Иек астында – жаңа маусым

25.02.2011, 19:20
Иек астында – жаңа маусым

Еліміз футбол клубтары жаңа маусымға дайындық барысында жолдастық кездесулер өткізуде. Алдағы біріншіліктің қарсаңында бапкерлердің өз командаларының шама-шарқын бағамдап қалуға асығары анық. Өйткені енді сегіз күннен кейін Қазақстанның 20-чемпионаты басталады. Ал 2 наурыз күні Астананың «Локомотиві» мен ел чемпионы Қостанайдың «Тобылы» Суперкубокты сарапқа салады.

Өткен жылы Қазақстан кубогын олжалаған «Локомотив» биылғы бәсекелерге тыңғылықты дайындалуда. Команда сапы бірнеше тәжірибелі ойыншылармен толыққаны көпке мәлім. Олардың арасынан, әрине, бірінші кезекте «Тобылдың» бұрынғы капитаны Нұрбол Жұмасқалиевті атауға болады. Міне, ұзақ жылдар бойы Қостанай футболын алға сүйреген шебер енді 2 наурызда өзінің сүйікті командасына қарсы тұрады. Суперкубок кездесуінің бәсін осы жайттың өзі-ақ көтере түсері сөзсіз. Маусымаралық үзіліс кезінде құрамды күшейткен «Локомотив» Түркия жерінде Арменияның бетке ұстар клубтарының бірі «Бананцпен» жолдастық кездесу өткізді. «Теміржолшылардың» ресми сайты хабарлағандай, ойынның бірінші кезеңінде астаналықтар қарсыластар қақпасына екі бірдей жауапсыз гол соқты. Олардың авторлары - Дмитрий Шомко мен Нұрбол Жұмасқалиев. Өткен жылғы Армения чемпионатының күміс жүлдегері «Бананц» тек екінші кезеңде ғана жауап гол енгізіп, есеп айырмасын қысқартты. Кездесу 2:1 нәтижесімен қорытындыланды. Бұның алдында «Локомотив» Белоруссия чемпионатының Жоғары дивизионында өнер көрсететін «Витебск» командасымен кездесіп, 1:1 есебімен тең ойнаған еді. Ол матчта да астаналықтардың жаңа ойыншысы Нұрбол Жұмасқалиев гол соққан болатын.

Ал Қостанайдың «Тобылы» Босния және Герцеговина жерінде кезекті ойынын өткізді. Равиль Сабитов жаттықтыратын ұжымның бұл жолғы қарсыласы жергілікті «Мостар» командасы болды. Кездесу барысында қонақтар 4:1 есебімен ірі жеңіске жетті. «Тобылдың» сапында Юрин екі рет мергендік танытса, Волков пен Богданов та бір-бір голды еншілеріне жаздырды. «Тобыл» футбол клубының ресми сайты мәлімдегендей, бас бапкер Равиль Сабитов бастаған мамандар Босния және Герцеговина, Чехия, Сербия елдерінің бірнеше ойыншыларын сынақтан өткізуде. Олардың кейбірімен келісімшартқа қол қойылып қалуы да мүмкін. Еліміз чемпионатында тек чемпиондық атақ үшін бәсекеге түсуді дәстүрге айналдырған «Ақтөбе» Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Владимир Мухановтың тәліміне сүйенетін команда Мәскеу маңының «Химки» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 0:1 есебімен ұтылып қалды. Осы ойыннан бұрын ақтөбеліктер Украинаның Кривой Рог қаласынан келген «Кривбасс» командасымен де тең бәсекелескен-ді. «Ақтөбе» ол кездесуде бірінші болып гол жіберіп алғанымен, соңғы минуттарда Сергей Лисенковтың арқасында таразы басын теңестірді. Бүгін ақтөбеліктер Минскінің «Динамосымен» шеберлік байқасатын болады.

Қарағандының «Шахтеры» да дайындығын Түркияда пысықтауда. «Кеншілер» мұнда Белоруссияның Солигорск қаласының «Шахтерымен» бәсекелесті. Қос «Шахтердың» ойыны 0:0 есебімен тең аяқталды. Қарағандылықтар матч барысында допқа көбірек иелік еткендерімен, бірде-бір нәтижелі соққы тіркей алмады. Яғни «Шахтердың» бас бапкері ресейлік Виктор Кумыковтың шабуыл шебін күшейту мәселесі төңірегінде бас қатыруына тура келмек. Кереку өңірінің «Ертісі» де Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында Ресей Премьер-лигасының өкілі - «Томь» клубымен кездесті. Бұл матчта да қарсыластар бір бірлерінің қақпаларына гол соға алмай тарасты. «Ертіс» бұдан бұрын да қос ойын өткізіп, екеуінде де жеңіліп қалған болатын.Талғат Байсуфинов жаттықтыратын команда алдымен Ресейдің Брянск қаласының ұжымы «Динамодан» 0:1 есебімен ұтылса, одан кейін дәл осындай нәтижемен Белоруссияның «Динамосына» (Брест қаласы) жол берді. Маусымаралық үзіліс басталғалы бері, «Ертіс» 11 кездесу өткізіп, 6 рет жеңді, 1 рет тең түсіп, 4 рет ұтылды. Оралдың «Ақжайығы» Белоруссияның «Торпедосымен» (Жодино қаласы) шеберлік жарыстырып көрді. Анадолы жеріндегі бұл кездесуде жалғыз гол соғылып, «Ақжайық» қарсыласына есе жіберіп алды. Оралдық клуб Түркиядағы оқу-жаттығу жиынын 3 наурыз күні аяқтайтын болады.

Шалқар ЕСТЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×