Иоахим ЛЕВтің айтпағы не?

26.03.2013, 23:39
Иоахим ЛЕВтің айтпағы не?

Иоахим Лев Қазақстанға келер алдында неміс баспасөздеріне сұқбат берді. Онда ол Қазақстан, Сан-Марино, Андорра секілді карлик ұжымдарға бөлек турнир ұйымдастыру керек деген болатын. Осы пікір Еуропа мамандарының иаузынан осының алдында да шығып жүрген еді. Әсіресе үлкен төрттікке мүше елдердің бас бапкерлері айтып жүрді. оларды түсінуге болады. Футболшылар үнемі чемпионатта, жарақат, арлы берлі ұшып жүру барлығы да аяқдопшыға әсер ететіні түсінікті. Германия, Испания, Англия секілді командалар біздің құрамамен ойнау кезінде қос матчтан 6 ұпай алатындарын жақсы біледі. Оны біз де тамаша ұғынамыз. Олардың басты мәселелері онсызда әлгіндей қым-қуыт жағдайда жүрген футболшыларын қинай бермеу. Енді ойлаймыз ғой Қазақстан сонда Андорра мен Сан-Маринодан еш жері артық болмағаны ма деп? Негізі олардан артықшылығымыз бар.

Мысалы Андоррамен ойында біз өзімізге тиесілі деп санаған 6 ұпайды еншіледік. Сөз жоқ. Бірақ, сол 6 ұпайымыз, Андорраға салған голдарымызды Германия мен Испания секілді командалардың керек қылмасы анық.

Оларға бұл нәтижеден келіп кетерпайда аз. Грандтарға бір сөзбен айтқанда ол нәтижеміз түкке тұрғысыз. Андорраны 31-1 (Сейшел аралдарын осындай есеппен ұтқан Австралия секілді) қылып жеңсек те өз алаңымызда Германиядан міндетті түрде ұтыламыз. Өзге ойынның нәтижесін ойлау қиындау.

Қазақстандық жанкүйерлерді күйіндіріп бара жатқан осы мәселеге тоқталсақ. Андорра мен Сан-Марино, Лихтенштейн мен Люксебург секілді командалар қатарына біздің кіруіміздің себебі - географиялық орналасуымыз. Астанаға немесе Алматыға ұшып келіп-кету олар үшін өте қиын шаруа. Үш ұпайды алатыныңды жүз пайыз біліп тұрып 10 мың шақырымнан астам жерді әуеде ұшып жүру - кейде психологияға да әсер етені белгілі. Ал әлгі бізден өзге құрамалар географиялық орналасуы жақсы болғанымен, бізге қарағанда, олармен футбол ойнаудың әзірге ешбір мүмкіндігі жоқ. Бұл жерде футбол дегенде терезесі тең, тартысты матчты айтып тұрмыз. Олармен болған кездесулер футболды сценариі жазылған спектакльге, немесе оқу жаттығу жиыны аясындағы жолдастық кездесуге теңейді. Бұл да футбол деген құдіретті ойынның қадірін кетірумен тең.

Левтің ойы түбінде одан да күрделі. Рейтингтің терең түбіндегі тоғыз команданы бөлек турнирге жіберу. Солардың арасынан жеңіп шыққан екі немесе үш команда іріктеу турнирінің жеребесіне қатыссын. Негізі екеу болғаны дұрыс. Сонда қайтадан 5 командадан құралған 9 топ қалады. Ал одан кейін турнирдегі әрбір матч қызықты өтеді деп болжамдайды.

Әрине мұның барлығы еуропалық бапкерлердің долбары. Оған көне қояйын деп отырған Уефа жоқ. Дегенмен, Уефа мүшелері кезінде елімізге келгенде әдемі, халықаралық стандарттарға сай стадиондарыңды Батыс аймақтарыңызға салуға тырысыңыздар деп кеңес берген. Орал, Атырау, секілді қалаларды айтып отырмыз бұл жерде. Сол кезден бері осы географиялық орналасу мәселесі сөз болған. Неге біз үнемі Еуропаның ығына кетіп, Уефаның айтқанын заң ретінде қабылдай беруіміз керек деген сұрақ туындайды. Оған жауап біреу - УЕФАсыз ешқайда кете алмаймыз, солар ұсынған бағдарлама арқылы ғана біз тығырықтан шығар жол табамыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, деңгейді көтеруіміз керек. Ұлттық құраманың ойыны көрген көзге көрікті болуы тиіс. Арно Пайперстің кезіндегі 10 ұпайды қайтадан алуға тырысуымз керек. Біз сол кезден бері 5 немесе 6 себеттің ортасында жүрміз. Тобымызда үнемі Сан-Марино мен Андорра, немесе бізден төмен саналатын Люксембург, Лихтенштейн, Эстония секілді командалар болуы үшін қазірден бастап ұпайды көбірек алуымыз керек. Сонда ғана біз 5-немесе 4 себеттен іріктеудің жеребесіне қатысқанда ғана әлгі айтылғандарды жеңіп, немесе олардан көбірек ұпай жинап, дамудың өзге белесіне шығамыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×