Қарағандылық "Шахтердің" қақпашысы Игорь Шацкий Қазақстан құрамасының FIFA Series турнирі аясында Комор аралдарына қарсы өтетін алдағы матчы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Тәжірибелі қақпашы құраманың соңғы кездесулерін жіті қадағалап отырғанын және әріптестері үшін қуанышты екенін жеткізді.
"Намибиямен болған ойынды көрдім, жігіттер үшін өте қуаныштымын. Олардың әрқайсысын жақсы танитын болғандықтан, әрдайым тілеулеспін. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық ойыншыларға үлкен сәлем жолдаймын.” — деді қақпашы Sports24.kz сайтына берген сұхбатында.
Сұхбат барысында Шацкий өзінің ұлттық құрамадағы алғашқы қадамдарына жол ашқан маман Талғат Байсуфиновке алғысын білдірді. Оның айтуынша, дәл осы маман оған сенім артып, бас команда сапында дебют жасауға мүмкіндік берген.
Ол бапкерлер штабының алдағы ойынға дұрыс талдау жасап, футболшылардың қойылған міндетті мүлтіксіз орындайтынына сенімді.
“Астана Аренада” өтетін матч бүгін сағат 17:00-де басталады.