сізге сенім артады. Мысалы, чемпиондар лигасында он екі ойын өткізсе, соның он бірінде өзің алаңға шықтың. – Реті солай келген шығар, әйтпесе маған ала-бөтен бүйрегі бұрады деуден аулақпын. – Финалда кімдер ойнайтын сияқты? – Бапкердің құзырындағы шаруа ғой. – Жарайды, олай болса алаңға шығуы ықтимал он бір ойыншыға баға беріп көрші. – Келістік. Қақпада – Виктор Вальдес. «Барселонаның» бағына біткен жігіт. Әсіресе, аяқпен тамаша ойнайды. Алынбас қамал секілді. Қорғаныста – Дани Алвеш. Жүгіруден жалықпайды. Өте жылдам. Алға шығуды да қатырады. Өз қызметіне де адал. Карлес Пуйоль. Айтпай-ақ ұғысамыз. Бір-бірімізді қас-қабақтан танимыз. Орталық қорғаушы Пуйольдай болсын, алып-қосарым шамалы. Эрик Абидаль. Бәрімізді бір қорқытты. Арамызға оралды. Ондай ойыншыны жарық күнде шаммен іздеп таба алмайсың. Ортада – Серхио Бускетс. Басы қатты істейді. Пас ұсынуға әбден төселген. Допты тоқтатуы керемет. Андреа Иньеста. Оның қолында сиқырлы таяқ бар. Ең керек кезде гол соғады. «Стэмфорд Бриджде» тоқсан төртінші минутта мергендік танытты. Әлем чемпионатының финалында гол соқты. Ондай доптары тіпті көп. Хави Эрнандес. Әй, ол секілді футболшы жоқ-ау, сірә. Шеберлігіне шек келтіре алмайсың. Педро. Команда сапына қосылғалы үш жыл өтті. Қазір ысылып алды. Негізгі құрамнан орын сұрайды. Және сенімді ақтап жүр. Мессиді мақтаудың керегі не. Алаңға шықса жетіп жатыр «шаруасы» шыр айналып жүре береді. Давид Вилья. Биылғы біріншілікте он тоғыз гол соқты. Шабуылды ширататын да – сол. Абидальды айттым, киім ауыстыратын бөлмеде Эриктің ғана дауысы шығып жатады. Жұртты қыран-топан етіп, күлкіге көмеді де жүреді. – Сосын Пике. – Иә, сол жігіт бар ғой. Ұмытып кетіппіз. Барымды саламын, ол – анық. «Көңілді ойыншы», – деп жазыңыздар. Шыным сол. Райан Гиггз: «Тізімді сэр Алекс жасайды. Алайда менің де айтар сөзім бар» – Райан мырза, ойын алдында негізгі құрамнан орын алатын он бір жігітті атасақ деп едік. – Менен қандай ақылшы шығар екен. Жалпы құрамды бас бапкер сэр Алекс Фергюссон анықтайды. Бізден де бір пікір болсын десеңіз, кейбір ойыншыларды түстеп берейік. – Қақпада – Эдвин ван дер Саар. – Мен де солай ойлаймын. Қорғаныста – Рио Фердинад пен Неманья Видич. Екеуі де мықты ойыншылар. Қатар жүргенде тас қамалға айналады. Оларды айналып өту талайларға мұң. – Қапталды қайтеміз? – Патрис Эвра мен Фабио лайықты. Әсіресе, Бразилия өрені өткірдің жүзіндей. Эвра байсалды ойыншы. Екеуі де шабуылға барып қайтуды парыз санайды. – Жартылай қорғаушыларға тоқталайық. – Бірінші кезекте Валенсияның жарақатынан айыққаны дұрыс болды. Кәріс Пак Джи Сунның жұлдызды шағы. Тұтас құрлықтың намысына шауып жүр. Ойлы ойыншы. Жоқ жерден гол соғып кетеді. Өзі тапқыр. Майкл Кэррик те керек футболшы. Ол алаңда жүргенде көңіл тоқ. Мүлде қателік жібермейді. Допты да ойланып барып тебеді. – Райан Гиггз ше? – Ол кәрі «қасқыр». Берерін беріп болды. Зейнетке кете берсін... – Шабуылшылар Уэйн мен Хавьер ғой. – Руни – нағыз спортшы. Еңбекқор. Команда тығырыққа тірелгенде, иығын тосады. Хавьер Эрнандестің де көсілер шағы. Осы жігіттерге таңдау түссе талайлардың апшысын қуырамыз. Ел күткен ойын ғой, финалдың тартысты өтетініне біз кепіл болайық.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×